Ақындар несімен мықты?

Cүйіп оқитын ақындарым өте көп. Мысалы, биыл туғанына 175 жыл болған Абай Құнанбайұлы, Мағжан Жұмабаев, Төлеген Айбергенов және Әбділдә Тәжібав пен Мұқағали Мақатаев. Қазақ ақындарының қай-қайсыcы болмасын, әрқайсысы өзіндік бір стильде және ерекшелікте болады. Абай атамыздың адам ойына түрткі болар өлеңдері де, қарасөздері де өте көп. Бірақ мен өзімнің жаныма жақын болған өлеңдері жайлы жазбақпын. Сол секілді басқа да ақындарымыздың менің жаныма жақын болған өлеңдерін атап көрсетпекпін.
«Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ» деген өлеңді Абай атамыз 1886 жылы жазған. Үлкеннің ақылын алу, жақсының жанына еріп, жолдас болу ежелгі ел дәстүрі болса, осы қағиданы берік есте сақтап, адал азамат болу әрбір саналы жастың борышы деп түсінген Абай «өмір көші тура жолмен салдыртып жүре беретін керуен емес, кезінде ойланбасаң, кейін өкінерсің, өкінерсің де опық жерсің!»- деп жастарды ойға шомдырды. Өлеңде ұлы Абай әлеуметтік маңызы бар мәселелерге сыншыл көзбен қарайды. Әлеуметтік теңсіздік туралы ойын жеткізеді. ел үстінен күн көрген алаяқ би, болыстарды, мал-мүліктің буына семірген байлар мен патша әкімдерін сынауы айқын байқалады. Ал Абайдың өлең тақырыбын «Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ» деп атауының өзі ел арасында нақылға айналып кетті.
Абайдың «Өлсем, орным қара жер, сыз болмай ма?» атты өлеңі де өзіме қатты ұнайтын өлеңдердің бірі. Ойшыл адамның, әсіресе сыршыл ақындардың анық тоқтайтын тақырыбы. Өмірдің өріне жетіп, оның ішінде талай қиыр кезең жолдарын басып өтіп, енді тірлік сапарын тауысуға жақындағанда айтатын шерлі сыр болады. Бұл өлеңде көп жайдың түйіні бар. Кеше ғана көрген соққының салдары ғана емес, өмірінің ұзын бойын шолып келіп, дәл осы жылда өлімді айтып отырған Абай аса қымбат қасиет табады. Ол келешекпен тілдеседі. Өз халқының кейінгі ұзақ тарихына өлмес із қалдырып отырғанына сенім артады. Осы өлеңді оқи отырған кезде оқырман көңілінде бұл өмірдің жалған екенін, келесі өмірдің де барын ойға түйеді.
Қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев атамыздың өлеңдері қашанда оқырмандардың назарын аударады. «Қазақстан» атты өлеңі менің жүрегімде патриоттық сезім оятады. «Дос болам десең…» атты өлеңі оқырманның достық сезімін оятып, досына адал болуға шақырады деп ойлаймын. «Достарың көп пе? Апырау неткен жақсы едің?» деген жолдар әсіресе жақсы адамның әрқашан досының көп болатынын аңғартатын сияқты болып тұрады.
«Мен жастарға сенемін» деген Мағжан Жұмабаев атамыз жастарымызға үлкен үміт артқан. Жастардың рух, жігерін көтеріп, әр тілге аударып, қазақ ұл-қыздарының болмыс-бітімін өзге елдерге де паш етіп, қазақ жастарының бойындағы қасиеттерін биік қоя отырып, қазақ жастарының өз еліне деген сүйіспеншілігіне, елінің үмітін ақтауға жетелеуге жол ашады. Біз, ертеңгі елдің болашақ жастары, Мағжан атамыздың үмітін ақтаймыз. «Алаш атын аспанға, Шығарар олар бiр таңда, Мен жастарға сенемiн!». Алаш партиясының мүшесі болған Мағжан Жұмабаев атамыздың «Түркістан» атты өлеңі де жаныма өте жақын. Бұл өлеңде ақын Тұранда орналасқан көлі мен шөлін, өзені мен тауын, ханы мен ғұламасын жырға қосып тебіренген. Әсіресе мына бір жолдары өте қатты ұнайды:
«Тұранның Тянь-Шаньдай тауы қалай,
Пар келмес Тянь-Шаньға таулар талай!
Еріксіз ер түрікті ойға аларсың
Көкке асқан Хантәңіріге қарай-қарай.

Балқашты бауырына алған Тарбағатай,
Жоталы, жер кіндігі – Памир, Алтай.
Қазығұрт қасиеті тау болмаса,
Топанда Нұх кемесі тоқтар қалай?»
Аналар жайында жазған қай өлең болмасын, бәрі де ең керемет өлеңдердің бірі болады деп ойлаймын. Солардың бірі Төлеген Айбергеновтің «Ана» өлеңі де бүкіл қазақтың жүрегін тербетіп жібереді деп ойлаймын.
Біз сияқты өлең оқитын, сөздің қадірін білетін қазақ жастары тұрған кезде қазақ ақындары ұмытылмақ емес.

Гүлдана ЕЛУБАЙ, жас тілші, Алматы қаласы, №40-мектептің 11-сынып оқушысы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *