Денсаулығыңа көңіл бөліп жүрсің бе?

Денсаулық – баға жетпес қазына және оны сақтаудың неше мың сан әдісі бар. Біз көптеген отырыстарда, мерекелік жиындарда тілек айтқанда: «денсаулығың мықты болсын!» деген сөздерді жиі қолданамыз. Расында да, бұл – адамның мұқият қадағалауын қажет ететін нағыз байлық. Осы байлықты сақтау үшін жеті қағиданы естен шығармауымыз керек:
— құрамында көбірек дәрумендері бар астарды ішу;
— ас мәзірінің пайдалы болуы;
— күніне міндетті түрде 8 сағат ұйықтау;
— таза ауада серуендеп тұру;
— әртүрлі спорт түрлерімен шұғылдану;
— ағза талап ететіндей мөлшерде су ішу;
— үнемі медициналық тексерістен өтіп отыру;
Енді мен осы қағиданың әрқайсысына тоқталып кетпекшімін. Көптеген диетолог мамандарның айтуынша, адам ағзасы үшін тамақтың орны бөлек, әсіресе, таңғы астың. Себебі таңғы ас саған үлкен күш-қуат беруі тиіс. Ас мәзірінің құрамы да маңызды болып табылады. Ол аста дәрумендердің көп болуы иммунитеттің көтерілуіне әсер келтіреді, яғни түрлі жұқпалы аурулардан сақтайды.
Ұйқы – мидың барлық орталықтарын қамтитын тежеу. Ұйқы кезінде адамның барлық жүйелері жұмыстарын бәсеңдетіп, тыныштық күйді сақтайды, ағза демалады. Ол мидың жұмысына қатты әсер еткендіктен, күніне орташа есептегенде 8 сағат ұйықтау қажет. Ұйқыдан оянғаннан кейін бірнеше минуттық жүгіру жаттығулары артық болмайды. Таңғы жаттығуды аспан астында жүргізсең, нұр үстіне нұр болар еді. Бір жағынан дене шынығады, бір жағынан таза ауамен серуендеп те аласың. Қысқасы, салауатты өмір салтын ұстану керек.
Адам ағзасының 80%-ы судан тұратынын барлығымыз білеміз. Интернет желісінен мынадай сұрақтарға жиі кезігіп қаламыз:
— Тәулігіне қанша су ішу керек?
— Судың қандай пайдасы бар?
— Су салмақ тастауға көмектеседі ме?
Мамандардың айтуы бойынша, әрбір адам күніне 2-2,5 литр су ішуі керек екен. Су- адам ағзасы үшін өте маңызды. Егер артық салмақтан құтылуды армандап жүрген болсаңыз, әр тамақтану алдында жарты сағат бұрын бір стақан су ішу жеткілікті. Айта кетсек, диетолог мамандардың сөздерінше, күнде теңертең аш қарынға бір стақан су ішуді әдетке айналдыру қажет. Косметологтардың өздері қабылдауға келген адамдардан су ішу режимдері жайлы сұрайды. Өйткені судың жетіспеушілігі бет терісіне және шашқа да әсер етеді.
Денсаулығыңдағы ақауларды білу үшін міндетті түрде медициналық тексерістен өтіп тұрған дұрыс. Кез-келген ауруды алдын ала емдесең, жазылмайтын ауру жоқ.
Денсаулық – зор байлық.

Анель НАРЫМБАЕВА, жас тілші,
Алматы облысы, Талғар қаласы, №49 мектептің 11-сынып оқушысы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *