Қазақ поэзиясына ғашық жан

Бүгінгі сұхбатымыздың кейіпкері – сегіз қырлы, бір сырлы, талант иесі, ұстаз, өнертанушы, «Құрмет» орденінің иегері Шаяхмет Имашұлы.

 

– Шаяхмет аға, алдымен балалық шағыңызға саяхат жасасақ. Қандай ортада өстіңіз?
– Менің туған өлкем – Кеген ауданы, Таушелек ауылы. Қазіргі күні жарты әлем таныған «Көлсай» деген көл қоршаған құт дарыған мекенде 1951 жылы дүние есігін аштым. Әкем «Математика» пәнінің мұғалімі болды. Асқар таудай әкем мұғалім деген абыройлы қызметтің жүгін арқалағаннан кейін жаман оқуға хақымыз жоқ еді. Ол кісі домбыра шертетін, сөйтіп менің де домбыраға, әнге құмарлығым оянды. Анамыз әдебиетші, өте сауатты жан еді. Ол бар өмірін бала өсіруге арнады.
Ұстаздардың үйі болған соң, шаңырағымызда шағын кітапханамыз болды. Анам классикалық туындыларды оқығанды ұнататын. Содан мен де кітапқұмар болып өстім. Сөйтіп кітап оқумен, арасында доп тебумен балалық шағымыз өтті. Спортқа жақын болдым. Ауыл, аудан көлемінде ұйымдастырылатын спорттық жарыстарға қатысып, бәйге іліп жүрген жастың бірі едім.
– Кино өнеріне де бір табан жақын адамсыз. Бұл өнер саласына қалай келдіңіз?
– Менің киноға келу хикаям қызық. Бала кезімде киноқұмар болдым. Ол кезде айына бір рет ауданнан фильм келетін. Кинофильм келетінін құлақ шалса, алып ұшатынбыз.
Ауыл шаруашылығы институтында оқып жүрген кезімде ««Қыз Жібек» деген кино түсіріле бастады, сол киноға қазақтың атқа мінер ұлдары керек» деген кинотеатр алдындағы хабарландыруға көзім түсті. Содан бес бала жиналып, түсірілім алаңына келдік. Атқа қарғып мініп, шауып келгеннен кейін режиссерлер арамыздан үшеуімізді іріктеп алды. Сөйтіп бірде Бекежанның, бірде жоңғардың әскері болып киініп, «Қыз Жібектің» жалпыкөріністеріне алашапқын болып киноға түстік. Сонымен менің шығармашылық жолым басталып, ауыл шаруашылығы институты жайына қалды.
1970 жылы Қазақстан бойынша Мәскеудегі ВГИК-тің, яғни Бүкілодақтық кинематография институтының режиссерлік факультетінен 15 орын берілді деген жақсы хабар жетті. Содан Мәскеуден келген он шақты адам Қазақстанның барлық облыстарын аралап, бос орынға байқау жариялады. Бұл хабарды ести сала мен де қара домбырамды арқалап, бақ сынауға көштім. «Қазақфильм» киностудиясына» барып, комиссия мүшелері алдында домбырада күй шертіп, асқақтата ән шырқап, бар өнерімді ортаға салдым. Комиссияға ұнаған болуым керек, сол кездегі олардың бір-біріне қарасып, күбірлеп мені айтып жатқандары әлі де көз алдымда. Осылайша мен 15 баланың қатарына қосылдым. Сөйтіп әлемге танымал «Чапаев» рөлін сомдаған орыстың ұлы актер-режиссері Борис Бабочкиннің актерлік шеберханасына оқуға қабылдандым.
Сол жылы Мәскеуге барып оқимыз деген адам санының көптігі сонша, 1 орынға 250 адамнан келген екен.
– Сізді көпшілік «Мұқағалитанушы» ретінде жақсы біледі. Мұқағали жырларына құмарту неден басталды?
– Оқу бітіріп, ауылға барғанымда кітапханада жатқан Мұқағали Мақатаевтың «Қарлығашым келдің бе?» атты пышақтың қырындай ғана кітабы көзіме ілінді Осы аттас өлеңді оқығаннан кейін мен бір тұңғиық ойға шомдым. Бұл өлеңнің әсер еткені сондай, шығарманы оқыған сәттен бастап Мұқағалиға, жалпы қазақ поэзиясына ынтықтығым оянды. Сол кезден бері поэзияны жаныма серік еттім.
Кездесулерде жүрсем де Мұқағалидың өлеңдерін қатарынан 2 сағат оқимын. Жұрттың «Мұқағалитанушы» деп жүргені Мұқаңның 2000-дай өлеңін 40 жыл зерттеп, соның жартысына жуығын жадымда сақтағаным болар.
Поэзия кешінде Фариза апамыз менің бір сағаттай өлең оқығанымды тыңдап отырып, «Мұқағали тіріліп келгендей болды ғой» деп баға берген.
Мен өлеңді тапсырыспен оқымаймын. Жаныма жақын, ұнаған шығармаларды ғана оқимын. Қазір репертуарымда 30-дан астам ақынның өлеңі бар.
Жақсы өлеңдердің шумақтарын бір дәптерге жазып отырамын. Шалкиіз бабамыздың «Жол іздеген қазақтың басы қайда қалмаған?» деген жақсы сөзі бар, қарап отырсам, сол сөздер тура бүгінгі күнге сай жазылғандай. Қазір шындықты айтатын болсаң, басына бәле іздейсің. Сонау заманда бабамыз айтқан сөздер әлі де өзектілігін жоймаған. Сонда біз, қазақ, қашан өзгереміз?
– Аға, сізді қазылар алқасының қатарынан жиі ұшырастырып жатамыз. Көркем сөз оқу мен актерлік шеберліктің айырмашылығы неде? Көркем сөз оқуды бағалаған уақытта неге басты назар аударасыз?
– Көркем сөз оқуға да актерлік шеберлік керек шығар. Алайда сөз өнері – бөлек өнер. Оның міндеті сахнада бір рөлді сомдап, образ жасау емес. Ол – кез келген ақынның ойын, өлеңін зерттеп, сол шығарманың мәтінін, мәнін тыңдармандарға жеткізу. Қандай өлең болсын ол белгілі бір тақырыпқа жазылады, сол өлеңді халыққа жеткізбек болған орындаушы алдымен тақырыбын, қандай мақсатта жазылғанын зерттеп алуы қажет. Поэзияны түсінбей, оған ұмтылатындар көп. Мен оны қазылар алқасында жүргенде де айтып жүремін.
Тіл өнері де – өнер. Бірақ ол екінің бірінің қолынан келе бермейтін өнер. Қазір бәрі «поэзия оқығыш». Ақынның ойын, сырын түсіну, оны халықтың құлағына жеткізу әркімнің қолынан келе бермейді. Дулат бабамыздың «Айтушы селдей төгілген, тыңдаушы бордай егілген» деген аталы сөзі бар. Айтушы селдей төгілдіріп айтса, тыңдаушы соған лайық болу керек. Оны ұлы Абай атамыз да қайталаған: «Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел!». Сол сияқты кейде сахнада айтылып жатқан дүниені тыңдарман түсінбей жататын кездер болады. Ұйқас құрастырғанның бәрі ақын емес. Елу жыл поэзияның ортасында, поэзияның ішінде жүргендіктен, қандай поэзия керек екенін, оның мәнін, мәтінін, дәмін сезіп қалдым. Оқуға тұратын не тұрмайтынын, тыңдарман қабылдап, қабылдамайтынын бірден сеземін. Қазіргі таңда мен адамдардың санасын оятатын шығармаларды іздеймін, бірақ ондай дүние оңайлықпен табыла қоймайды.
Актерлік шеберлік – рөл ойнау. Кейбір әртістердің өзі поэзия оқи алмайды. Көп жерлерде, мәселен, Ресейде «Поэзиялық театр» бар. Мен де балаларымыздың ақындығын, оқу мәнерін дамытқым келеді, поэзиялық театр ашқым келеді.
Ауыл мектептері болсын, қала мектептері болсын көркемсөзді оқытатын ұстаз керек. Балалар көркем сөз оқуға дайындалған уақытта өз тіліміздің өзімізге керектігін түсінуі, сөйлеген сайын әрбір айтқан сөзінен ләззат алуы қажет. Осы орайда қазақ тілі әлемдегі ең бай тілдердің қатарына жатады, ал, сол бай тілді өзіміз байытып жүрміз бе деген сауал көкейді мазалайды. Егер ана тіліміздің қадірін түсінбесек, өз тілімізде сөйлемесек, оның байлығының керегі не?
– Сіздің біз танымайтын қандай қырларыңыз бар?
– Көп біле бермейтін қырым: спортқа жақындығым. Спорттық жарыстардан жүлделі орындарым жетерлік. Одан кейін домбыраны да бос уақытымда рухани ләззат алу үшін жаныма серік ететінім әдетім бар.
– Оқырмандарға тілегіңіз.
– Әрбір ата-ана өз баласының рухани дүниетанымын кеңейтуді ойласа, «Мөлдір бұлақ» журналына жазылуы керек. Бұл журнал 18 миллион халықтың 1 миллионы жазылатындай-ақ басылым екеніне көзім жетіп отыр. Іші толған рухани байлық, кез келген ата-әже баласымен бірге оқуға тұрарлық журнал. Басылымның мөлдірлігі, соның ішіндегі дүниесі – балаға беретін бұлақ. Оқырмандарыңызға тек жақсылық тілеймін!
– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан — Ақнар Қазезова

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *