Бүгінгі күннің қаһармандары – ақ халатты абзал жандар

Дәрігерлер коронавируспен бетпе-бет келуде

Әлемді жайлаған пандемия нағыз батырдың кім екенін көрсетті. Ол – бүгінгі күннің қаһармандарына айналған дәрігер мамандары. Олар жүрек түкпірінде лаулаған патриоттық сезім мен мамандықтарына адалдығының арқасында «коронавирус» атты індетпен ашықтан-ашық күресіп келеді. Тарихтан қарусыз қан майданда соғысқан ерлер туралы жиі естуші едік, сол сияқты еліміздің дәрігерлері де қолдарында қорғаныс құралдары жетіспей тұрса да, өздерінің ауруды жұқтырып алу қаупі бар екенін сезіп-білсе де, күресуден қашпады. Олардың алдында «таңдау құқығы» да болды. Бірақ көпшілігі бойдағы бар күш-жігерлерін жинап, артқа шегінбеді. Міне, осындай медицина қызметкерлерінің есімі тарихта алтын әріптермен қатталып, «халық батыры» атағын алуға лайық емес пе?!

Елімізде коронавирус кең тараған өлке Алматы қаласының өзінде аталмыш індетпен күн сайын 7823 медициналық қызметкер күресуде. Қазақстанда COVID-19 вирусын жұқтырған науқастармен байланыста болған 400-ден астам медицина маманының сараптама көрсеткіші оң нәтиже берген. Алматы қалалық орталық клиникалық ауруханасында болған жағдай да белгілі. Яғни аурухананың 316 ақ халаттысы карантинге жабылған. Егер дәрігерлер вирус жұқтырса, елді індеттен кім қорғайды? Осы жағдайды да басты назарда ұстап, медицина қызметкерлерінің қорғаныс киімдерінің сапасын арттырып, барынша сақтық, қорғану шараларын жіті бақылауды тоқтатпау керек. Көршілес Қытай елінде карантин 76 күнге (2,5 айға) созылған, халық үйден шықпай, карантин талаптарын сақтап, шыдамдылық танытты. Алайда Қытайдан келген медициналық мамандардың біздің еліміздегі карантиндік шараларға көңілі толмады: «Көшедегі жүріс толастамаса, вирус азая ма?» деп сақтық шараларын күшейту қажеттігін ескерткен еді. Бұл ескертудің де мәні бар. Вируспен күресте адамдардың немқұрайлылығы жеңіліске әкеп соғатынын ұмытпаған жөн.Қазақстанда 11 мамыр күні төтенше жағдай режимі алынса да, карантиндік шектеулер сақталды. Яғни вирустың шарықтау шегінен өтсек те, толық қауіп сейілген жоқ. Тіпті күзде екінші толқын туындау қаупі бар. Оған да дайын болуымыз керек! Ол кезде де барлық күш дәрігерлерге түседі. Сондықтан да ақ халаттылардың денсаулығы мемлекет үшін басты назарда болу қажет.Коронавирус, минут сайын өзгеріп жатқан жайсыз статистика әлемде дәрігерлердің жетіспейтіндігін дәлелдеді. Тек Испанияның өзінде 20 мыңға жуық медициналық маман вирус жұқтырған. Салдарынан бір дәрігер күніне 40-50 науқасқа дейін қарауға мәжбүр болуда.

Коронавируспен күресіп жатқан дәрігерлер не дейді? Шыны керек, адам жаны шүберекке түйілгенде ғана дәрігердің қадірін түсініп жатамыз. Осыны ескерсек, пандемия біраз нәрсені өз орнына қойып жатқандай әсер қалдырады. Бірінші кезекте дәрігердің қадірін ұғындырғандай. Мәселен, наурыздың соңында Уханьға Қытайдың жан-жақтағы провинцияларынан келген дәрігерлер қайтарылды. Сондағы халықтың ақ халаттыларға деген қошеметін көріп, құрметпен шығарып салу салтанатына қарап, дәрігердің қадірін түсінесің. Дәрігерлер вируспен алғашқы шепте күресіп жүріп, өз отбасынан, балаларынан жырақта болды. 24 сағат науқастарды емдеп, ауруханада түнеді. Олардың жанайқайын сезіп, балаларына деген сағынышын көріп, терезе арқылы жақындарымен тілдескенін естіп, іштей бірге қайғырасың. Дәрігер де адам баласы ғой, олар да мұңаяды, олар да жылап, қайғырады. Дегенмен адамдардың денсаулығы үшін күресте олар ішкі сезімдерін жеңе білді. Сондай дәрігердің бірі, Алматы қаласының «Фтизиопульмонология орталығының» инфекциялық бөлімінің меңгерушісі – Абзал Малбасканов.

Ол өз сөзінде: «13 ақпан күні таңғы 5-терде Ухань қаласында білім алып жатқан қазақстандық студенттер келді. Сақадай сай боп, киініп алғанбыз. Үрей де жоқ емес. Бірақ өзіміздің қарапайым, әп-әдемі жастарымызды көргенде қорқыныш сезімі сейілгендей болды. Студенттеріміздің көзінде де үрей бар. Келгендердің барлығын орналастырдық. Сол білім алушылар маған үлкен жігер берді. Олардың «Еліме рахмет! Барлығымызға елшіліктен хабарласып, билет алып берді. Келешекте біз сол жақтан білім алып келіп, елімізді көтереміз!» деген сөздері маған ой салды. Жастарымыздың батылдығын көріп, жасым үлкен болып мен артқа қарай қашсам, ұят болар деп, өзімді жігерлендірдім.Бізге қолдау ақшалай емес, халықтың жылы сөзі арқылы керек», — деп күрес ошағында жүрген маман көзіне жас алған еді. Даниэль Маккини, италиялық дәрігер, хирург: «Біз соғысқа дайындалғандай болдық, бірақ оның қаншалықты қатал болатынын білмедік. Соғыс қызған шағында, шайқас күндіз де, түнде де жүреді. Науқастар кезек күттірмейтін көмек бөлімшесіне бір-бірлеп келеді. Мен Бергамодағы екі жылдық жұмысымда мұндайды көрген емеспін. Бұл тұмау сияқты емес.Әлеуметтік желілер «коронавирустан қорықпайтынын» мақтан тұтатын адамдарға толы, олар гигиена шараларын елемей, шектеулерге қарсы наразылық білдіреді – бірақ бұл эпидемиологиялық апат фактілерін өзгертпейді.Біз, дәрігерлер, батыр емеспіз. Бұл – біздің жұмысымыз. Қазір біз пайдалы болуға тырысамыз», — деп жазды.

Ал Ұлыбританиялық дәрігер Элейн Торп: «Интенсивті терапия қызметінде 23 жылдан бері жұмыс істеп жүрмін. Мұндайды көрмегенмін. Тіпті 2005 жылғы Лондондағы жарылыста да осыншама аз уақытта дәл осындай қиындықты бастан өткермедім» десе, шетелдік журналист, экономист Питер Кених: «Ең қорқыныштысы: біз өзіміз көре де алмайтын жаумен күресіп жатырмыз», — деген еді. Осы зілзала апат болмай-ақ, бомба жармай-ақ, оқ шығармай-ақ адамдардың өмірін соғыссыз жалмап жатқаны анық.   Індетпен күресіп жатқан дәрігерлер ұжым боп жұмыс істеудің тәтті дәмін сезінгені рас. Олар бір-біріне қолдау көрсетіп, қиындықтан бірге шығатындықтарына сендіріп, жігерлендіріп отырды. Иранда қауіпті жағдайда жұмыс істеп жатқан дәрігерлер өздерін видеоға түсіріп, жұртты мойымауға шақырды. Әлеуметтік желілерде олардың билеп жатқан видеолары кең тарала бастады. Бұл – дұрыс әрекет! Себебі уайым, көңіл күйдің түсуі – адамның вируспен күресуге деген күшін жоғалтып, иммунитетін түсіретіні анық. Осылайша олар адамдарды жігерлендірді.Халық денсаулығына қатер төніп, елде төтенше жағдай басталғаннан бері үй бетін көрмей, қауіпке қарамай, қолайсыз жағдайларға төзіп қызметін адал атқарып жүрген ақ халаттылардың еңбегі ерен. Осыған дейін жұмысы бағаланбай, еңбекақысы лайықты төленбей, мәртебесі көтерілмей жүрген дәрігерлер алдында еңбектеген баладан бастап еңкейген қарияға дейін бас иіп отыр. «Мылтықсыз майданның» жауынгерлері – дәрігерлерге мың алғыс! Адам өміріне араша түсіп жүрген абзал жандардың еңбегі еселене берсін!

Ақнар Қазезова

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *