Жетістікке адал жол апарады

Жас оқырман, Лашын Мұратқызының әндерін тыңдап көргендерің бар ма? Тыңдамағандар болса, ғаламтор арқылы тауып алып, тыңдауға кеңес беремін. Сұхбатымыздың бүгінгі кейіпкері – танымал әнші, сазгер, әнсүйер қауым сүйіп тыңдайтын «Алғашқы қар», «Қайтар маған», «Жоғалған сезім» әндерінің орындаушысы Лашын Мұратқызы.

 

– Әңгімеміздің әлқиссасын балалық шаққа шолу жасаудан бастасақ. Бойыңызда әнге деген құмарлық қай кезден оянды?
– Мен Алматы облысы, Райымбек ауданы (бұрынғы Нарынқол), Сарыбастау ауылында 1979 жылы 13 ақпан күні дүние есігін аштым. Балалық шағым есте қаларлық сәттер мен қызыққа толы өтті.
Әнге құмарлығым мектеп қабырғасынан оянды, ән шырқауды 5-cыныптан бастадым. Концерт болсын, байқау болсын, ән салуға асығатынмын. 1996 жылы орта мектепті тәмамдап, кейін Алматыдағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының музыка факультетіне оқуға түстім.
–Композиторлық қырыңыз жайлы айтсаңыз.
–9-сыныпта оқып жүргенімде ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Естелік» атты өлеңіне алғашқы әнімді жаздым. Қазір осы ән жаңаша өңделген нұсқасы бойынша өз орындауымда және «Жігіттер» квартетінің орындауында көрермен назарына ұсынылды. Ал өзімнің жеке орындауымда басқа да сазгерлердің әндері бар. Белгілі сазгер Ербол Спаналиевпен тығыз шығармашылық байланыстамын. Сол кісінің әндерін орындап, дуэт боп өнер көрсетеміз. Қазір ән қоржынымда 25-ке жуық ән бар.
– Әнші қандай болу керек?
– Әншіге ең алдымен, әкенің қаны, ананың сүтімен берілетін табиғи дауыс пен таза жүрек керек. Сазгер әнді ұсынғанда бірнеше әннің ішінен өз әніңді танисың. Тек сол әнді өңдетіп, жүрекпен жеткізе білгенде ғана ол жүрекке жетеді. Ән жаздырғанда, орындағанда жасандылыққа жол жоқ! Себебі микрофон – бәрін сезгіш құрал.
– Әнді сахнаға алып шығуда қандай қиындықтар туындайды? Жалпы әнді қалай өңдеген дұрыс?
– Әр әннің, әр өңдеушінің өз стилі болады. Әнді табиғатына қарай өңдету керек. Әнді өңдету үдерісінде қызық та, қиын да сәттер кездеседі. Кейбір әндер тез өңделсе, ал кейбірі көңілден шықпай, бір-екі айға дейін созылуы мүмкін. Бірақ жан дүнием әнге жақын болғандықтан, шаршамай, талмай өнер жолында жұмыс жасағым келеді.
– Бала тәрбиесіне қатысты не айта аласыз? Қанша балаңыз бар?
– Үш балам бар. Үлкен қызым Әнел Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында театр және кино факультетінде 3-курста оқиды. Ал екінші қызым Ажар №148 мектеп-гимназиясының 9-сыныбында тәлім алып жатыр. Үшінші балам Бек 2-ден асты. Мен балаларыма үнемі шыншыл, адал, бауырмал болыңдар деп ақыл-кеңесімді айтып отырамын. Жетістікке жету үшін адал жолдың ғана серік болатындығын түсіндіремін. Олармен сырласып, ой-пікірлеріне құлақ асамын. Бастысы Алла сана берсін деп тілеймін.
– Қазақ радиосындағы жұмысыңызға тоқталсаңыз. Радиода қандай қызметке жауаптысыз?
– 2003 жылдан бері Қазақ радиосында музыкамен көркемдеуші болып жұмыс жасап келемін. Тікелей эфирдің дыбыс инженерімін. Бұл қызметім әнмен тікелей байланысты болған соң, жұмысымды бар ынтаммен атқарамын.
– Журнал оқырмандарына тілегіңіз қандай?
– «Мөлдір бұлақ» журналының оқырмандарына бар жақсылықты тілегім келеді. Ең алдымен, «үлкенге құрмет, кішіге ізет» көрсетіп, мейірімді, кішіпейіл болу керек! Ой, ниет таза болып, білімге ұмтылса, барлық армандарына ақырындап қол жеткізетіндері шүбәсіз. Барлықтарыңа бақытты балалық шақ тілеймін.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – Ақнар Қазезова

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *