Балаға ең бірінші үлгі – ата-анасы

Балалар көбірек ойнауы керек. Ойындар арқылы балалар дамиды. Олардың ұялы телефон, планшет, смартфондармен ойнауына қарсымын. Баланың балалық шағын алмауымыз керек. Баланың бала болғаны жөн. Бүлдіршіндерге ұлттық тәрбие берсек, дәстүр мен тарихымызды дәріптейтін мультфильмдер мен бағдарламаларды көбірек көрсетсек ұтамыз. Негізінен балаларға ең бірінші үлгі – ата-аналары. Ата-аналар ақылды, тәрбиелі, білімді, мейірімді болса, онда ұл-қыздары да сондай болып шығады.
Баланы тек балабақша тәрбиелемейді. Үйде ата-аналар да көп жұмыс істеулері керек. Балаларға көбірек уақыт арнап, олармен сөйлесіп, бірге ойнаса құба-құп. Тәрбиешілер мен ата-аналар өте тығыз қарым-қатынаста болса, бірлесіп, ақылдасып жұмыс істесе, көп нәрсеге қол жеткіземіз. Осы ретте балабақшада орындаған тапсырмаларды үйде де орындату маңызды.
Қоғамдық көлікте өзге ұлттың баласы апасынан: «Анау не?» — деп сұраса, апасы: «Ол – шырша»,- деп бәрін түсіндіреді. Біздің кейбір ата-аналар сондай кездерде: «Қойшы, тыныш отыр»,-деп шектейді. Бұл дұрыс емес. Балаға бәрін тәптіштеп түсіндіруіміз керек. Сонда балалар алға дамиды, ақылды болады.
Балаларды достыққа, мейірімге, ізеттілікке, көпшіл болуға үйреткеніміз жөн. Бүгінгі заманда, өкінішке орай, біраз ата-аналар бүлдіршіндерін өзімшіл, жалақор, пәлеқор болуға үйретіп жатқанын өздері де байқамайды. Бұрынғы балалар біреудің затын сұрап алушы еді, қазіргілер тартып алуға әуес. Ата-әжелерінің тәрбиесін көріп жүрген балалар бірден ерекшеленеді. Мейірімді, көпшіл, әңгімешіл келеді. Келіп құшақтап, сөйлесіп, үлкендерге тән қасиет көрсетеді.

Қиялбекова Гүлназым Құлахметқызы, балабақшаның меңгерушісі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *