Ғажайып дала

Кең байтақ жеріміздің аңызға айналмаған тұсы аз-ау деп ойлаймын. Әр адамның туған өлкесі өзіне жұмақ. «Әркімнің туған жері – Мысыр шаhары» деп тегін айтылмаса керек-ті. Туған өлкем Ақтөбе облысындағы Ырғыз жері – ежелгі замандардан бері халқымыздың құтты қонысы, кең даласы. Тұран ойпатындағы ұлан-байтақ өңірді алып жатқан ел батысында Мұғалжар тауының қыраттарымен, солтүстік-шығысында Торғай даласымен, Сарыарқамен, оңтүстігінде Аралдың Қарақұмымен шектесіп жатыр. Құдды бір төрт құбыласы теңдікке саяды.
Әдетте, қысы қатты суық, жазы аптап ыстық болып келетін табиғаты жайпақ үстірттерінде, енсіз, терең алқаптарында құм суыртып тұрған қобызшыдай әсер қалдырады. Табиғи үн, еш боямасы жоқ. Жазықтықтар, су арналарымен тілімделген жарлар, биіктер, тізбектелген шоқылар, тіпті, бос сулы ойпаттар, сортаң мен тақырларға дейін қобыз үніне ерекше үн қосып тұрғандай. Астарына берік сыр бүккен табиғи қамал тәрізді. Өйткені, бұл өлкеде Қазақстанның ірі өзендер қатарына жататын алпыс салалы Ырғыз бен тоқсан салалы Торғай және осы екі өзенге тел аққан, оны жалғап жатқан Телқара, сондай-ақ Өлкейек өзендері ағып жатыр.
Ырғыз өзені басын Мұғалжар тауының жотасы – Өтеш үстіртінен алып 440 шақырым оңтүстік-шығысқа ақса, Торғай өзені басын Ұлытаудан алып 150 шақырым солтүстік-батысқа құлайды да, одан оңтүстік батысқа кілт бұрылып, шығысқа ағады екен. Не деген шебер табиғат иірімі деп ойлаймын. Осы екі өзен 200 шақырымнан Ырғыз жерін басып өтіп, Тәуіп даласында тоғысып, әрі қарай бір арнамен Ырғыз-Торғай болып жұптаса Шалқар теңізіне (ел аузында Құрдым аталады) сарқылады. Демек, терістіктен оңтүстікке қарай аққан ағын суы Құрдымға құйып, жер бедерінің сан ғасырлық түзілуін, қайталанбас табиғатының қалыптасуын қамтамасыз еткен.
Ырғыздың бойын табиғаттың өзі жасаған кең саба су қоймасы дейді. Ұзынды-қысқалы бірнеше өзендер, 90-нан астам көлдер бар. Бағалылығы сол – маусымдық кезеңде түлеу және ұя салу, балапан басу кезінде суда жүзетін құстардың жүздеген түрі жиналады. Сүтқоректілердің 42, құстардың 250 және балықтың 8 түрі кездеседі. Тұяқтылардың ішінде ең көп тарағаны – киік. Құстардың 32 түрі сирек және жойылуға аз қалған санатқа жатқызылып, Қазақстан Республикасының «Қызыл кітабына» енгізілген. Орасан байлықтың сақталуына «Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерваты» мекемесі еңселі еңбектер атқаруда. Сулы-батпақты жерлер, құстардың тіршілік ету ортасы, Бетпақдалалық киіктер миграциясы мен қоректену ортасы бар, сондықтан қорықтың болуы – ғылыми маңыздылыққа ие. Жылына 2-3 млн құс шығыс Сібірге, батыс Европаға, оңтүстік өлкелерге, Үндістан мен Пәкістанға осы өлке арқылы ұшып өтеді, уақытша аялдайды. Шөлді және жартылай шөлді аймақ болғанымен тіркелген өсімдік түрі – 423, қызыл кітапқа енгені – 4, оның бәрі де қызғалдақтар. Өсімдіктердің ең ежелгісі саналатын «тораңғы» және «сексеуіл» тоғайлары да осында.
Теңдесі жоқ табиғаттың ғажайып құбылысы – Жаманшың метеорит кратері де Ырғыздың сыр ашпас сар даласының еншісінде болуы, кім біліпті, тарихтың сыры ма екен?! Ғалымдардың болжамы бойынша мұнан 700 мың жыл бұрын осы Жаманшыңға алып метеорит түскен. Он мыңдаған мегатонна бомбаның қуатындай жарылыстан тереңдігі 700 м, диаметрі 5,5 шақырымға созылған шұңқыр пайда болған. Жарылыс төңірегіндегі қысым жүздеген килобарға, температура бірнеше мың градусқа жеткен. Нәтижесінде импактит (жаманшыңит) , тектит (ырғызит) породалары пайда болған. Бұл екі породаның бір жерден табылуы алғашқы рет Жаманшың кратерінің үлесіне тиіп отыр.
Мұнан миллиондаған жылдар бұрынғы Ырғыз даласында алып денелі хайуанаттар өмір сүрген. Орыс геологтары К.К.Матвеев пен П.М.Василевский 1912-1916 жылдары Ырғыз аймағына зерттеулер жүргізген, 1912 жылы осы өңірдің Шалқар теңіз (Құрдым) аймағындағы өзеннің жер қабатынан индрикотерий (сүт қоректілердің дүние жүзінде ішінара кездесетін алыбы) сүйегін тапқан. Ғылымдағы осы ғаламат оқиға туралы сол кездегі газет-журналдардың барлығы жарыса жазған. Өйткені, биіктігі 5 метрдей, ұзындығы 8 метрдей бұл алып хайуанның әлемде теңдесі жоқ болатын деседі. Петроградта өткен бірінші Бүкілроссиялық геологиялық сиязда профессор А.А.Борисяк Ырғыздан табылған сол индрокатерий фаунасын жиналғандарға мақтанышпен көрсетіпті. Осындай бір алып хайуанаттың бірі 1979 жылы Ақши ауылынан табылып, Ырғыз мұражайына тапсырылған мамонттың жілігі.
Қазақ даласының басқа да әр ізінде тұнған тарих жатқан өңірлері секілді Ырғыз да көне шежіренің көзі, куәсі. Қағазға түскен ең алғашқы дерек «Тарихтың атасы» атанған Геродот жазбаларында кездесетіндігінің өзі бұл аймақ туралы әңгіме тым әріден, есте жоқ ескі замандардан бастау алатындығының дәлелі болса керек.
А.Әбдірахманов еңбектерінде «Ырғыз» этимологиясын көне түркі сөздерімен байланыстырады. Ғалым: «Ырғыз аты екі сөзден құралған: ерги (ертедегі) + зуг (су). Ерги сөзі – ескі деген мағынаны білдіріп, «ертедегі» сөзімен түбірлес болып келсе, зуг (суғ) сөздері қазіргі су сөзінің көне варианты болып табылады. Бастапқы формалары көне түркі тайпаларының тілінде жасалып, соңғы Ырғыз түрі қазақ тілінде қалыптасқан сияқты», – деп түсіндіреді.
Ғажайып даланың сазды, қасиетті, киелі үні сан ғасырлық құпияларын қойнауына жіберіп, жылдың төрт мезгіліндей қайта түлеп, қайта жаңғыруда. Менің туған өлкемнің табиғат қолымен құйған ғажайыптары осындай. Жусан иісі бұрқыраған қазақ даласы…

Дидар ҚУАНЫШ, Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданы, Ырғыз гимназиясының 7-сынып оқушысы

ПІКІР ЖАЗУ