Мұхит асып, он алты медаль олжалап…

Бразилияның Жаңа Гамбург қаласында қазан айының 26-31 жұлдызы аралығында  «24-MOSTRATEC» жоба олимпиадасы өтті. Оған 22 мемлекеттен  274  жоба сайысқа  түсті. Олимпиадаға қатысып, үздік атанған шәкірттер арасында қазақ-түрік лицейінің де оқушылары бар.  Қазақстаннан  барған 16 оқушы жоба жарысының барлық түріне қатысып, бақ сынады. Олар – лицейде алған білім қорының мол, терең әрі жан-жақты екенін дәлелдеді.
Экология саласы бойынша Қазақстан жобасы абсолюттік бірінші жоба ретінде танылды. Аталған жарыста жалпы  11  санаттың   әр санаты бойынша 4 жүлделі орын белгіленді.  «MOSTRATEC – 2009» жоба жарысында жүлделі орынға қол жеткізген оқушылар кімдер және қайда оқиды? Атап айтсақ, алтын медаль иегерлері — Нариман Каликов, Әділбек Сәпиев, Бибігүл Жанахметова (Астана қазақ-түрік  ұлдар және қыздар лицейлері), Ботагөз Надирова, Рысқал Тұрғанбекова, Ханзада Мырзабекова (Қызылорда қазақ-түрік қыздар лицейі),  Ерназар Сапашев, Ғалымжан Асылханов, Тимур Құсдәулетов (Орал қазақ – түрік лицейі), Бақтияр Қожамжар (Астана НұрОрда қазақ-түрік лицейі), Ғалымжан Тілеуболдинов (Алматы  қазақ-түрік ұлдар  лицейі). Аяз Әлімбекер, Дияс Асанов (Есік қазақ-түрік лицейі) күмістен алқа тақты.  Мамырайым Әшірбаев, Нұрсұлтан Төреқұлов,  Нұрбол Әбдуалиев (Алматы қазақ-түрік ұлдар лицейі) қола медальды иеленді.
Білім додасының өту барысында қазақ жастарының білімі мен тәрбиесіне тәнті болған бразилиялық ұйымдастырушылар  оқушыларды білім бәйгесіне баптап, қосқан  қазақ-түрік лицейінің мұғалімдері Индира Төлепбергенова мен Муаммер Гүлге медаль тақты.
Осылайша, мұхит асқан қазақ-түрік лицейлері  «24-MOSTRATEC»  жоба жарысында  11 алтын, 2 күміс, 3 қола — барлығы 16 медаль алып, жоғары көрсеткішке  қол жеткізді.
      (Жеңімпаздар мұқабада).
«МБ» ақпарат.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *