Көпке үлгі болар тұлға – Шерхан Мұртаза

Қазақ халқының барлығы да ертеде хат танымаса да, өлең-жырға, сөзге шебер екендігі, шешендік өнерге жақын екені баршаға мәлім. Көз ашып дүниеге шырылдап келгеннен-ақ кедейліктің көлеңкесінде қалып қойған ақын-жазушыларымыз да аз емес. Алайда өз өмірлерін Алланың маңдайға жазған тағдырымен қиыстырып, тастай ауыр кезеңдерден сүрінбей өткен зиялыларымыз жадымызда мәңгі қалмақ.
Осындай айбарлы да қайратты заңғар жазушыларымыздың бірі Шерхан Мұртаза 1931 жылы Жамбыл облысының Талапты (қазіргі Әлжан ана) ауылында дүниеге келді. Жас бөбек, бүлдіршіндерімізді ержүректікке , ел мен жерін сыйлап-құрметтеуге, туа салысымен ана сүтімен бірге сіңген ана тілін білуге шақырған мемлекет қайраткері. Оның аса құнды да маңызды, оқи отырып небір ғажайып сезім алатын, адам өмірге көзқарасын өзгертетін шығармалары аз деуің үлкен қате болар, сірә. «Әкесімен өскен бақытты бала» өміріне аяқ баспаған жас Шерхан оқу мен еңбекке ерте араласты. Кішкентай бала өмірі соғыстың қорқынышты кезеңдерімен тұспа-тұс келуіне байланысты балалық шағын еске алу оны аса қуантпаған. Не дегенмен, жазушы атамыздай өмірдің ашы- тұщы дәмін біліп, оның кедергілеріне төтеп беріп, сағы сынуына жол бермей, нанын тек адал жолмен табу-екінің бірінің қолынан келе бермейді.
Шерхан Мұртазаның шығармаларында адам бейнесін табиғат сұлулығымен астастыра отырып , шеберлігін оқырманға танытқан. «Жүректен шыққан сөз жүрекке жетеді» демекші, шабыттанып жазған шығармаларын оқи отырып, рухани қуат алатындайсың тіпті. Шерханның атақ-жетістіктері журналистика, ақындық өнерімен ғана шектелмейді. Ол әлем әдебиеті классик жазушыларының шығармаларын аударған аудармашы. Мәселен, Ганс Андерсеннің әңгімелерін, венгр халық ертегілерін, Э.Эрскиннің «Марыкчан қуанышы» романын, Лагиннің «Хоттабыч қарт» повесін қазақ тіліне аударды.
Сонымен қатар салауатты өмір салтын ұстанған жазушымыз спортты жанына серік еткен боксшы болған. Сол кездерде факультетінің намысын қорғап, орта салмақтағы жүлдегер атанды. Спортқа деген ынтасы осымен ғана аяқталмайды. Замандастарының айтуынша Шерхан Мұртаза бильярд ойынының шебері болған.
Шерхан Мұртаза алты жерде бас редактор болған. Керемет емес пе? Таңғы ақпараттық-сазды көңілашар «Таңшолпан» бағдарламасына атау берген де осы кісі. Жазушының осындай жан-жақты, қабілетті болуына сондай ризамын. Мен бұл тұлғаны мақтан етіп, үлгі тұтамын. Неге десеңіз, кішкентайымнан жазуға қызығатыным бар еді. Өсе келе, тілші болғым келетінін түсіндім. Ал Шерхан атамыздың бойында бұл дарындардың бәрі қоса көрініс тапқаны таңғалдырады. Ең қызығы «болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз» — деп тегін айтылмағанын түйсінгенім. Ал ең бастысы, ауыр- ауыр сынақтардан сүрінбей өте отырып, елдің сүйіспеншілігіне ие бола алғаны. Былайша айтқанда, нағыз намысшыл қазақтың азаматы, қатарының алды екенін дәлелдеді.
Бірақ, уақыт ешкімді аямаған. Тіпті мәңгілік өмір сүру жолын іздеп таппай қойған Қорқыт та келместің кемесіне мінді. 2018 жылдың 8 қазанында көрнекті қаламгер мәңгілік ұйқыға кетті. Шығармашылық өмірдің өрелі биігіне шығып, бәрімізге үлгі-өнеге көрсетіп, ерлік істерімен аңызға айналған азаматтың қаза болуы өте өкінішті болса да, оның рухани тіршілігі халықтың кең жазира жанында сақталып, жасай береді.

Аружан БОЛАТОВА, жас тілші, Жамбыл облысы, Қордай ауданы.

ПІКІР ЖАЗУ