Жетістіктері көп лицей

Алматы қаласы, Алатау ауданына қарасты №178 лицей 5-сыныптан бастап физика-математика бағытында оқуға оқушыларды қабылдайды. Лицей 2011 жылы салынған. 2038 оқушы оқитын бұл лицей Алматыдағы маңдайалды білім ордаларының бірі. Өз ісінің нағыз маманы, ақылды басшы, шебер ұйымдастырушы, директор Шадиев Қайратбек Хамзаханұлы басқаратын лицейде 152 ұстаз жемісті қызмет етіп келеді. Білікті де білімді ұстаздар оқушылардың жан-жақты дамуына игі әсер етуде.

2019-2020 оқу жылында лицейдің оқушылары көп жетістіктерге жеткен екен. Атап айтқанда, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы Алматы қаласында Қазақстан-Британ Техникалық университетінің базасында информатика пәнінен өткізген оқушылардың халықаралық XI Еуразиялық олимпиадасынан Солдатбай Әли 1-орын, Манашов Әли, Рахмберді Алишер, Сражов Абдусаттар, Құрмаш Нұржан 3-орын жеңіп алған.
Осы оқу жылында жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерден Президенттік олимпиададан Молдабаева Саяжан 2-орын, Фазылова Аружан 3-орын иеленді. Екеуі де Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың қабылдауында болып, ұсыныс, ойларын айтып, әңгімелескен екен.
II республикалық Абайтану олимпиадасында Талғат Сақбегімнің 2-орынды жеңіп алғанын да мектеп директоры қуана айтты.
Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар конкурсының қалалық кезеңінен 19 оқушы жүлдегер атанса, ақтық кезеңде Жолдасова Жансая 2-орын, Мейірман Алуа, Күзербай Қаракөз 3-орын иеленді.
Ө. Жолдасбеков атындағы математика және механикадан зерттеу жұмыстарының Х халықаралық конкурсынан Ермекбай Ауезхан мен Тұрдыш Нұрислам «экономика» секциясы бойынша 3-орынға ие болғаны да лицей жетістіктерін одан сайын арттыра түскені сөзсіз.
Директордың орынбасары Шажабаева Кульжан Сауытқызының айтуынша, лицейде робототехника, шахмат, домбыра, хореография, футбол, воллейбол, таэквондо сияқты үйірмелер жұмыс істейді. Бұл үйірмелерге қатысатын оқушыларға барлық жақтарынан дамуға, дене, ой, сана, руханият қырларын жетілдіруге мүмкіндік берері сөзсіз.
Алматы қаласы бойынша өткен «Алтын сақа» математикалық олимпиадасынан Базарбай Нұрахмед 2-орын, Қойшиев Ернұр, Құдайберген Айзере, Нұржігіт Нұрдәулет, Манап Абылайхан, Шайхислам Зере 3-орын иелеген.
Алматы қаласы бойынша IT сыныптарға арналған Робот техникасы және бағдарламалау бойынша олимпиададан Сражов Абдусаттар , Рақымберді Алишер, Тастанбек Диана, Реймбаев Қажымұқан, Мейманқожаев Жанарыс, Курбаналиев Омар, Серыкбай Еркеғали 1-орынды жеңіп алғаны да көңілге қуаныш ұялатады.
«Дарын» республикалық ғылыми практикалық орталығының ұйымдастыруымен өткен «Кенгуру – Математика барлығы үшін математикалық сайысы» Халықаралық математикалық сайысында көптеген оқушылар жүлделі орындарға ие болыпты. Сонымен қатар жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша республикалық жасөспірімдер онлайн олимпиадасынан көп оқушылар жеңімпаз атанған. «Алтын жабағы» халықаралық интеллектуалдық байқауынан да көптеген дарынды оқушылар орын алып, жүлдегер болыпты.
№178 лицейдің ең басты жетістігі – биылғы жылы 57 Алтын белгі иегерін түлетіп, ұшырғаны. Бұл үлкен нәтижеге лицей ұжымы керемет дайындықпен, еңбекпен келгені анық.
Осы лицейдің биылғы Алтын белгі иегерлерін сөзге тартып көрдім.
Рашидқызы Динара 11 «в» сыныбын аяқтапты. Төртінші, бесінші пәндер ретінде шет тілі мен дүниежүзі тарихын таңдаған екен. Үнемі ашық-жарқын болып жүретін ол болашақта аудармашы болғысы келеді. Арманы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-не оқуға тусу екен. Әлемдегі 200 үздік жоғары оқу орнына кіретін бұл білім шаңырағында оқуды менің замандастарымның армандауы заңдылық қой.
Көзілдірігі өзіне жарасып тұрған қызбен таныстым. Молдабаева Саяжан екен. 11 «ә» сыныбын аяқтап жатыр. Дәрігер-хирург болуды армандайды екен. Биология мен химияны таңдаған ол С.Асфандияров атындағы медициналық университетке оқуға түскісі келеді.
Омирзак Даниярмен танысқанымда ол 11 «б» сыныбын аяқтап жатқанын айтты. География мен математиканы таңдапты. Сүлеймен Демирел атындағы университеттің бухгалтерлік есеп пен аудит мамандығына оқуға түскісі келетін болып шықты.
Есенова Айым 11 «ә» сыныбын бітіріп жатыр екен. Шығармашылық емтихандар тапсырып, ҚазБСҚА-ның дизайнер мамандығына оқуға түскісі келетінін айтты.
11 «б» сыныбын аяқтаған Елубаев Данияр да бірден сөйлеп кетті. Математика мен физика пәндерін таңдапты. Нұр-Сұлтан қаласындағы Айти университетінің айти маманы оқуына түскісі келеді екен.
Бітіруші-түлектерге «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы Саят Қамшыгер, журналдың қызметкері Ерасыл, сонымен қатар мен де ақ тілектерімізді арнап, армандарына жетуіне тілектестік білдірдік.
Лицейдің басшылығына келер оқу жылында да көптеген жетістіктер мен табыстарға жете беріңіздер деп шын пейілімізді білдірдік. Жан-жағы гүлге оранған еңселі лицейден – Алтын белгілер ұстаханасынан көңіліміз көтеріліп, еңсеміз биіктеп шықтық.

Әділет ТҰҚАН

ПІКІР ЖАЗУ