Мен таңдаған мамандық

«Тіршілікте адам екі нәрседен жаңылыспауы тиіс. Біріншісі жар таңдау болса, екіншісі мамандақ таңдау» дейді дана халық. Менің ойымша, мамандық таңдау мәселесі баланы да, ата-анасын да ерте жастан мазалауы керек. «Ой, әлі ерте ғой» деп бейқам жүргенде уақыт зымырап өтіп жатады. Мамандығы бойынша жұмыс істейтіндердің көрсеткіші әлем бойынша оң деп баға беру өте қиын. Ал менің қалаған мамандығым – журналист. Бұл мамандықтың басқа мамандықтарға қарағанда шоқтығы биік тұрады. Журналистің басты мақсаттарының бірі – халық пен үкімет арасындағы қарым-қатынасты сақтап қалу. Әрқашан теледидардан сөздің майын тамызып, нағыз қазақы мінез-құлық, бітім-болмыс көрсететін, шындық үшін шырылдап жүретін журналистерді көргенімде осы мамандыққа деген сүйіспеншілігім арта түседі.

Менің арманым — тек қана журналист болу емес, қоғамға керекті, елімізге еңбегі сіңер, атқарған жұмысымен үлгі болар, нағыз кәсіби маман атану. Журналист – бұл төртінші билік. Журналист нақты ақпарат көзін жинап, қарапайым халыққа ащы да болсын шындықты жеткізуі керек. Бір жағынан, олар қоғамның өткір мәселелерін талқыға салып, от пен су кешіп, тіпті өз бастарына қатер төндіріп те жүреді. Негізінен бұл — аса қауіпті мамандықтардың бірі. Сондықтан батылдық та негізгі рөл атқарады. Бұл мамандық — материалдық байлықты емес, рухани байлықты көздеген адам таңдауға тиіс мамандық. Менің мұны таңдаған себебім де сол.

Мен рухани бай болсам деймін. Халқын «маса» болып оятқан Ахмет атамдай білгір, көсемсөз шебері болғым келеді. «Жан қиналмай жұмыс бітпес, талап қылмай мұратқа жетпес», — дегендей, алдыма үлкен талап қойып, соны орындау үшін жанымды салып кірісемін. Болашақта халқыма пайдам тиетін, ойы ұшқыр, қаламы қарымды, мақсаты айқын журналист болғым келеді. Ендігі ғұмырымның жалғасын да, мәнін де журналист боламын деген мақсатыммен ұштастырамын. Саны бар, сапасы жоқ, аты болғанымен заты жоқ, жаңашыл ойы жоқ, тек баяғыны баян ететін, тозығы жеткен журналист болғаннан гөрі, заман ағымына сай, ұлттық журналистиканы әлемдік деңгейге көтеретін тұлғалардың бірі де бірегейі болсам деген арман бар жұдырықтай жүректе. Жеке өзіме «31-канал» жүргізушісі Ирина Советжанқызының, «КТК» телеарнасындағы «Астарлы ақиқат» бағдарламасын жүргізетін Дина Төлепберген ханымның және де «Қазақстан» телеарнасындағы «Қарекет» бағдарламасының жүргізушісі, марқұм Бейсен Құранбек ағамның сөз саптауы, сөйлеу мәнері, сөз сөйлеу мәдениеті ұнайды. Олар сөйлеген кезде сөздің майын тамызып сөйлейді. Әр күн сайын, минут сайын өз бойыма журналистика маманының сәл де болса бөлігін қосып, игерудемін. Өз басым ақиық ақын Мұқағали жырын ұран қыламын:

Мына өмірде жүргеніңде,
Бойыңда ыстық қан барда,
Болмысты да, болмасты да
Болады деп арманда.

Бықсып жанған қоламта емес,
Артымызда шоқ қалсын.
Болашақтың ошағында
Біз тұтатқан от жансын.
Ей, болашақ,
Ей, болашақ,
Ошағыңда біз тұтатқан от жансын!

Ендігі мақсат өзімді жетілдіру, жан-жақты етіп дағдыландыру, ой-санамды әрқашан өсіру болмақ. Жақсы журналист жақсыны да, жаманды да көреді, жаман журналист жаманды ғана көреді дегендей, алдағы өмірде өзімді баптап, бойымдағы кемшіліктерімді түзетіп, өзімді алдымен жақсы түсінсем деймін. Алдымда күткен қиыншылықтарды қалайда жеңіп, асау өмірдің әр қиылысымен адаспай жүргім келеді. Кейін оқи, өсе келе өзімнің жеке арнамды, газет-журналдарымды ашып, шындықтың шерін тарқатып айтатын бағдарлама, ток-шоуларды жасасам деймін. Мен үшін журналистика — ең ұлы, ең қастерлі мамандық. Сол арманымның жолында талмай еңбек етуге дайынмын!

Ләззәт МӘУІТ, жас тілші, Алматы қаласы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *