Жылдам оқып үйрен

Қадірлі жас достар! Елімізде бірінші рет «Жылдам оқы. 5 есе тез әрі түсініп оқу тәсілдері» деген кітап жарық көрді. Авторы – Мирас Кесебаев (@miras_kesebaev) Автор жылына кемінде 70-100 кітаптан оқиды. Бұл кітабында кітапты жылдам оқу әрі оны ұзақ уақыт есте сақтау құпиясымен бөліседі. Жылдам оқу – оқушының басты қабілеттерінің біріне айналу қажет. Себебі мектеп жылдарын жақсы оқумен өткізсең, алға қарай жолың айқын болады. Күн сайын қаншама ақпаратты оқып үлгеріп әрі есте сақтай алу керек. Біз кітаптан үзінді беріп отырмыз.

 

ЖЫЛДАМ ОҚУҒА КЕДЕРГІЛЕР:

1. Дауыстап оқу
Дауыстап оқу әдетінен арылу үшін тек көзбен оқуды бастаңыз, әдетке айналдырыңыз. Күн сайынғы жаттығулардан кейін дауыстап оқудың аса қажет емес екенін байқайсыз. Дауыстап оқығанға қарағанда көзбен оқығанда 10 есе жылдам оқи бастайсыз.

2. Қайта оқу
Ойың басқа жаққа бөлініп, кейде оқыған жеріңізді оқымаған адамдай түк түсінбегеніңізді аңғарасыз. Қайтадан артқа қайтасыз. Маңызды ақпарат оқылмай қалғандай немесе тұтас кітапты түсінбей қалатындай сезімде боласыз. Бірақ қаншама жүргізілген зерттеулер мен тәжірибелерден байқағанымыз – қайта оқылған ақпараттар кітаптың мазмұнына әсер етпейді. Оны оқымай кеткен оқырман еш нәрсе жоғалтпайды. Келесі жолы оқығаныңызды түсінбей артқа қайтып, қайталап оқығыңыз келсе, оған мән бермеңіз. Ары қарай жалғастыра беріңіз.

 

ОҚЫҒАНЫҢДЫ ЕСТЕ САҚТАУ:

1. Байлыққа апарар құпия хат
Елестетіп көріңізші, сізге Билл Гейтстен байлыққа апарар құпия хат келді. Қалай оқимын деп ойлайсыз? Әрине, әрбір сөзін мұқият оқисыз. Бірде-бір сөзді далаға жібермейсіз. Әйтпесе, бір жерді байқамай қалдырып кетсеңіз немесе түсінбей қалсаңыз, байлыққа апаратын жолда адасып қалуыңыз мүмкін. Хатты осылай оқыған кезде назарыңыз басқа жаққа ауып кетуі мүмкін бе? Жоқ. Мұндай кезде сіздің көзіңізден ештеңе таса қалмайды. Мекен-жай, адам аты, жер атауы түгел санаңызда жаңғырып тұрады. Хатты бұлай оқу процесін «назарды толық шоғырландыру» десек қателеспейміз. Кітапты оқыған кезде де назарды осылай шоғырландыра білсеңіз, сонда 80% ақпарат есіңізде тұрады. Бір нәрсеге мұқияттылық таныта алмасаңыз, маңызды дүниені жоғалтып алатындай сезіммен оқу керек.

2. Қорытынды жасау
Кітап оқығанда әр бөлімнен кейін қорытынды жасау, яғни өнімді жинап отыру қажет. Онсыз оқығанымыз пайдаға аспай қалады. Бір тақырыпты бітірген соң 2-3 минут ішінде оқығандарымызды ойша жүйелеу керек. Тақырып не туралы? Не жайлы айтылды? Нені білу керек? 3-4 сөйлеммен қорытынды жасаңыз. Егер мүмкіндік болса, өз сөзіңмен жазып шығу қажет. Күрделі мәселелерді түсінгеніңізге көз жеткізу үшін 10 жастағы балаға түсіндіріп көріңіз. Бүлдіршінге соның тілімен түсіндіруден басқа шара жоқ. Оған түсіндіре алсаңыз, онда өзіңіздің де дұрыс түсінгеніңіз.

 

ЖЫЛДАМ ОҚУ ТӘСІЛІ:

1. Тіркеспен оқу
Қолыңызға кітап алып, мәтінге қарағанда бірден 2-3-4 сөзді біріктіріп, сөз тіркесі етіп оқыңыз. Мәтінге қарағанда оны ойша тіркестерге бөліп тастаңыз. Осылай жасау арқылы оқу жылдамдығын 3,5 есе арттырасыз. Қаласаңыз, қаламсап не саусағыңызды қолданыңыз. Бұған дейін 1 бетті 3-5 минутта оқып жүрсеңіз, енді тіркеспен оқу арқылы 1-1,5 минутта оқып тастайсыз. Бұл жылдамдықтың басы ғана. Кітаптағы бір жол әдетте 8-12 сөзден тұрады. Демек, сіз бұған дейін 8-12 рет тоқтайтын едіңіз. Ал тіркеспен оқығанда сіз 2-3 сөзден топтап, бір жолда 2-3 рет қана тоқтайсыз.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *