Христофор Колумбтың жұмыртқасы

7bet_f11Үлкен жиһангер, саяхатшы Христофор Колумб өмірінің соңғы жылдарын Испанияда өткізеді. Әр жерлерде халықтың көрсеткен қошеметін, құрметін, жоғары бағалағанын, даңқын қызғанғандар да бар еді. Бір күні Кардинал Мендоза Колумбтың құрметіне ас береді. Оған қаланың барлық ақ сүйектері жиналады. Кардинал саяхатшыны қатты мақтайды. Ақсүйектер оны жақтырмайды. «Американы табу онша қиын емес» деп өзара күңкілдеседі. Бұл сөздерді естіген Христофор қызметшілерді шақырып, бір жұмыртқа әкелуін өтінеді. Жұмыртқа келген соң, «Бұл жұмыртқаны кім үстелдің үстіне тікесінен қоя алады?» — деп сұрайды. Адамдардың бәрі жұмыртқаны тікесінен қоюға тырысады. Бірақ ешкімнің қолынан келмейді. Сонда саяхатшы жұмыртқаны қолына алып, домалақ жағын ақырын үстелге ұрып жарады. Жұмыртқа үстелдің үстіне тік тұрады. Мұны көрген қонақтар: «А-а бұл өте оңай, біз де бұлай жасай аламыз», — деп шуласады. Сол кезде саяхатшы сыпайы қалпында:
— Жақсы… Онда неге бұлай жасамадыңдар? – дейді.

Түрік тілінен аударған
Сәуле ДАҒАЙҚЫЗЫ.

ПІКІР ЖАЗУ