Абай ата ізімен

Адам баласы дүние есігін ашқан сәттен бастап жақсы мен жаманның hәм ақиқат пен жалғанның ара-жігін ажыратпаққа ұмтылады. Өсе келе бұл дүниенің сан алуан құпиясын зерделеуге ден қояды. Бұл фәниде көзімен көріп, құлақпен естіп жүрген әртүрлі жайттарға куә болады. Куә болады да, санасына түйгенін, жүрекпен түйсінгенін сарапқа салмаққа жүгінеді. әр істің байыбына «қалай?», «неге?» деген сұрақтармен үңілмек болады. Сондағысы – көкейінде жүрген сан сұраққа жауап табу.
Қазірде, қоғамдағы келеңсіз жайттардың өзі біз үшін «сұрақ белгі «күйінде қалмасына кім кепіл? Ана тілін ардақ тұтып, ғибрат алмасақ, оның қадір-қасиетін жастарға тәлім қылмасақ, ата-бабамыздың аманаттап кеткен жерін қалай басып жүреміз? Тілімізді шұбарлап, «жаңаша түрлендіріп» сөйлегенге етіміз үйренгені соншалық, өз тілімізді өзіміз түсіне алмай қиналып жататынымыз өтірік емес.
Болашақ деген не өзі? Бүгінімізді басқармасақ, болашағымыздың бұлыңғыр боларына көзіміз жетпейді ме? Аталы сөзден безіп, өсиет-өнегеден «мақұрым» қалған өңшең «патриот» ұрпақты «мақтан тұтып» өтуге мәжбүрміз бе? Жоқ, әрине. Елдігіміздің берік іргесі болған мәдениетіміздің құр «қошемет» болып, асқақтатқан өнеріміздің далаңбай дақпырт болып бара жатқаны – бұрмалауға болмайтын hәм бүкпелеуге келмейтін ащы шындықтың дәл өзі. Отбасы құндылығын құлағына құя алмайтын, көңілі тұшына алмайтын, бірақ, ерсі әрекеттерді бірден санасына сіңіріп алатын «жастардың өсіп келе жатқандығы қынжылтады.» Міне, қоғамда етек алған мәселелер көз алдыңызда «жайнап», бұлбұлша «сайрап» тұрған болар бәлкім…
Адам баласы қамшының сабындай қысқа ғұмырында малын бақса да, жанын бақса да бір нәрсені бағамдап білуі шарт. Сондағысы, жалт-жұлт еткен әшекей де тот басып бүлінеді, бағалы жібек мата да тозып, бөз болып ескіреді. Алайда, өлмейтұғын дүние бар. Ол – білім. Иә, білімді күрделі формуламен, қиын теориямен ғана байланыстырмақ – қатеге бой алдырмақпен тең. Себебі өз елінің мәдениетімен танысып, әдебиетімен сусындап, салт-дәстүрін дәріптеп, тарихын тағылым етудің өзі білімнің қайнар бұлағын қанып ішкенмен тең. Иә, қоғамдағы көтерілген әрбір мәселеге өзіндік көзқарасыңызды білдіріп hәм сыни пікір қалыптастырудың білімге бастар жол екендігіне көз жеткізу шарт. Себебі осынау білім мен технологияның заманында ілім-ғылымның маңызын біліп, қоғамда «бір кірпіш боп қалануды» мақсат тұту қажет. Бәсекелестік үстемдік құрған әлемде минут сайын жаңарып, секунд сайын жаңғырып жатқан жаңалықтардан қалыс қалмауға ұмтылмақ керек. Білімді сөнбейтұғын шыраққа балап, жанымызға серік етсек қана өмірдің мәнін түсініп-білеміз. Түпсіз терең теңізге сүңгіп кетердей күй кешіп, білім белесін бағындырамыз. Абай атамыздың «тілге жеңіл, жүрекке жылы» тиетін тұшымды ойын, пәлсапаға толы асыл сөзін санамызға сіңіріп, мағынасы ұшан-теңіз оймен өрбіген қара сөздерін жете түсіну арқылы өркениеттің биік шыңына шарықтаймыз.
«Бой жарыстыратын емес, ой жарыстыратын мына» заманда Абай атамыздың тағылымы терең туындылары ауадай қажет. Мәңгілік елдің дамуын хәкімсіз елестету мүмкін емес. Себебі ұлы тұлғаны үлгі тұтатұғын ұрпақтың ұлы болуы заңдылық емес пе?! Ендеше осы абыройлы атаққа лайық болып, еліміздің дамуына өз үлесімізді қосайық.

Гүлнұр ТӨЛЕГЕНОВА, жас тілші, Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы, 3 мектептің 9-сынып оқушысы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *