Ойылда туып, Темірде оқыған ұлт ұстазы

 

????????????????????????????????????

Айдарымыздың кейіпкері қазақ тіл білімінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан ғалым Рәбиға Сәтіғалиқызы Сыздықова болмақ. Жас ұрпаққа өнеге болар ғалым ұл-қыздарға елді, халықты сүюдің керемет үлгісі екені мәлім.

 

Сан қырлы ғалым

Қазақ тіл ғылымының көрнекті өкілі, филология ғылымдарының докторы, профессор, академик Рәбиға Сыздықованың қазақ тіл біліміндегі алатын орны айрықша. Қазақ лингвистикасы ғылымы өзінің даму тарихында түрлі көзқарастар мен ғылыми тұжырымдардың, теориялар мен зерттеулердің куәсі болған. Сондай дәйекті тұжырымдар мен ғылыми зерттеулердің авторы, қазақ тіл ғылымында ғана емес, ұлт психологиясын дамытуда, болашақ ұрпақты тәрбиелеуде, жалпы қазақ халқының ұлттық болмысында өзіндік қолтаңбасы мен өрелі биіктігі бар Рәбиға Сыздықова – ғалым ретінде де, адамдық болмысы жағынан да қайталанбас тұлға. Академик тынымсыз ізденісі арқылы тіл ғылымының өзекті мәселелері қатарында аталатын әдеби тіл нормалары мен олардың қалыптасу ерекшеліктері, тіл мен сөйлеу мәдениетінің нормативті қалыптары, жазу мен емле заңдылықтары, Қ. Жұбановтың қазақ тіл біліміндегі орны, А.Байтұрсынов және тіл білімі мәселелері, лингводидактика және қолданбалы лингвистика, Абай тілінің ерекшеліктері, түркітану мәселелері, тарихи лексикологияның негізгі қырлары, көркем мәтін лингвистикасы және оны талдау, тіл білімінің жаңа бағыттары, қазақ тілінің синхрондық және диахрондық жағдайы, тілдегі мақсатты-стильдік саралану секілді тілдік проблемаларды көтеру арқылы жалпы теориялық және практикалық тұрғыдан маңызды тұжырымдардың жасалуына ат салысты.

Балалық, жастық шағы

Рәбиға Сыздықова 1924 жылы 17 тамыз айында Ақтөбе облысының Ойыл қалашығында дүниеге келген. Әкесі Сәтіғали Құтқожин төңкеріске дейін орысша оқыған, көкірегі ашық адам болған. Балаларын қазақ мектептерінде оқытып, қазақи тәрбие берген. Әкесі “Алаш” құрамында болғандықтан ұсталып, “халық жауы” деген жаламен атылғанда кішкене Рәбиға он үш жаста еді. Анасы Жеміс пен әкесінің Еркінғали інісі оған қамқор болды.
Рәбиға апамыз Ақтөбе облысындағы Темір педагогикалық училищесінде оқыған. Бақытжан Алтыбаев деген ұстазы оның қалыптасуына игі әсер етті. Аталмыш училищені 1940 жылы үздік аяқтаған соң Алға елді мекенінде мұғалім болып жемісті қызмет еткен. Кейін Темір, Ақтөбе қалаларында мектептерде ұстаздық қызмет атқарды. Ақтөбедегі екі жылдық мұғалімдер институтын үздік аяқтапты. Болашақ ғалымды арманы үлкен қалаға – Алматыға бастап алып келіп, ол Абай атындағы ҚазПИ-дің 3-курсына оқуға қабылданған. 1947 жылы осы оқу орнын аяқтап, сол білім орнының аспирантурасына түсіпті. Мұхтар Әуезов: «Ол бір өте ақылды, мәдениетті жас», — деген екен.

Ғылым жолында

Ғалым 1957 жылы Ғылым академиясының Тіл білімі институтына ғылыми қызметкер болып орналасқан. Көп жылдар бойы халқымыздың мақтанышы – Абай шығармаларының тілін тиянақты зерттеді.
Рәбиға Сыздықова – сөз тарихына, сөз әсемдігіне, сөз сазына, әуеніне, қолданылу мәдениетіне терең бойлап, білгірлікпен талдау жасаған сирек талант, ірі ғалым. Сөздің мәнін ашу, көне жазбалардағы сөздердің қалай қолданылғандығын анықтау зор жауапкершілікті, ұқыптылықты, төзімділікті қажет етеді. Профессор бұл қиындықтарды сезіп, біле тұра тіл тарихын зерттеуге ерекше ден қойды. «Қазақ әдеби тілінің тарихы (ХV-ХІХ ғасырлар)» атты еңбегінде сан ғасырлық тарихы бар, миллиондаған адамдарға қызмет етіп отырған, мемлекеттік мәртебеге ие болған қазақ тілі сияқты ірі тілдің тұтас бес ғасырлық тарихын таныту үшін, оның белгілі бір кезеңдердегі күй-қалпын сипаттау, жеке ескерткіштердің тілін талдау, функционалдық стильдерінің пайда болып, әрі қарай қалыптасуын зерттеу, жеке қаламгердің үлесі мен рөлін көрсету сияқты жұмыстардан бастап, әдеби тілдің өзінің статусын айқындау, даму кезеңдерін дәуірлерге бөлу, әр кезеңдегі даму принциптері мен бағыттарын дұрыс табу тәрізді қыруар мәселелерді шешіп алуға айрықша қажыр-қайрат жұмсады.

Қазақ тіл ғылымының көрнекті өкілі

Рәбиға Сыздықова туралы сөз болғанда, ең алдымен, оның қазақ тіл білімі мен қазақ әдебиеті мәселелері арасындағы «алтын көпір» екені ойға оралады. Себебі ол қос әлемді біртұтас, ажырамас бірлік ретінде қарастырып, бүтін дүние тудыра білді. Әдеби мұралардың, ақын-жазушылардың тілін зерттей отырып, қазақ лингвистикасында өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Ғалымның еңбектерін қарастырып отырған шақта кез келген адам өзінің ана тіліне, оның құдіретіне деген сүйіспеншілік сезімін сезінеді. Ғалым зерттеулерінің «Сөз құдіреті», «Сөздер сөйлейді», «Сөз сазы», «Абайдың сөз өрнегі» деп аталуының өзі де ғалым апамыздың сөз өнеріне, сөз байлығын қадірлей білуге деген құрметі болып саналады. Осы арқылы болашақ ұрпаққа ұлттық тәрбие беру көзі ретінде этнолингвистика саласына елеулі үлес қоса білді. Ол өзінің 1997 жылы жарық көрген “Сөз құдіреті” атты еңбегінде М.Әуезовтің 20 жылдардағы әңгімелері тілінен бастап, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, Сейдахмет Бердіқұлов, Оралхан Бөкеев, Асқар Сүлейменов, Тахауи Ахтанов, Қабдеш Жұмаділов, Кәдірбек Сегізбайұлы тәрізді қазақ көркем сөзінің қас шеберлері қаламынан шыққан туындыларға лингвостилистикалық тұрғыдан талдау жасап, олардың сыры мен сымбатын ашып берген. Сөз шеберлерінің шығармаларын сөз таңдау, сөз қолданыс, сөз әрлеу тұрғысынан зерттеді. “Сөздер сөйлейді” еңбегі ғалымның аса бір зеректікпен орындаған жұмысы болды. Тілшінің өзі айтқанындай: «Белгілі бір сөздің, не сөз тіркесінің бұрынғы және қазіргі қолданысына, яғни сөз мағынасының өзгерісіне, даму эволюциясына назар аудару. Бұл ана тіліміздің барша байлығын айқындай түсуге жол ашады». Онда ақын-жыраулар тілінде кездесетін сан алуан тұрақты тіркестер мен мақал-мәтелдер құрамындағы көне сөздердің байырғы мағыналары ашылып, олардың семантикалық өрім-өзгерістері сараланады. Еңбектің тарихи лексикология бойынша өте қажетті оқу құралының біріне айналуы сондықтан. Ғалым бұл кітапқа еңбегінің көп сіңгенін жазады. Кітапта қазіргі тіліміздегі бастапқы мағынасы күңгірттенген немесе мүлде ұмытылған, тарихи тұрғыдан түркі-моңғол, түркі-иран тілдеріне ортақ сөздердің әуелгі мәні анықталып, олардың түп төркінін анықтаудың жолдары мен тәсілдері, шарттары айқындалады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор Рәбиға Сыздықованың ғылыми-педагогтік қызметі, ғылымды дамытудағы, ғылым кадрларын даярлаудағы еңбектері Үкімет тарапынан жоғары бағаланып, бірнеше мәрте Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталды. 1971 ж. «Құрмет Белгісі» орденінің иегері атанды. 1984 жылы Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері құрметті атағы берілді, есімі Қазақ ССР-інің «Құрметті Алтын кітабына» жазылды, Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атағына ие болды. Көптеген медальдармен, 2004 жылы «Парасат» орденімен марапатталды.
Үстіміздегі жылы 4 шілдеде Қазақ тілін зерттеп, орфографиясы мен орфоэпиясына көптеген кітап арнаған сан қырлы ғалым Рәбиға Сыздықова Алматы қаласында 96 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.
Ойылда туып, Темірде оқып, Алматыға үлкен арман арқалап келген ғалым өмірдегі өз мақсат-мұратына жетті деп ойлаймын. Елге ғылым арқылы өлшеусіз үлес қосқан ол ұрпақ үшін үлгі-өнеге болып қала береді.

 

Мадина АБИТОВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *