Патефон

Атамның біз үшін ескі болса да, өзіне патша сарайындай көрінетін үйі бар еді. Үй іші маған бейне бір музей іспетті елестейтін. Кірген сайын көзіме түсетін көнеліктің иісі шыққан тігін мәшинесінің жанында ерекше дөңгелек тәрелке тәріздес бір дүние тұратын. Оның көзіме жылы көрінетіні соншалық, «бұл не?» деп сұрау емес, тек сол әдемілікке сүйсінумен уақыт өткізетінмін. Дегенмен, бұның не екенін білуге құштарлығым басым екен. Көзіме жылы көрінуі бекер болмапты.
Әжем бұл әңгімені «о баста» деп қарт кісілерге лайықты бастады. Бұл менің ойынбасты балалық шағымда алғаш рет әжемді осылайша құмарлана, жайбарақат күйде тыңдауым екен. Маған ерекше әсер еткен бұл оқиғаны сіздерге былай баяндап берейін.
Бұл «тәрелке» біраз қолдан өтіп, ақыры сыйлық боп әжеме атамнан берілген екен. Екеуі ол кезде жас, арасында патефонды көтере сала ауыл аралап, би билеп, көңіл көтеріпті. Бір ауылға ерекше ыстық болып, сол ауылдың басты мерекесіне айналған бұл патефонның орны ерекше болған дейді әжем. Кейіннен бұл сыйлықты қиын-қыстау кез туып, базарға сатып жіберуге тура келген. Арада біраз жыл өтіп, уақыттар жылжыпты. Музыкадан дәріс беріп жүрген атам үшін ең керек, еліткіш құралы патефонның болмауы қиынға соққан. Әжемнің айтуынша, ауылда да біраз уақыт үзіліс болып, ел арасында сол бір «тәрелкеге» деген сағыныш басыла қоймапты.
Міне, қызық десеңізші! Әңгіменің бастысы болса керек. Бұл патефон атама қайтып келген. Тек араға уақыт салып, басынан біраз әсерлі жайттарды өткізіп келіпті. Ауылға сүйікті атамның ол мұрасын бір жас жігіт әкеп берген деседі. Патефонның шетіне көлемі бармақтай ғана қағазды желімдеп, атын жазып қойғаны атамды қатты қуантқан.
Менің көзіме ыстық болған бұл патефон бір ауылға тек қуаныш сыйлап қана қоймай, бір өмірді өзгертуге де көмегін тигізген екен. Базардан көріп, әкесінен өтіне отырып, қолы әрең жеткен бұл дөңгелекше жаңағы жас жігіттің өміріне ерекше леп беріпті. Бойында кемістік боп қалған мылқаулықты елемей, патефоннан ән қойып, оған қызыққаны сонша, қосыла ыңылдап ән айта берген бала алғаш рет «әке мен ана» деп тіл қатыпты. Осылайша, өзінен үн шығарып, жас өмірге ерекше демеу бола алған біздің үйдің «тәрелкесі» тек би билеуге қызмет жасамапты.
Бұл оқиға маған ерекше әсер етіп, әлі күнге дейін жадымда «жақсылықтың ерте-кеші жоқ» деп аяқтаған әжемнің сөзімен қалды. Ал мен оған былай деп қосып қояр едім: «Жүректің шын қалауы – бар әлемнің қалауы, яки сенің бар ниетіңмен аңсаған арманың орындалу үшін, титтей зат та әлемнен көмек ретінде келеді».

 

Дина СЕРІК,
Сүлеймен Демирел университеті, қазақ филологиясы факультетінің 3–курс cтуденті, Алматы облысы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *