Абайтанушылар мен Абайды танытушылар жайлы не білеміз?

Абай хакім бар ғұмырын қалың елі – қазағын түзеуге арнады. Ал, алтындай уақытын Абайдың шығармашылығын, өмірін зерттеуге арнаған абайтанушылар мен Абайды танытушыларды білмеу ұят нәрсе. Шыны керек, біз абайтанушылар мен Абайды танытушыларды онша көп білмейміз. Абайтанудың дамуына өлшеусіз үлес қосқан қайраткер ғалым Қайым атамыз алғашқы Абай мұражайының негізін қалаушы ретінде де белгілі тұлға.

 

Көп жылдар Абайдың түпнұсқалық сөзінің тазалығына текстологиялық талдау жасап, зерттеп-зерделей келе толағай табыстарға жетті. Қазақ ғылымындағы текстология саласын толыққанды, жан-жақты зерттеген ғалым екенін өз басым жақында ғана білдім.
Қайым атамыз ақын ретінде қырқыншы жылдардың басында Қазақ КСР гимнінің мәтінін жазды. Айшықты ғалым абайтану ғылымының негізін салып, оны үлкен арнаға айналдырып, тынбай еңбек етті. Саналы ғұмырын Абайға, Мұхтарға арнап, ақыры тоқсан жасқа жақындап, 2004 жылы өмірден өтті. Ғалым өзінің ғылыми-зерттеушілік қызметінің алғашқы күндерінен бастап Абай және оның ізбасарлары туралы материялдар жинап, Абай мектебі, өмірі мен шығармашылығы туралы текстологиялық талдау жасап, ғылыми-шығармашылық өмірбаяндар жазды.
Абай мектебі – қазақ әдебиетіндегі үлкен мектеп, ол үшін ғалым 1951 жылы қуғынға ұшырып, 25 жылға бас бостандығынан айырылды. Ғалым Абай бейнесін мүсіндеу өнерінде ақынның образын тазалығын сақтау үшін күресіп, «Абай» журналын қайта жандандырды. Абай және оның әдеби ортасы бойынша бірегей мұрағаттық құжаттарды сақтап, шежіре құрастырды. Абай және оның замандастары туралы естеліктерін жазып, Абай ұрпақтарымен жақын араласты. Міне, осындай іргелі істерді жасаған Қайым Мұхамедханов еді. Абайтануды дербес ғылым саласы дәрежесіне көтерген М.Әуезов болды. Әуезов өзінің «Абай жолы» эпопеясымен ұлы ақын, ағартушының алып тұлғасын дүниежүзі оқырмандарына толық танытып, әдеби бейне қатарына жеткізсе, ғылымда да сондай күрделі еңбек етті. М.Әуезовтің Абай жөніндегі зерттеулері осы ғылымның мызғымас негізі болып табылады. М.Әуезов 1933 жылдан 1957 жылға дейін ақын шығармаларын жариялауда, олардың ғылыми басылымын жасауда орасан зор еңбек етті. Бұл басылымдар ақынның 1909 жылғы жинағы мен Мүрсейіттің бірнеше қолжазбасы негізінде жүзеге асырылды. Әсіресе, 1957 жылы «Ғылым» баспасынан жарық көрген, М.Әуезовтің басшылығымен және тікелей қатысуымен дайындалған Абай шығармаларының екі томдық толық жинағының абайтану ғылымындағы елеулі табыс болғанын атап айту қажет. М.Әуезов ұзақ жылдар бойы ізденіп, сан алуан деректерді зерттеп, жүйеге түсіріп, Абайдың ғылыми өмірбаянын жазып шықты. Осыншама еңбектерді жаза отырып, Мұхтар Әуезов: «Абай бір үлкен теңіз, мен одан қасықтап қана алдым» дегені ойландырады, таңғалдырады. Міне, осындай дүниелерді зерттеген тұлғаларды екінің бірі біле бермейді. Мен де енді ғана біліп, замандас оқырмандарыма бөлісіп отырмын.
Ашығын айтқанда, қазіргі таңда кез-келген жасқа барып, «Сіз абайтанушылар мен Абайды танытушыларды білесіз бе?» деп сұраса, тосыннан қойылған сұраққа тосырқап жауап береді. Ал Абайды тану – өз халқымызды танып-білу екені сөзсіз. Демек, абайтанушыларды білмеу ұят нәрсе .Көптің бәріне топырақ шашпаймын. Абайды өзінше оқып, танып жүргендер бар шығар. Әй, бірақ, көп болмаса керек.
Абайтанушы Қайым Мұхамедханов: «Абай шынында қазақ халқының тарихында ғана емес, бүкіл адам баласының тарихындағы ірі тарихи тұлға, үлкен қайраткер. Қазақ халқының адал ұлы, ұлттық мақтанышы», – деп баға береді.
Мен жақында «Ділмар» шешендік үйірмесінің Абай тақырыбына арналған сайысына қатысу үшін арнайы бағдарламалар мен деректі филмьдерді көрдім. Көре отырып кәсіби ғалым-зерттеушілердің пікірінен нәр алып, керемет ой түйдім. Құнды деректерден құр қалмадым деп ойлаймын. Сондай-ақ, Абай туралы Әлихан Бөкейханның жақсы пікір жазғанын білдім.
«Асыл сөзді іздесең,
Абайды оқы, ерінбе.
Адамдықты көздесең,
Жаттап, тоқы көңілге…» деп келетін Сұлтанмахмұт Торайғыровтың өлеңін оқыдым. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Қазақтың бас ақыны» атты Абайға арнап мақала жазғанын да білдім. Сонымен қатар, Міржақып Дулатов та «Абай» атты мақала жазып: «Әдебиетіміздің негізіне қаланған бірінші кірпіш – Абай сөзі, Абай аты боларға керек… Ең жоғары, ардақты орын – Абайдікі», – деп керемет баға бергенін түсіндім. Олай болса, өмірінің көбін зерттеу жұмысына арнаған Абайтанушыларды білмеуімізге не себеп?
Әуелі, салғырттық, бейжай қарау. Өз әдебиетімізге деген немқұрайлық деп ойлаймын. Заманға кінә артушылардың «оған уақыт жоқ» деп сылтау айтуы мүмкін. Телефонға телмірген жастар абайтанушылар мен Абайды танытушыларды білуге қызықпайды. Әрине, бұл өз ойым.
Абайтанушылар мен Абайды танытушылардың еңбектері ересен зор. Олар хакімнен қалған мұраларды жинап, зерттеп-зерделеп, жарыққа шығарып, біздерге «білсін, көкейіне тоқысын, ғибрат алсын» деді. Біз оларды мақтан тұтып, еңбектерін еш кетірмей, көңілге тоқып, өмірде пайдаланып, өзгелермен бөлісуіміз қажет. Сондай-ақ, түрлі жарыстар өткізіп, көзі тірі абайтанушылармен кездесу жасауымыз керек. Абай Құнанбайұлына арналған фильмдер мен спектакльдерді көріп, ой түйіп, ғибрат алуымыз керек.

Бегімай Қуандыққызы, Абай атындағы РММИ оқушысы, «Ділмар» үйірмесінің мүшесі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *