Ең бірінші — тілімізді білу

Аягүл Төреқызы Миразова — математика пәнінің мұғалімі, Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының Академигі. Қазақстанның тұңғыш Еңбек Ері, «Алтын жұлдыз» және «Отан» орденінің иегері. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасының Білім Беру ісінің Құрметті қызметкері. Алматы қаласының Құрметті азаматы.

Сіздің мұғалім болуыңызға кім себепкер болды?

— Біздің кезімізде мұғалімдердің беделі керемет зор болатын. Ата-аналар да, балалар да ағай, апай келе жатыр дегенде тік тұрып,  ол кісілерді қарсы алып, айтқанының бәрін орындайтын. Өйткені мұғалімге сенетін. Мұғалім дәл сол кезде білім ғана бермейді, оған қоса сені тәрбиелейді, тұлға болып шығуыңа бірден-бір әсер ететін, күш жұмсайтын адам екенін түсінген. Бүгінде мұғалімнің беделі қатты түсіп кеткені жасырын емес. Жақын арада мұғалімнің беделі жайында заң қабылданды. Халықта сол мұғалімді құрметтеуге деген көзқарас өзгеретін шығар. Әрине, мұғалім де сол құрметтеуге тұратындай, жүрегі таза, адал, әділетті, білімді де білікті,  бойы тұнып тұрған тәлім-тәрбиеге және білімге толы болу керек. Ондай мұғалімнің беделі қай заманда да болсын асқақтап тұрарына кәміл сенемін.

Мен негізі мұғалім боламын деп ойлаған жоқпын. Мектепте оқып жүргенде арманым елді емдеп, дәрігер болу еді. Дәрігерлік оқу орны Алматы қаласында болды. Дәрігер болу маған бір сөзбен айтқанда бұйырмады. Келесі жылы бұрынғы Жамбыл, қазіргі Тараз қаласында педагогикалық институт ашылатын болды. Институтқа кеткен кезімде менен кейінгі інім менен 10 жас кіші, бірінші сыныпта оқитын. Анамның денсаулығы болмады, әкем маған «мұғалім болсаңшы, оқуы ашылып жатыр екен, айналайын, үйге келіп, анаңа көмектессеңші, басқа қыз жоқ қой»- деп, үгіттеді. Әкемнің айтқанына іштей келіспесем де, құлақ асып мұғалімдікті таңдадым. Бірақ, қарап отырсаң мұғалім мен дәрігер екеуі де адаммен жұмыс жасайды, бірі — емдесе, екіншісі — тұлға қылып шығарады. Мен мұғалім болғаныма ешқашан өкінбеймін. Институтқа бардым, емтихан тапсырдым, әрине медаль алмасам да жақсы оқығанмын, мұғалімдік оқуға түстім. Математика факультетін тәмамдап, диплом алдым. Содан кейін бір рет те мұғалім болмаймын деген ой болмады, 50 жылға тарта жұмыс жасадым. Оның ішінде мұғалім, тәрбие ісінің меңгерушісі, оқу ісінің меңгерушісі, 25 жыл директор болдым. Сол өз еңбегімнің жемісін бір кісідей көрген адаммын, бағаланып та отырдым, ата-ананың да, оқушылардың да ризашылығына өмір бойы ие болдым. Аллаға мың да бір шүкір!

Іс-тәжірибеге жаңалық әкеліп, өзгерістер енгізуге қалай қарайсыз?

— Қазір мен демалыстағы ұстазбын. Бірақ әлі де өзімнің қолымнан келген, білетін дүниелерімді жас ұстаздарға, әріптестеріме, мектеп басқарып отырған басшыларға шамам келгенше кеңес беруге тырысамын. Заман қандай болса да, талап қандай болса да, оқытудың жаңа формаларына еніп жатсақ та, мұғалім білімді болу керек, бойындағы білімді оқушыға бере алу керек. Кейбір мұғалімдер бар, өте білімді, шәкіртке білімді берген кезде өзінде қалып қояды, шәкірт соны қабылдап ала қоймайды. Міне, осыдан құтылу керек, ол мұғалімнің бойында білімі, шәкірттің бойына құя алатын қасиеті болуы керек. Сонда ғана ол мұғалімнің алдынан білімді де білікті шәкірт шығары сөзсіз. Қазір техника заманы, бұрын біз жұмыс істеген кезде дидактикалық материалдарды өз қолымыздан жасайтынбыз. Қәзір бәрі дерлік дайын, дидактикалық материалдар да, оқулықтар жетерлік. Дәл қәзіргі уақытта мұғалімнің жұмысы біздің кезімізге қарағанда жеңіл деп айтамын. Бірі бұл ойыммен келісер, бірі келіспес. Еліміз тәуелсіздік алды, міне, дамыған 30 елдің қатарына енуге барынша жұмыс жасап жатырмыз.

Елімізде болып жатқан білім реформасы жайлы айтсаңыз.

— Көптеген талқылауларда, Білім және ғылым министрлігінде болып жатқан жаңалықтарға, жаңа оқыту әдіс-тәсілдеріне, жаңа оқулықтарға қатысты талдау кезінде қатысып өз ойымды ортаға салып жүремін. Парламенттік отырысқа да қатыстым, мұғалімнің беделі жайлы біраз ұсыныстар айтқан болатынбыз, оның бәрі іске асты. Өмір бір орында тұрған жоқ, жыл өткен сайын жаңа бір ұсыныстар, талаптар керек болады. Бұл — өмірдің заңы.

Мектептің оқу-тәрбие үдерісі жаңа әдіс-тәсілдермен өткізілуін қалайсыз ба?

— Әл-Фараби атамыздың 1150 жылдығы біздің елімізде ғана емес, ЮНЕСКО көлемінде ерекше аталуда.  Оған қоса Абай атамыздың 175-жылдығына орай көптеген іс-шаралар өтуде. Біздің еліміздің азамат, азаматшалары сондай даналарамыздың қалдырған тәлім-тәрбиесін, білімге деген құштарлығын өз бойларына дарытуға талпынуы керек. Әбу Насыр әл-Фараби айтқандай: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек. Тәрбиесіз берген білім – адамзаттың қас жауы,  келешекте оның өміріне қауіп әкеледі». Біз тәуелсіздік алғанда өзіміз өте қиын жағдайда қалдық, экономикалық жағдайымыз құлдырады. Кейбір мұғалімдердің жұмысын тастап, базар кезіп кеткені, басқа қызметкерлердің де селсоқ жүрген кездері болды. Сол кезде біраз нәрсені жоғалтып алдық па деп ойлаймын. Әсіресе тәрбие мәселесінде олқылықтар бар. Білім тәрбиесіз берілмеуі керек. Тәрбие саласында үлкен өзгеріс керек. Ата-баба тәлім-тәрбиесін, өнегесін өзіміздің ұлттық педагогикамызды дамытып, тәрбиеге ерекше көңіл бөлетін уақыт туды. Басшыларға қарап отырмай, әрбір жанұя, Қазақстанның азаматы, «Мен қазақпын» дегендер бірінші — тілін, дінін білуге, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін ұстануға, тәрбие беруге жұмыла ат салысуымыз керек. Негізі балаға тәрбие үш жақтан беріледі, біріншісі — отбасы, екіншісі — мектеп, үшіншісі —оны қоршаған орта, яғни ауласы бар, жолдасы бар дегендей. Осы үшеуі мығым болса, ынтымақтастықта жұмыс істесе біздің балаларымыз ең тәрбиелі, тәлімді, білімді ұрпақ болып шығады. Біздің ұлттың балаларының қанында бар, олар шын мәнісінде өте дарынды, тек сол дарынының көзін ашу керек. Балалардың бойындағы дарынды дамыту керек, ата-анасы, ұстаздары болып келешегіміздің кемелденуіне өз үлестерімізді қосуымыз керек деп ойлаймын.

Мұғалім мамандығы сізге қай қырынан ұнайды?

— Мұғалім мамандығы ең қымбат, ең қиын, ең қызық, өте бір керемет мамандық. Баламен жұмыс істеу деген бақыт, баланың жүрегі, көңілі таза. Бұндай таза жандармен жұмыс істеу ол өзіңнің жасыңды, қиын-қыстау кезіңді ұмыттыратын сондай керемет мамандық. Жақсы мұғалімді оқушы өмір бойы жүрегінде сақтайды, еш уақытта ұмытпайды. Алдыңыздан ата-ана шығып қалып: «Ой, сізде менің балам,қызым оқып еді, белгілі бір мекемеде жұмыс істейді, қазір мынанша баласы бар»,- дегенде сізден бақытты адам жоқ қой. Шын мәнісінде жақсы мұғалім ол барлық шәкірттерінің жүрегінің төрінен орын алып тұрады. Сондықтан жақсы мұғалім болуға, жақсы атануға емес, адал да білімді, білікті қалпымен шәкірттерін жанымен жақсы көретін, бойындағы білімін соңғы тамшысы қалғанша құйып беруге талпынатын ұстаз болуға тырысу маңызды.

Тәуекелге жиі барасыз ба?

Мен тәуекелшіл жанмын деп айта алмаймын. Таразға салып, содан кейін ғана шешім қабылдаймын. Тәуекел деп шешкен ойың опық жегізу әбден мүмкін.Өзің опық жесең мейлі ғой, бірақ келесі ұшы басқа адамға зиянын тигізбейтініне ешкім кепілдік бермейді. Тәуекелді батылдықпен шатастырмау керек, батыл қадам жасадым деп өзің сол шешіміңнен таяқ жемей тұрып, жақсылап саралаған жөн деп ойлаймын.

                 Сұхбаттасқан — Ләззәт МӘУІТ, жас тілші, Алматы қаласы

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *