Қасиет қонған ұлы мекен Ақтөбе

Адам өткенін жақсы білмесе, болашаққа нық қадам баса алмайды. Тәуелсіз ел ретінде өткенімізді зерттеу, бұл күнге қалай келгенімізді, кімдердің арқасында жеткенімізді білу біз үшін өте маңызды. Қазақстан — Еуразиядағы ежелгі өркениетті жер. Көп ғасырлар бойы Қазақстан жерінде ұлы хандықтар мен мемлекеттер өмір сүрді. Қазақ халқының тарихы дүниежүзілік өркениетте маңызды орынға ие. Құс қанаты талатын даламыздың әр тасы тарихқа тұнып тұр. Сондықтан келешекке бағдар алу үшін өткенді електен өткізіп, зерделеу сіз бен біздің міндетіміз. Осынау кең байтақ даламызда сіз бен біз білмейтін тылсым құпиялар әлі де көп екені анық. Сол үшін де бүгін төменгі жақта сіз білмеген Ақтөбенің тылсым тарихи орындары туралы айтатын боламыз.
Ақтөбе облысы Қазақстан Республикасының солтүстік-батысында орналасқан Батыс Қазақстан өңіріндегі ірі әкімшілік бірлестік. Жалпы жер көлемі 300 мың км 2. Ақтөбе облысы батысында Атырау және Батыс Қазақстан облыстарымен, солтүстігінде Ресей Федерациясының Орынбор облысымен, солтүстік-шығысында Қостанай облысымен, шығысы мен оңтүстік шығысында Қарағанды және Қызылорда облыстарымен, оңтүстігінде Қарақалпақстан автономиясымен (Өзбекстан Республикасы) шектесіп жатыр.
Еліміздің солтүстік-батысында орналасқан бұл өлке білім мен ғылымның ордасы саналады. Ұлттың ірі мәдени орталығы деген атау да осы өңірге тиесілі. Расында Әйтеке би мен Әбілқайырдай, Қазанғаптай күйші мен Қобландыдай батырды тудырған мекенге қандай мақтау айтса да жарасып жатыр. «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында бұл өңірден республикалық маңызы бар киелі орындар тізіміне 23, ал жергілікті маңызы бар қасиетті орындар тізіміне 57 нысан енген. Барлығын бір мақалада жазсақ журнал беттеріне сыймайды, достар. Енді соның кейбіріне тоқталып кетейін.

Абат-Байтақ қорымы

Абат-Байтақ қорымы Ақтөбе облысы, Қобда ауданы, Талдысай елді мекенінен 12 км жерде орналасқан. Зират сәулетті – жоспарлық және көркем өнер шешімімен ерекшеленетін әртүрлі мемориалдық құрылыстардан тұрады. Зираттың ортасында 9,52×9,8 м көлемді, екі бөліктен тұратын 11 қырлы дағыра мен конустық күмбезді Абат – Байтақ кесенесі орналасқан. Кесене күйдірілген кірпіштен салынған. Ішкі қаланған қабаттарда қаттама кірпіш қолданылған. Кесенеге жақын жерде XVIII ғасырда Абат – Байтақ кесенесіне ұқсас шитті күйдірілмеген кірпіштен салынған басқа кесене орналасқан. Халық арасында оны «Қыз моласы» немесе «Әулие Қыз» деп атайды. Кесенеден батысқа қарай қашаулы стелалы тастармен өрнектелген, XVIII-XX ғасырларға салынған 200 құлпытастар орналасқан. Құлпытастар композияциялық және сәндік шешімдердің әр түрлілігімен ерекшеленеді. Осы ретте 1848 жылы салынған құлпытас қашау шеберлігімен таң қалдырады. Кейбір көлемді – сәндік элементтер ағашты ою әдісімен жасалған.1893 жылы әйгілі құмдауыт блоктарынан ойып салынған құлпытас сирек кездесетін түрге жатады. Абат – Байтақ ескерткішінде қазақ тілінде арабша графикалық құлпытас жазуымен тамға ойып жазылған.

Жаманшың метеорит кратері

Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданындағы Жаманшың кратерінің 1 миллион жылдық тарихы бар. Ғалымдардың болжамы бойынша бұдан 700 мың жыл бұрын осы Жаманшыңға алып метеорит түскен. Сол он мыңдаған мегатонна бомбаның қуатындай жарылыстан тереңдігі 700 м, диаметрі 5,5 шақырымға созылатын шұңқыр пайда болған. Жарылыс төңірегіндегі қысым жүздеген килобарға, температура бірнеше мың градусқа жеткен. Осының нәтижесінде импактит, тектит (иргизит) жыныстары пайда болған. Бұл екі породаның жер бетінде бір жерден табылуы алғашқы рет Жаманшың кратерінің үлесіне тиіп отыр. Жаманшың – аяқ астынан тасқа айналған ұлулар мен кораллдарды, сонымен қатар шығу тегі жөнінде ғалымдар жүздеген жылдар бойында дауласып келе жатқан қара не қою-жасыл түсті шыны тәріздес тектиттерді кездестіруге болатын өте ерекше жер. Біреулері тектиттер – бұл жарылыс кезінде жер жынысының қайта балқытылған түрі десе, енді біреулер дәл осы заттар комета ядросының құрамдас бөлігі болып табылады деп ойлап, бұл заттардың кенеттен пайда болуымен келіседі. Дегенмен де, тектиттерді жер бетіндегі ең жұмбақ тастар деп санауға болады, себебі химиялық құрамы жағынан олар жердегі және жерден тыс жалпыға мәлім заттардың ешқайсысына ұқсамайды.

Қобыланды батыр мемориалдық кешені

Қобыланды батыр мемориалдық кешені Қобда ауданы, Жиренқопа ауылында орналасқан. Қобыланды батырға арналған мемориалдық кешен 2007 жылы 8 қыркүйек күні ашылды. Мемориалдық кешен орнатылған жерде ежелден Қобыланды батырдың моласы болған. Кешеннің сәулетшісі – Бек Ибраев. Кешеннің құрамына Қобыланды батырға арналған мазар (пішіні батырдың дулығасы сияқты, оның биіктігі айшығына дейін қосып есептегенде- 16 м 89 см, диаметрі 16 метр), пішіні садақ сияқты ғимарат (онда батырға арналған «Данқ» бөлмесі және қосымша қызмет бөлмелері орналасқан) және бірнеше белгі тастар кірді. (Олар 1996 жылы орнатылған табиғи 2 тас, 2006 жылы қайта жерленгенде қойылған арнайы белгі тас және Қобыланды батыр табынған, сыйынған қасиетті деп есептеген меңгір тас – «Қайрақ тас»).

Ойсылқара қорымы

Ойсылқара қорымы 18-20 ғғ. Хромтау ауданы, Хромтау қаласынан 35 км оңтүстік оңтүстік-шығысында орналасқан. Ойсылқара қорымы — Ақтөбе облысы, Хромтау ауданындағы ең ірі мемориалды-діни кешен болып табылады. Қорымның эпонимі әулие, түйенің және түйе шаруашылығының пірі — Ойсылқара болып саналады. Бұл кешен XVIII-XX ғ.ғ. басына жататын жалпы алаңы 100х170 м, шығыстан батысқа қарай созылған 150 бейіт орналасқан дәстүрлі ескерткіштерден құралған көне қорым болып табылады.

Төлеубұлақ үңгіріндегі петроглифтер

Төлеубұлақ үңгірі Егіндібұлақ ауылдық округі аумағындағы Төлеубұлақ қыстағынан солтүстікке қарай 1,5 шақырым жерде орналасқан. Мұндағы петроглифтерді 2000 жылы Қазақстан – Ресей бірлескен экспедициясы ашты. Экспедиция құрамында Ресей Ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, белгілі археолог А.П. Деревянко (жетекші), профессорлар – Ж.К. Таймағамбетов, В.Т. Петрин, т.б. болды. Ғалымдар Мұғалжар ауданы аумағындағы тас дәуіріне тән көне қоныстарды анықтап, ғылыми айналымға енгізді. 2006 жылы мұнда белгілі археолог З. Самашев та зерттеу жүргізген.

Досжан ишан мешіті

Досжан ишан мешіті Темір ауданында орналасқан. Досжан ишан — Қазақстанның батыс өңірінде ислам дінін таратуға өлшеусіз үлес қосқан, осы жолдағы қызметі, білімі, жеке басының қадір-қасиеті арқылы халық арасында зор құрметке бөленген тұлға. Тарихта ол батыс аймақ қазақтарының қажылық сапарын ұйымдастыру, әйгілі Құнанбай қажымен бірге Меккедегі тәкие үйін салдыру, туған өлкесінде мешіттер салдырып, медресе ашып, бала оқыту, сондай-ақ ХІХ ғасырдың 80-жылдарында патша үкіметінен «қазақтар үшін бөлек мүфтилік» талап ету ісін ұйымдастыру секілді. қайраткерлік істері арқылы қалды.

Есет – Дәрібай Көтібарұлының кесенесі

Есет – Дәрібай Көтібарұлының кесенесі Шалқар қаласынан 65 км жерде орналасқан. Есет – Дәрібай кесенесі – XIX ғасырда өмір сүрген халық батыры Есет Көтібарұлына (1803-1889) тұрғызылған ескерткіш. Ұлттық нақышпен 1993 жылы қайтадан салынды. Кесене құбылаға қарағанда оң жағындағысы інісі Дәрібайдың тамдарынан тұрады. Осы екі тамның ортасында биік шырақ мұнарасы бар. Бұлардың аумағына тас төселген. Әрбір там жанында құлпытастар орнатылған. Есет пен Дәрібай тамдарының әрбіреуінің сыртқы өлшемі 7х7 м, ішкі өлшемі 6х6 м, биіктігі 8 метрден. Олардың бірінші деңгейі 4 метр биіктікте, одан жоғары 4 метр биіктікте мазардың күмбезі бар. Екі тамның ортасындағы мұнараның биіктігі 16 метр. Мұнара бойындағы мрамор тақтаға сол кездегі тарихи тұлғалардың аттары жазылған. Кесене республикадағы тарихи ескерткіштер қоғамының есебіне алынды. Кесене басында шырақшы тұрады. Ақтөбе облысындағы туристік бағдарға енгізілген. Есет әулие басына барып түнеушілер көп.

Исатай батыр, Досжан ишан өсиет қалдырған, Әбілқайыр хан, Қобыланды батыр рухымен дамыған өлкенің қасиетті жерлерін бір мақалаға сыйғызу мүмкін емес. Дегенмен қолымыздан келгенше Ақтөбе өңірінің тылсым тарихынан бір үзігін ұсынуға тырыстық. Осы қасиетті тарихи мекендерді келесі ұрпаққа аман-есен жеткізу сіз бен біздің міндетіміз.

Есбол Мухамметханұлы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *