Әлемді қаһарына алған індеттен қалай сақтанамыз?

Әлемді қаһарына алған індеттен қалай сақтанамыз?

 

Коронавирус қаһарына мінді. Әлем аждаһасы Қытай, өркениет елдерінің бірі Италия, заманауи технологиялардың көшбасшысы Оңтүстік Корея халқын жайпап жатқан дерт Қазақстанды да айналып өтпеді. Халықтың бірі алып-ұшып, азық-түлік алып, уайымға берілсе, енді бірі бейғамдық танытып отыр.

Маска тапшылығы мен бағасының шарықтауы, медициналық қолғаптардың жеткіліксіздігі, қолға арналған антисептиктердің таусылуы елімізді әуре-сарсаңға салды. Әлеумет әбігерге түсіп, шарасыздық халі орнағандай күйде. «Енді не істейміз? Масканы қайдан аламыз? Антисептикті қалай дайындаймыз? Қолдан қалай жасаймыз?» деген сұрақтар бәрінің мазасын қашырғаны сөзсіз. «Сақтықта қорлық жоқ» дегендей, «Мөлдір бұлақ» журналы да өз оқырмандарының денсаулығы үшін қатты алаңдайды. Сол себепті сіздерге үй жағдайында антисептик пен маска жасаудың бірнеше тиімді тәсілін ұсынбақпыз.

 

Антисептикті үйде дайындау әдісі

 

1-тәсіл

Бір ыдысқа 800 мг спирт, 14,5 мг глицерин, 42 мг сутегі пероксиді, 20 мг тазартылған су қосып, осы айтылғандардың барлығын жақсылап араластырып, сұйықтық дайындайсыз.

 

2-тәсіл

Шөлмекке 750 мг изопропил спиртін, 14,5 мг глицеринді, 42 мг сутегі пероксидін және 20 мг тазартылған суды араластырып, анстисептик дайындауға болады.

 

3-тәсіл

160 мг медициналық спиртпен 80 гр алоэ вера гелін жақсылап араластырып, дайын болған сұйықтықты контейнерде сақтау керек.

 

Антисептикті ауа кірмейтін ыдысқа (пластикалық бөтелке, т.б.) сақтаған дұрыс. Сөмкелерге саларда, көшеге алып шығуға ыңғайлы болу үшін кішірек және мейлінше сепкіші бар ыдысқа құйып алған абзал.

 

  1. Мәрліден маска жасау

– Мәрлінің ұзындығын – 20 см, енін – 10 см қылып, оның жұқалығына байланысты бірнеше қабаттап тігу қажет. Себебі қазіргі медициналық мәрлілер өте жұқа. Төрт бұрышына төрт бау тігесіз. Мұрынның үстін жауып, жоғарғы жағынан, тамақтың астынан қымтап төменгі жағынан байлайсыз. Сол кезде сырттан ауа кірмейді және түшкіріп, жөтелген уақытта микроб шықпайды. Вирус мұндай маскадан өте алмайды. Масканы әрбір үш сағат сайын ауыстырып отыру қажет. Оны кәдімгі шаруашылық  сабынмен (кір сабын) жақсылап жуып, кептіріп отыру керек. Содан кейін ыстық үтікпен үтіктеп пайдалана бересіз. Мәрліден жасалған маска сізді әртүрлі инфекциялардан қорғауға өте тиімді.

 

  1. Дәке мен мақтадан маска жасау

– 80 х 40 см өлшемді дәкені ұзын жағынан екіге орайсыз. Осыдан соң ені 20 см жолақты төртке орайсыз. Орта бөлігіне мақта толтырып, «жастықшаны» шетінен тігіп, масканы бетіңізге тағуға көмектесетін ленталарды қосып тігесіз. Масканы бір рет қолдануға болады, сондықтан бір сағаттан соң шешуге тура келеді.

 

 

  1. Матадан маска жасау

– Мұндай масканы қолдан жасау үшін қажет емес киімнен қалған маталар қажет (ол киім де, жастықтыс та болуы мүмкін. Бастысы табиғи мата, мысалы мақта болуы тиіс).

Шамамен өлшемі 50 х 30 см мата әзірлемесін екіге орау қажет. Ұзындығынан екі жақтап тігіңіз. Бет жағына бұрып, тігіс ұзын жағының ортасында анық болатындай етіп орналастыру керек. Масканы осыдан соң екіге орап, қысқа жағынан шетінен 1 см қалдырып, тігесіз. Төрт бұрышты бетпердені қайтадан ортасына тігіспен орналастырылып, масканың жиегіне резеңке немесе таспа қойып, тігесіз. Матадан жасалған маскалар әдеттегі медициналық маскалардан кем түспейді. Мұндай масканы үйден шықпай-ақ, қолыңызда бар дүниелерден жасап алуға болады.

Маска қорғанудың ең кең таралған құралы болып табылады. Оны емханалар мен стационарларда қолданады. Бұл таңғыштар тыныс алу жолдарын ауа арқылы таралатын жұқпалы аурулардан қорғау үшін кеңінен қолданылады. Медициналық маскаларды екінші қайтара қолдануға болмайды. Әсіресе, қазіргідей «коронавирус» індеті таралған жағдайда әр екі-үш сағат сайын масканы ауыстырып отыру қажет.

Дайындаған —

Ақнар Қазезова

ПІКІР ЖАЗУ