Жаңа жыл жайлы 20 қызықты дерек

Christmas and New Year snowman with gift on New Year tree backgroundЖаңа жыл – әлемдегі ең қуанышты мерекелердің бірі. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін бұл мейрамды асыға күтетіні рас. Келер жылдан көп жаңалық, жақсы хабар мен жаңа бақытқа қол жеткізуді аңсайды. 31 желтоқсан күні үй іші қуаныш-шаттыққа, ақ дастархан ас-ауқатқа, балалар сый-сияпатқа кенеледі. Әсіресе, бүлдіршіндеріміз шырақтарын жарқыратқан шыршаны айнала Аяз ата мен Ақшақарды қызықтайды. Осындай шаттыққа толы мейрам жылына бір рет қана аталып өтетіндіктен, адамзат баласы оны тағатсыздана күтеді. Аталмыш мереке туралы қызықты деректер көп. Солардың бірнешеуіне тоқталсақ:

 

– Жаңа жыл тұңғыш рет Месопотамияда тойланған. Ғалымдардың пайымдауынша, адам баласы алғашқы жаңа жылды біздің заманымыздан бұрынғы үшінші мыңжылдықта атап өткен;

– Айтулы мерекені үш ғасыр бұрын орыс патшалығы 1 қыркүйек күні тойлаған. Тек І Петр келген соң, 1 қаңтарға ауыстыруға үкім шығарған;

– Жаңа жылда отшашуды не үшін пайдаланатынымызды білесіз бе? Бұл дәстүр Азияда қалыптасқан. Фейерверктің шу мен оттарынан жамандық атаулы қашады деп есептеген;

– Бразилияның астанасы Рио-де-Жанейро қаласына әлемдегі ең биік шырша орнатылған. Оның биіктігі – 76 метр;

– Аяз Атаның немересі болған Ақшақар тек ХХ ғасырдың 50-жылдарында ғана «дүниеге келген»;

– 1516 жылы Англияда Генрих VIII-нің үйінің есік алдына құрылған шырша алтыннан құйылған;

– Жаңажылдық шыршаны безендіру ең алғаш Эльзас (сол кездерде Германия құрамында болған, қазір Франция елінде) қаласында бастау алған. Безендіру үшін түрлі-түсті қағаздардан раушан гүлдерін жасаған. Шырша бұтақтарына алма, печенье, шақпақ қанттар мен жылтырақ әшекейлерді ілген;

– Санта-Клаустың бұғыларының есімдері: Дэшер, Дэнсер, Прэнсер, Виксен, Комет, Кюпид, Доннер, Блитцен;

– Жаңажылдық шыршаны безендіруге арналған әйнек шырша шары ең алғаш XVI ғасырда Тюринги қаласында жасалған. Осындай шырша ойыншықтары тек XIX ғасырда ғана жаппай өндіріле бастаған. Шыны ұсталары әйнек ойыншықтар жасаса, көмекшілері картон қағаздан қоңырау, жүрек, жануарлардың бейнелерін, шар, шырша бүршігін, жаңғақ сынды түрлі бейне қиып, ашық түстермен бояған;

– Бастапқыда Аяз ата жалғыз жаңажылдық кейіпкер еді. 1873 жылы Александр Островский «Қаршақыз» пьесасын жазады. Сөйтіп, аппақ қардай сұлу қыз әуелі Аяз атаның туған қызы, кейінірек немересі болады;

– Тағы бір жаңажылдық кейіпкер – Аққала – ХІХ ғасырда пайда болды;

– Еуропада рождество шыршалары ең көп сатылатын ел – Дания;

– Тағы бір ырымға сүйенсек, жаңа жыл алдындағы түс келер жылға жорамал жасайды;

– Кубада Жаңа жылда барлық ыдыстарға су толтырылып, Жаңа жыл түнінде оны далаға төгеді. Бұл бар күнә жуып-шайылсын деген наныммен жасалатын дәстүр. Кубада Жаңа жыл Патшалар күні деп аталады;

– Тибетте Жаңа жыл күні жергілікті халық бәліш пісіріп, оны өткен-кеткен азаматтарға таратады. Мұнда Жаңа жылда келетін табыс пен молшылық таратылған бәліш санына байланысты болады деген сенім қалыптасқан;

– Францияда адамдар Жаңа жыл кешінде жомарт болуға құмар келеді. Бұл күні мейрамханалар адамдарды тегін тамақтандырып қана қоймай кетерінде сыйлықтар береді;

– Үндістанда Жаңа жыл – Дивали жарық пен оттар мерекесі деп аталады. Айтса айтқандай осы күні қалалар мен ауылдардың барлығы оттың ішінде тұрғандай жарқырап кететін көрінеді. Жарығы сөніп тұран бірде-бір терезені көре алмайсың. Әйел адамдар көшеге шығып жерге түрлі оюлы суреттер салып, оларға ұн, топырақ сеуіп, шырақтар жағып көркемдейтін көрінеді;

– Голландияда Жаңа жыл кешіндегі дастарқанға жүзім салып пісірген нан тағамы қойылады. Бұл тағам жылына бір-ақ рет дайындалатын көрінеді;

– Финляндияда Жаңа жыл кешінде тұрмыс құрмаған бойжеткендер кебістерін иықтарынан асыра лақтырады, кебіс есікке тұмсығымен тисе, сол жылы жолы болып, келер жылда тұрмысқа шығады деп есептеген;

– Ұлыбритания алғаш ашық хаттарды шығарған ел болып есептеледі. Сондықтан да Жаңа жылда осы елдің әр жанұясы таныстарын ашық хат арқылы құттықтағанды ұнатады.

Жаңа жыл туралы мұндай деректер жетерлік. Оларды білу артық етпейді. Алайда бұл мейрам – қазақтың төл мерекесі емес. Қазақ халқының жаңа жылы наурыздың 22-сі күні, күн мен түн теңелген қасиетті мезгілде басталған. Десе де ресми жаңа жылды тойлау дәстүрге айналғандығы белгілі. Желтоқсанның 31 жұлдызында әр қазақтың үйінде безендірілген шырша тұрады, кей кезде төл жаңа жылымызға ресми жаңа жылға бөлген көңілді бөле алмай қаламыз. Сол жағы қынжылтады. Дегенмен бәріміз балаша қуанатын Еуропалық мейрамымыз құтты болғай!

Ақнар Қазезова

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *