Ораза көркем мінез қалыптастырады

Сәлем менің сүйікті де сүйкімді оқырмандарым! Менің бүгінгі сіздермен бөлісер ақпаратым барша мұсылмандардың бес парызының бірі ораза жайлы болмақ. Алдымен ораза сөзінің өзі қандай мағына беретіндігін біліп алайық. Ораза араб тілінен аударғанда «ас-саум» – өз нәпсісін тыю, жаманнан алыстау деген мағынаны білдіреді. Ораза – бір нәрседен қашық болу, яки алыстау. Нәпсі деген ұғымға келіп тіреледі.Ал нәпсі дегеніміз не? Бұл нәрсе адамды арандататын нәрселерге адамның кұмар болуы. Оған нені жатқызуымызға болады? Күнделікті өмірдегі нәрселерге қанағаттанбау, нәтижесінде құмарлыққа ұрыну. Сол үшінде қазақтың мұсылман ұл-қыздары ораза ұстап өздерінің парыздарын орындап, 1 ай көлемінде ішіп-жеуден және нәпсі қалауларынан, көптеген басқа қызығушылықтардан шектеліп, құмарлық сезімдерінен сақтануға тиіс. Иә достар, өздеріңіз білетіндей, ораза ұстауға қыздарға 9 жастан, ер балаларға 12 жастан бастап рұқсат етілген.
Ораза – ислам дінінің негізгі бес парызының үшіншісі. Ораза ұстаған адам таң атқаннан күн батқанға дейін ниет етіп, дұға-тілегін жасап ауызын бекітеді. Яғни ішіп-жеу, басқа да оразаны бұзатын нәрселерден аулақ болады. Барша мұсылманға ораза ұстау – парыз.
«Рамазан – адамдарға тура жол нұсқаушы, ақ пен қараны айырушы, бекем тұтынатын дәлел ретінде Құран түсіріле бастаған ай. Рамазан айы туғанын көрген адам ораза ұстасын. Кімде-кім ауру болып, әйтпесе сапарда жүрсе, онда басқа күндерде өтесін. Алла сендерге жеңілдік болуын қалайды, ауырлық түсіргісі келмейді.» (Бақара сүресі, 187- аят).
Ораза адамды оның бойындағы жаман әдеттерден арылуға көмектеседі, рухани өсуге жағдай жасайды, адам бойына көркем мінез қалыптастырады.
Сіз білесіз бе? Қазақтарда осынау ықылым заманнан бері келе жатқан ата-дәстүр бар. Ол – ауызашарға шақыру. Кез келген адам ораза ұстап жүрген мүміндердің басын қосып шаңырағына ауызашарға шақырса оған сауап бар деседі. Дәл осы Рамазан айында ұстаған оразамен қатар зекет беріп, мұқтаж жандарға көмек көрсетіп, қайырымдылық шараларымен айналысқан да жөн.Әрі адам ауызындағы әр сөзге де абайлап сөйлеуге тиісті, бос сөзден аулақ болса тіптен жақсы. Бұл оразаның ең бір жақсы жағы, ол қоғамдағы адамдар мен әлем арасындағы түсіністік пен мейірімділікті қайта қалпына келтіруге зор ықпал ете алады.Әр шаңырақтың ырзық-несібесін арттырып, дәулеттілер мен жоқ-жітіктің арасына үлкен көпір тұрғызады, адам не нәрсенің болсын қадірін ұға бастайды.
Ал оразасын қаза қылып алған жандар оны кейінірек Рамазан айы аяқталып, үш күн тойланатын айт мерекесі аяқталысымен өтесе болады.
Ораза ұстаған адамға не нәрсе мұстахап екенін білесіз бе?
1) Бір жұтым су болса да сәресіде тұрып ішу.
2) Ауыз ашуға асығу. Ауызды сумен яки құрмамен ашу – сүннет.
3) Ауыз ашарда арнайы дұғаны оқып барып ауыз ашу.
4) Аузы берік адамдармен бірге отырып ауыз ашу. Кедейлерге қол ұшын беру.
5) Жақсы сөздер сөйлеу.
Әрине, бұл жоғарыда аталған кеңестер достарыма көмек болады деп сенемін. Ораза – ғибадат! Және де тағы да айтарым бес парызды да біле жүргейсіздер:
1.Кәлима Шаһадат.
2.Намаз оқу.
3.Рамазан оразасын ұстау.
4.Зекет беру.
5.Қажылыққа бару.
Достарым, ораза ұстамақ ойларың болса тек таза ниетпен бастауға кеңес беремін, тек жақсы нәрсе ойлаңыздар. Алда келе жатқан мұсылмандар мерекесі, ең қасиетті ай, айлардың сұлтаны – Рамазан мүбәрәк болсын, қалың қазақ жұрты!

Аяжан ҚҰДАЙБЕРГЕН, жас тілші, Жамбыл облысы, Шу ауданы, Жамбыл орта мектебінің оқушысы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *