Құран және құстар

                                

        Құстар Алла Тағаланың ерекше жаратылған мақұлықтары, аспан әлемінің көркін кіргізуші ғажайып туындыларының бірі. Алла Тағала бұл ғаламды ешбір нұқсансыз, ешқандай ақаусыз жаратқаны секілді, таңғажайып ғаламның ішінде өз алдына өмір сүріп, көктен жерге суылдай сорғалап, бауырымен жер сыза отырып қайта көкке көкірегін кере қалықтаған әсем жаратылыс құстарды да белгілі бір мақсатпен жаратқан. Олардың физикалық құрылыстары, мекен ауыстырып топ-топ болып көшіп-қонып жүрулері, тіпті күннің суытатынын да алдын-ала біліп, соған қам жасап жатулары Алла Тағаланың құдіретіне дәлел болатын кереметтер. Кейбірі арландар мен бөлтіріктерді екі бүктеп тастайтындай қуатты жаратылыс болса, ителгі, қаршыға, сұңқар сынды сұлу құстар айдын көлдің үстімен ағып өткен кезде қаз, үйректердің үрейін алатындай айбынды, ал, басқалары болса бақшаларда сұлу үндерімен сайраған кезде құлақ құрышын қандырып, көңіліңді жадырататындай ғажап. Осылай кете берсеңіз алуан-түрлі құстардың ерекшеліктері мен қасиеттерін үздік-создық күні-түні тоқтамай жырлай беруге болады. Алайда, біздің айтайын дегеніміз ол емес… Құран мен ғаламның арасында бір-бірінен ажыратуға келмейтін керемет үйлесімділік бар десек, осынау ғажап жаратылыстың ішінде өзінің ерекше орны бар құстардың Құрандағы орны қандай екен? Құс атаулының миллиондаған түрі бар, осылардың қаншасына Жаратушының Құранында орын берілді екен? Бұлар жайлы қасиетті аяттарда не делінген? Ендеше келіңіз, бірге зерделеп көрейік…

                             Жалпы құстар туралы Құранда не делінген?

 

Алла Тағала «Нәхл» сүресінің 79-шы аятында: «Олар аспан кеңістігінде Алланың әміріне, орнатқан заңдылықтарына толық бағынған күйде самғап ұшқан құстарға зер салып қарамай ма? Оларды сол кеңістікте Алладан басқа ешкім құлатпай ұстап тұрған жоқ. Әлбетте, осының өзінде иман ететін қауым үшін көптеген белгілер, дәлелдер бар» деген. Шынымен-ақ, көк жүзінде еркін самғаған құстарға көз салсаңыз Құдай Тағаланың құдіретіне еріксіз таңдай қағасыз. Суылдай көкке көтерілген көк еркесі жерге құлап кетпей, немесе аспанға шығып алып түсе алмай жатқанын байқамайсыз. Қалағанынша көкті көкірегімен тілімдеп, суылдай жерге қарай ағызып келіп қонса, кейде зәу көкке шығып алып, қанатын бір қақпай самғап жүреді де қояды. Негізі кез-келген құсты физикалық жағынан алып қарағанда әжептәуір салмағы бар екендігін байқайсыз. Ең кішткентай құс болып табылатын колибридің салмағы 20 грамм болатын көрінеді.  Ал, құстардың патшасы болған қырандар мен құмайлар қасқыр, түлкі сынды аңдардың омыртқасын теуіп сындыратындай салмағы бар екендігін ескерсек, әжептәуір салмақ берілген жаратылыс екендіктерін байқаймыз. Осыншалықты салмаққа ие бола тұра оларды аспаннан құлатпай ұстап тұрған нендей күш? Әрине, ол Алла Тағаланың құдіреті. Құранда бұл ақиқат «Төбелерінде қаз-қатар тізіліп, қанат қағып ұшқан құстарға зер салып қарамай ма? Оларды әуеде Рахманнан басқа ешкім ұстап тұрған жоқ. Күмәнсіз, Ол барлық нәрсені толық көріп тұрады»  деп баян етілген.

Құстардың жаратылудағы хикметі не?

 

Ұлы Жаратушы әу баста адамды айналасына қарап Ұлы Иесін тапсын, танысын, иман етсін, Жаратушысының құдіретінің, ұлылығының,  шеберлігінің алдында таң қалып бас исін деп мына дүниеге жіберген. Жіті қадағалаған кісі әрбір жаратылыс өз хал тіліменен Раббысы үйреткендей құлшылықтарын жасап жатқандығына куә болады. Шуағын шаша күлімдеп тұрған күн де, сәулесін төгіп аймалап тұрған ай да Құдайына деген құлшылығынан жаңылмайтын жаратылыстар. Олармен қоса әрбір жан-жануар, құрт-құмырсқа, жәндіктер де өзіне берілген міндеттерін атқару арқылы Раббысына құлшылықтарын арнайды. Құранда ол жайлы: «Көктегілер мен жердегілердің һәм қанат қағып, тізбектеліп ұшқан құстардың («Сен мінсізсің, кемшілік атаулыдан адасың, серігі жоқ жалғыз Құдайсың», – деп, әрқайсысының өз тілімен немесе іс-әрекетімен) Алланы дәріптегенін көрдің бе? Олардың әрқайсысы өз дұғасын, құлшылығы мен дәріптеу сөздерін өте жақсы біліп алған. Алла олардың не істеп, не қойып жүргендерін толық біледі» делінген. Осы жерден біз құстардың да өздеріне тән зікірлерін заулатып, құлшылыққа құлшына кіріскендіктерін байқаймыз. Демек, олардың бұл әлемде жаратылуындағы көптеген хикметтерінің бірі – Алла Тағаланы дәріптеу. Құлқын сәріден қиқулап, бау-бақшаны даңғаза қылып бастарына көтерулерін Құдайдың құдіретіне бас иіп зікір етулері деп түсінеміз. Әсіресе, таң намазының уақыты кіргеннен күн шыққанға дейінгі құстардың үніне құлақ салсаңыз шынымен де жарыса зікір етіп жатқан мақұлықтарға қайран қаласыз. Олар тек жалғыз емес, жамағат болып та зікір айтатындықтары Құранда былайша баяндалған: «Біз расында да, Дәуітке өз тарапымыздан артықшылық бердік. Сөйттік те: «Уа, таулар, онымен бірге Алланы («Сен – мінсізсің, кемшілік атаулыдан адасың, серігі жоқ жалғыз Құдайсың», – деп, өз тілдеріңмен) ұлықтаңдар», – дедік, құстарға да соны бұйырдық…» деген аяттан Дәуіт пайғамбармен бірге таулар мен құстардың жарыса зікір еткенін көреміз. Әрине, жаратылыстың өзімен жарыса жасаған зікірлерін естіген пайғамбарлардың көңілі орнығып, дін жеткізу жолында мығым бола түсері анық. Себебі, мынау ғаламда Құдайға құлшылық жасап жатқан жалғыз ол емес, айналасындағы бүкіл жаратылыс атаулыны құлдық ұрып жатқаны көңілге медет, жанға демеу болады.

Өзіміз күнделікті намаздарымызда оқитын Фатиха сүресінің  «Саған ғана құлшылық жасаймыз, сенен ғана жәрдем сұраймыз»  деген аяты «жасаймын, сұраймын» деп жекеше түрде емес, «жасаймыз, сұраймыз» деп көпше түрде келуінің мәні осында болса керек.  Яғни, Құлшылық жасап жатқан жанды-жансыз бүкіл әлеммен бірігіп, біздер де «Саған ғана құлшылық жасаймыз, Сенен ғана жәрдем сұраймыз» деп көпше түрде айтамыз. Иә, Алла Тағаланы зікір етуші жаратылыстардың ішінде, пайғамбармен бірге зікір ету мәртебесіне ие болған да құстар. Құлқын сәріден қиқулап зікірлерін заулатулары, өздеріне тән тіршіліктерін жасап, өз алдына бір әлем болып өмір сүріп жатулары да көз салып, ой жүгірткен жандар үшін үлкен ғибрат. Осылайша Алла Тағаланың ақылсыз аң-құстары кей сәттерде ақылды адамдарға өнеге болады. Сол себепті болса керек пайғамбарымыз ешкімге алақан жаймай, Аллаға тәуекел етіп, өз еңбегін сауған жандарға құстарды мысал етіп: «Егер сендер Аллаға шынай тәуекел еткендеріңде құстарды ризықтандырғандай ризықтандыратын еді. Олар таңсәріден аштан аш ұшып шығады да, кешке бөтекесін жемге толтырып қайтады» деген.

Байқағанымыздай, адамдардың басқа жаратылыстардан ғибрат алғаны сынды құстардан да сабақ алатындығын көреміз. Ендеше, осыған сәйкес Құдай Тағаланың құдіретіменен алғаш адам баласына үлгі көрсетіп, жол сілтеген құс – Қарға. Бұл да Құранда аты аталған құстардың бірі.

                                                                Қарға

 

Бұл құс Қазақстанның барлық аймағында кездеседі. Қауырсынына күлгін немесе қара қошқыл түс қосылып құлпырып тұрады. Денесінің ұзындығы 47-50 см, қанатын жайғанда ұзындығы 100-104 см-ге дейін жетеді. Негізі қанатының ұзындығы 30 см, құйрығының ұзындығы 20 см. Салмағы шамамен 400-600 грамм. Тұмсығының жоғарғы ұшы төмен қарай иіліп, қауырсынмен жабылған. Қара қарғалар қорек талғамайды, кейде құстардың жұмыртқаларын жарып, балапандарын да жейді. Бұл құстың да өзіндік ерекшелігі сол – Алла Тағала Адам Атаның ұлы Қабылға Қарғаны дәнекер етіп өнеге көрсетті. Пенде баласы айналсына көз салса, адамға тән кейбір қасиеттерді Құдай Тағаланың құдіретімен құндақталған табиғаттан табары хақ. Бұл оқиғаның қысқаша мазмұны былай болған еді: Адам Атаның Абыл мен Қабыл атты екі ұлы болған екен. Абылдың ақжүректілігі мен жайсаң жанына және де басқа да артықшылықтарына іштарлықпен қараған Қабыл одан қалай құтылудың жолын қарастыра бастады. Ақыры қызғанышы шегіне жетті де, Ібілістің кеңесіне жүгінген Қабыл Абылдың басын таспен езіп өлтіреді. Бұдан соң бауырының мәйітін қайда қоярын білмей әбден састы. Бұрын-соңды мұндай жағдайды басынан өткермеген ол мәйітті ұзақ уақыт жерлемей сақтап жүрді.  Күндердің бір күні бір қарғаның жерді тұмсығыменен шұқып қазып, әлденені көміп жатқанына таңдана қарап тұрады да: «Әттеген-ай, осы бір қарға құрлы бола алмаған екенмін ғой»,- деп өкініштен өзегі өрттей жанды. Қарғадан көргенін жасаған ол жерді қазып, бауырының денесін жер қойнына тапсырады. Содан бері адамзат тарихындағы алғашқы өлім дәмін татқан кісі – Абыл болып есептеледі. Ал, адам баласының мәйітті жерлеуді үйренуіне дәнекер болған құс – қарға. Бұл ақиқат аятта былай баяндалады: «Алла Тағала туысының мәйітін жасыруын үйрету үшін жіберген қарға жерді қаза бастаған кезде ол: «Әттең-ай, маған не болды?! Бауырының мәйітін көмген қарға құрлы бола алмадым ба?,- деп өкінді».

                                                  Бәбісек (Һудһуд)

 

Бәбісек (сасық көкек) – көкқарға тәрізділер отрядына жататын құс.  Қазақстанның барлық жерлерін, әсіресе, далалы өңір мен өзен-көлге жақын жерлерді мекендейді. Дене тұрқы 25–28 см, салмағы 70 граммдай. Тұмсығы жіңішке, ұзын, желпуіш тәрізді жазылатын айдары бар. Түсі алабажақ болғанымен, өте тартымды. Бәбісек – жыл құсы болып саналады. Ақпанның аяғы, наурыздың басында ұшып келіп, тас арасына, үй шатырына ұялайды да, салқын түсе қарашаның басында жылы жаққа тартып отырады. Ол әртүрлі жәндіктермен және олардың дернәсілдерімен қоректенеді. Етінің жағымсыз иісі бар. «Сасық көкек» деп аталуы осыған байланысты болу керек. Бұл құстың Құранда аталуы әйгілі Сүлеймен пайғамбардың оқиғасыменен тікелей байланысты.  Сүлеймен Дәуіт пайғамбардың бел баласы тұғын. Мейірімі мен айбыны, ақылы мен сән-салтанат, даңқы мен дәулеті келіскен патша-пайғамбар болатын. Алла Тағала Сүлеймен пайғамбарға құстардың тілін түсінетін қабілет дарытумен қатар, басқа мақұлықтардың да көңіліндегі дертін ұға алатындай зеректік берген. Оның патшалығындағы әскерлер әртүрлі мақұлықтардан құралған-ды. Жау жүрек жауынгерлер мен қару-жарақ, құрал-сайман сынды жер-жаһанға билік жүргізгісі келген патшаға керек нәрсенің барлығы Сүлеймен пайғамбарға берліген. Оның жындардан, адамдардан, құстардан, түрлі-түрлі жан-жануарлардан, сөйлей алатындардан, үн шығара алмайтын мылқау мақұлықтардан, небір ілім иелерінен құралған қуатты әскері болған.

Бір күні Сүлеймен құстардың қосынын аралап жүріп: «Оу, мен Һуд-һудты (бәбісек құсты) неге көрмей тұрмын? Әлде ол өз бетімен үшті-күйлі жоқ болып кетті ме?» «Ендеше, оны аяусыз жазалаймын, яки бірден басын аламын! Әйтпесе, ол маған өзін ақтайтын орынды себеп айтып, нақты дәйек келтіруі керек», – деді. Сүлеймен пайғамбар әскерлерімен бірге ұзақ сапарларға шыққан кезде бәбісекті бірге алып жүретін. Себебі, оның мойнына жүктелген міндет сол – әскерлер шөл далада қаталап су іздеген кезде жер асты суын шығару үшін қай жерді қазу керек екендігін айтып беру болатын. Себебі, оған Құдай Тағала жер бетіне қай жердің суы жақын екендігін біле алатындай қабілет берген. Бәбісек айтқан жерді қазып, суға мейлінше шөлін қандырған әскерлер жорықтарын жалғастырып кете беретін. Сүлеймен пайғамбардың Һуд-Һудты іздеуі де сол сәтке, сол бір міндеттің атқарылуына тура келіп еді. Міне, ол жоқ… Содан көп ұзамай-ақ, (Һуд-һуд келді де Сүлейменнің дәргейіне бас ұрып, аяқ-астынан жоғалып кетуінің себебін баяндады): «Мен расында да, саған беймәлім бір істің жайын білдім. Мен саған Сәбә жерінен аса маңызды һәм рас екендігі күмәнсіз хабар алып келдім». «Сәбә елінде бір әйелдің патшалық құрып, бүкіл елді билеп отырғанын көрдім. Бір өзіне (нағыз патшаға нәсіп болатын) нәрсенің бәрі беріліпті. Сондай-ақ оның үлкен тағы бар екен (соған қарағанда, билігі бекем, пәрмені күшті екені анық)». «Алайда, оның да, қауымының да құдіреті күшті Аллаға емес, күнге табынғанын көрдім. Шайтан олардың сондай теріс істерін өздеріне кереметтей етіп көрсетіп, тура жолдан тайдырған екен. Сондықтан да, олар өздігінен тура жолды табар емес». «Әйтсе де, көктер мен жердегі жасырын нәрсенің бәрін жарыққа (һәм ондағы тіршілік иелерінің бәрін жоқтық түнегінен жарық әлемге) шығаратын, сондай-ақ, іштеріңе бүккендеріңді де, жария еткендеріңді де толық білетін бір Аллаға сәжде етуі керек емес пе?!». «Өйткені, Алла – Одан басқа құдай жоқ! Ол – ұлы Арштың Раббысы!». Сүлеймен оған: «Рас айттың ба, жоқ, әлде өтірікші кәззәптардың бірімісің? Оны әлі-ақ көреміз», – деді. Содан соң: «Мына хатымды алып бар да олардың (Патшайым мен кеңесшілерінің) алдына таста. Содан кейін оларды жайына қалдыр да бұл хатқа не дейді екен һәм қандай шешімге келер екен соған назар сал»,- деп бұйырды…».

Сүлейменнің алдында шырылдап есеп беріп тұрған бұл құстың аты Құранда Һуд-Һуд деп келген. Өйткені, оның көмейінен «һуд-һуд» деген дыбыс шығады. Ал, атамыз қазақ оны бәбісек немесе сасық көкек деп атайды.

                                           Бөдене (Сәлуә)

 

Тәпсірші ғалымдарымыздың айтулары бойынша Мұса пайғамбар Исрайыл қауымын перғауынның құлдығынан құтқару үшін жаппай соңынан ертіп, елсіз шөлге қашып шығады. Мысыр билеушісімен араларына жік түскен соң, ол жаққа қайта аяқ басуға еш мүмкіндік болмады. Осылайша елсіз жерде ел болып көшіп-қонып жүрді. Олар күні бойы тоқтаусыз жүріп, түнде жеткен жерлеріне жантая кетіп дем алып алатын да, таң алагеуімде кешегі күнді қайталап жаяулап-жалпылап тағы да тартып отыратын. Бір күні Мысыр мен Шамның арасын алып жатқан Тиһ шөліне келген кезде Мұса пайғамбарға шағымданған қауымы: «Ойпырмай, тәнімізді табадағы еттей қуырып бара жатқан мына күнді қалқалайтын лыпа бар ма? Шөлден кеберіп бара жатқан таңдайымызды жібітіп, ұлардай шулап тұрған асқазанға ас тауып бермейсің бе?»,- деп жанын қоймады. Сонда Алла Тағала олардың төбелеріне шарбы бұлттардан көлеңке жасап, үстілеріне кисін деп киім түсірді. Мұса пайғамбар құдіретті таяғымен тасты ұрғанда ол жерден сыңғырлап бұлақтар аға бастады. Одан соң оларға өмірі дәмін татып көрмеген «мәннә» және «сәлуа» деп аталатын ерекше тағам тарту етті. Мәннәнің қандай тағам екендігіне байланысты әртүрлі көзқарастар айтылғаныменен оның адам жанына жағатын, қуаты мол тағам екендігі айтылады. Ал, «сәлуа» дегеніміз кәдімгі құс. Бұл құс бізде бөдене деген атпен танымал. Кей тәпсіршілер бұл құстың пісіп, жеуге дайын түрде түскендігін алға тартса да, көпшілік ғалымдар оларға тірідей келгендігін, және де олар оны ұстап, өз қолдарымен бауыздап жегендіктері айтылады. Бұл құстың қандайлығы жайында нақты көзқарас болмағаныменен, ғалымдардың көпшілігі бөдене немесе кептер тәріздес құс болғандығын алға тартады. Бұл Бақара сүресінде былай делінген: «Сонымен қатар, (Тиһ шөлінде) төбелеріңді бұлтпен көлегейледік. «Өздеріңе ризық етіп бергендеріміздің адалынан, пайдалысынан жеңдер!»,- деп сендерге ризық ретінде «мәнна» тәттісі мен бөдене құсын түсірдік. Алайда олар (осынау нығметтердің қадірін білмей шүкіршілік айтудың орнына күпірлік ету арқылы) Бізге емес, тек өз-өздеріне қиянат жасаумен болды».

(жалғасы келесі санда)

    Мадина АБИТОВА, С.Демирел атындағы университеттің 3-курс студенті

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *