Талаптың мініп тұлпарын

Шаймерден ӘСКЕН 2007 жылдың 12-шілдесінде дүниеге келген. Астанада өткен Х халықаралық «Ақ көгершін» балалар шығармашылығы байқауының лауреаты, «Фариза, Фаризажан, Фариза қыз» атты республикалық байқауының Бас жүлде иегері. Бірнеше фестивальдар мен байқаулардың жүлдегері. Кішкене кезінен зерек, алғыр Шаймерденнің осыдан төрт жыл бұрын жазған өлеңдерін ұсынып отырмыз. Болашағынан көп үміт күттіретін жас ақынның жақында «Шаймерден шайыр» атты кітабы жарық көрді.

 

Көктем келді

Көктем келді, алақай!
Шаттанамыз, балақай.
Ойнап-күліп жүреміз,
Шапқылаған бала – тай.

Тауға шығып ойнаймыз,
Таудан төмен зырлаймыз.
Наурыз келіп қалғанда,
Демалысты ойлаймыз.

Наурыз тойын шаттана,
Қуанышпен тойлаймыз.
Мамыр келсе мектептен,
Демалысқа зулаймыз.

 

Жаз

Жаз да жетті зырғытып,
Отырдық оны біз күтіп.
Енді ойын басталар,
Асық жерге тасталар.

Күнде күліп жүреміз,
Дұрыс ойын білеміз.
Дауласпаймыз ешқашан,
Бір болады іргеміз.

 

Жаңбыр

Жау-жау жаңбыр, жау жаңбыр!
Өсімдігің гүлденсін.
Егіндерім жайқалып,
Шаруашылық күн көрсін.

Жауа берші, көк жаңбыр,
Жапырақтар әлденсін.
Бүршік жарып көктемде,
Бар өсімдік сәнденсін.

 

Мамандық таңдау

Шыңға шыққан талықсып,
Борандармен алысып.
Тау басына ту тіккен,
Альпинист болар ма екенмін?

Допты теуіп қақпаға,
Футбол ойнап шаттана.
Гол соққанға куанып,
Тойлататын мақтана,
Футболшы болар ма екенмін?

Ауырғанды емдейтін,
Сынған жерді жөндейтін.
Ақ халатты абзал жан,
Дәрігер болар ма екенмін?

Балаларды үйретіп,
Білімге қарай тартатын.
Жақсы оқыған балаға,
Үлкен үміт артатын,
Ұстаз болар ма екенмін?

Мамандықтың түрі көп,
Бірі ғалым, бірі ақын.
Мен таңдайтын мамандық,
Құпия әлі тұра-тұр!..

 

Спорт жайлы

Спортпен айналыс, ерінбе,
Гүлденіп, дамиды елің де!
Төзіммен қатыссаң болғаны,
Ертең-ақ күшіңнің толғаны.

Түсінем сен әлі баласың,
Ойынмен сен қайда барасың?
Спортпен одан да айналыс,
Оқумен жасағын байланыс.

Денсаулықты сақта

Денсаулықты сақта,
Парызынды ақта.
Өзіңе Құдай бергесін,
Салауатты салтты жақта.

Сақтансаң Құдай сақтайды,
Сені ел де мақтайды,
Тексерілсең жақтайды.
Денсаулығын зор болса,
Сындыра аласың тақтайды.

Әскен ШАЙМЕРДЕН,
Алматы облысы, Қарасай ауданы, О.Жандосов атындағы мектептің оқушысы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *