Тәуелсіз елдің ұланымын

Ұрпағым, елім деп қасық қаны қалғанша елін, жерін қорғаған батыр да өртұлғалы, жаужүрек ата-бабаларымыздың арқасында біз осындай тәуелсіз ұлан-ғайыр атырапта бақытты өмір сүріп жатырмыз. Тәуелсіздік Қазақстан халқының еркін өмір сүруіне, азат ойлы, санасы берік, рухани жағынан мықты ұрпақ тәрбиелеуіне, ғаламға өзінің ұлттық мінберінен, өзге елдермен терезесі тең дәрежеде тұрып сөз сөйлеуіне, өз басшысын өзі таңдап сайлауына және басқа да құрылымдарды өз еркімен өзгертуге жол ашты.
Міне, қазіргі күнде Тәуелсіздігіміздің 28 жылдығын атап өттік. Ал жаңа заманғы 28 жылдың ішінде Қазақстан көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Тәуелсіздік алғандағы алғашқы әрекеттердің арасына мемлекетіміздің ұлттық валютасы – теңгені енгізу, көршілес мемлекеттермен шекараны бекітіп алу, Конституциямызды бекітіп алу бар еді. Ата Заңымызға сәйкес мұндай істердің орындалуы ерекше тарихи жетістік. Айта берсек 28 жылда еліміздің жеткен жетістіктері өте көп. Дегенмен, бұл жетістіктерге жетуде еліміз көп қиыншылықты көргенін ұмытпағанымыз жөн. Өз басым тәуелсіздіктен кейін туылған буынның өкілі бола тұра, бұл егемендіктің қандай жолмен келгенін жақсы білемін. Қазақстан үшін, қазақ халқы үшін тәуелсіздік аспаннан түскен сый емес еді. Халқымыз бостандықты аңсап, Тәуелсіздікке зарығып жетті. Тәуелсіздік жолында еліміз аз қиыншылық көрген жоқ. Тәуелсіздік – ата-бабамыздың ежелден келе жатқан арманы. Халқымыздың бостандыққа ұмтылысының және өшпес қайсар рухының арқасында тәуелсіздікке қол жеткіздік. Мен тәуелсіз елдің бақытты ұланымын! Осы сөзді айтқанда жүрегім тебіреніп, кеудемді патриоттық сезім билейді. Осы елде туғаныма қуанамын.
Тәуелсіздік жолындағы ата-бабаларымыздың ерен ерлігімен мақтанамын. Иә, мұның бәрі де рас! Қазір ХХІ ғасыр. Жаңа технологиялар мен қарыштап дамудың заманы. Елімізде қазіргі күнде жастарға білім алу үшін барлық жағдай жасалған. Жыл сайын еліміз жан-жақты салаларда дамып келеді. Қазіргі жастардың негізгі міндеті — оқу. «Оқусыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ», — дегендей, біз, жастар оқу оқып, білімді де білікті маман иесі болып, елімізді одан әрі дамыта беруіміз керек. Біз, Тәуелсіз елдің ұрпағымыз. Сонау сан ғасырлар бұрын ата-бабаларымыздың жанымен, қанымен бізге аманат еткен кең байтақ Қазақстанның жас қыранымыз. Олай болса біздің алдымызда Тәуелсіз аспан көгінде еліміздің тек абыройын асқақтата самғату мен биік-биік белестерд,і асқар шыңдарды бағындыру міндеті тұр. Ендігі біздің мақсатымыз — Тәуелсіздігіміздің қадірін түсініп, ел еркіндігін одан әрі кеңге қанатын жайып, тереңге тамырлануына атсалысу. Бұл менің Тәуелсіз елдің тәуелсіз ұрпағы ретіндегі басты мақсатым мен арманым.
Мен елімді жаныммен сүйемін. Елімді жанын қиған бабаларым секілді қасық қаным қалғанынша қорғаймын. Мен бейбітшілігі мен тұрақтылығы бекіген елдің баласымын. Бақытты ұрпақпын. Сондықтан да мен елімнің ертеңіне аянбай қызмет етеріме сенемін.

Асылай ҚУАНЫШ,
Ақтөбе облысы Байғанин ауданы, Миялы ауылы, Т.Айбергенов атындағы мектептің 7 – сынып оқушысы. Ұстазы: Какенова Шуга

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *