Рамазан Пейізов, суретші: Әркім өз ұлтына қызмет етсе

    Елімізге «стринг арт» деген өнер түрін әкелген суретші Рамазан Пейізовпен әңгімелесудің реті келді. Ағашқа шеге қағып, сол шегелерге жіпті іліп сурет салатын суретшінің өнері кімді болса да қызықтыратыны сөзсіз.

— Ең алғаш өнерге қызығушылығың қалай оянды?
— 3-4 жасымда қағаз бен қалам алып мысықтардың суреттерін салудан бастаппын. Анам айтып отырады, кішкене күнімнен мысықтарды жақсы көрген екенмін. Әке-шешем ауылда егістік басына мені ала кетеді екен. Жұмыс істеп жатқанда мен олардың суреттерін салып отырыппын. Кейіннен мектепке барғанда машиналардың суретін салуды ұнатқаным есімде.
— Мектепте жүргенде сурет байқауларына қатыстың ба?
— Бір рет қана қатыстым. Онда да жүлделі орынға ілікпедім. Университетке оқуға келген соң, білімді, білікті ұстаздардан сабақ алған соң ғана түрлі байқауларға, көрмелерге қатысуды бастадым.


— Балалық шағың қай жерде өтті? Отбасыңда неше баласыңдар? Өнерге қызығушылығың кімнен берілген?
— Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында Қосүйеңкі деген шағын ауыл бар. Сол ауылда өстім. Нағашыларым суретке жақын, солардан келген сияқты менің өнерге деген қызығушылығым. Оқымаған, табиғи таланттар. Анам да суретті жақсы салатын. Кішкене кезімде нағашымның сурет салып отыратынын көп көретінмін. «Мына кісі сурет сала алады, мен неге сала алмаймын» деп ойланып, сурет салуға мен де талпынатын едім. Отбасында әке-шешемнен үш баламыз. Ағам бар, әпкем бар, мен үйдің кішісімін.
— Мектепте оқып жүрген кездегі, балалық шақтағы қызықты жайларды айтсаң.
— Бір сыныптасым айтып жүр, баяғыда мектепте оқып жүрген кезде көкемнің Москвич көлігін айнытпай салғансың дейді. Өзімнің есімде жоқ.
— Суретші болғысы келіп жүрген ұл-қыздарға қандай ақыл-кеңес айтар едің?
— Халық суретшілерді көп түсіне бермейді. «Қалай өмір сүресің», «ақшаны қалай табасың» деген сұрақтарды маған да ел жиі қояды. Негізі, өзің қызығып тұрсаң, сол сені қызықтырған жолмен жүру керек. Мектепте жүргенде суреттердің көбін қаламмен салушы едім. Суреттерді қаламмен емес, қарындашпен салу керек екен.
— Өнер қазір қандай бағытта дамуда?


— Алпысбай Қазығұлов деген суретші бар. Ол кісі: «Живопись пен графика мәңгі қалады»,-дейді. Түрлі арналар мен бағыттар шығады, бірақ олардың ғұмыры қашанға дейін жалғасады, белгісіз.
— Мына өзің қызығып жұмыс істеп жүрген стринг арт дегенге тоқтала кетсең.
— Бұл бағыт Еуропада, Жапонияда, Қырғызстанда дамып жатыр. Қазақстанға енді келе бастады. Қазірше елімізде мен айналысып жатырмын. Тағы біреулер осы өнермен айналысып жатыр дегенді әлі естіген жоқпын. «Стринг» — жіп, «арт» — өнер дегенді білдіреді. негізі алдағы уақытта живопись өнерін қатты дамытқым келеді. XIX- XX ғасырларда Еуропа суретшілері живописьтің шыңына шықты. Адамның көзін мөлдіретіп тұрып, адамның шынайы бет-бейнесін бере білді. Реализм керемет дамыды. Шырқау шыңына шықты. Сол кезде басқа бағыттар туа бастады. Пикассолар сол кезде шықты. Импрессионизм деген бағыт та көп бағыттардың бірі болып сол кезде бастау алды.
— Түстер туралы ойларыңды білгіміз келеді.
— Ван Гок деген суретші Сергей Есенин сияқты болған екен. Ішкі жан дүниесінде бір мәселелері, қиындықтары болыпты. Оның жұмыстары қорқыныштылау, басқаша. Ол өзінің ішкі жан дүниесін сыртқа осылай шығаруға, бейнелеуге тырысқан. Алпысбай Қазығұлов деген ұстазым айтады: «Әлемде миллиондаған түстер бар. Бір керемет түсті тауып алғанда ерекше таңғалам»,-дейді. Түстер таусылмайды, шыға береді.
— Өзіңе әсер етіп жатқан қандай суретшілер бар? Олардан не үйренесің?
— Құрманғазы Ақашев деген суретшіні ерекше атар едім. Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, танымал суретші. Сол кісі айтады: «Әркім өз ұлтының суретшісі болуы керек»,-деп. Қазақта өзінің мүлде бөлек түстері бар. Сол түстерді жұмыстарымызға пайдалануымыз керек екенін айтып отырады. Менің суретші ретінде өсуіме сол кісінің ой-пікірлері әсер етті. Шеберханасына барған сайын ерекше әсермен, зор шабытпен, ой түйіп қайтамын.


— Суретшілер қалай ізденгені жөн? Өзін қалай жетілдіреді?
— Бір қара нүктені қара кеңістікке қойып қойса, ол көрінбейді. Ал ол қара нүктені ақ жерге қойсаң әдемі көрінеді. сол сияқты бір бөлмеден шықпай жұмыс істеп отырған адам өзінен мықты суретші жоқ деп ойлауы мүмкін. Ол басқа ортаға барғанда өзінен де мықтылар барын байқайды. Түрлі көрмелерге, байқауларға барғанымызда біздің де тынысымыз ашылады. Суретшілер кітапханаға көп барып, ізденгені жөн. Түрлі кітаптар оқығаны оның еңбегіне, ойлау жүйесіне әсер етеді. Бір ғана «Абай жолын» оқудың өзі қандай десеңші! Ол жерден өте көп нәрсе тауып алуға болады.
— Табиғатқа шықпай, үйде отырып алып табиғатты жазатындар бар. Өз көзімен көріп, сезініп салған жұмыстар болады. Осылардың айырмашылығы қандай?
— Әбілхан Қастеевтің: «Қыстың этюдін салу үшін сенің қолың жаурауы керек»,-деген сөзі бар. Қолың жаурамай, қысты сезінбей отырып салған сурет те ешқандай әсерсіз болады дегенді айтып отыр. Далаға шығып, отыз минуттай этюдтер жазудың әсері ерекше. Сол кезде табиғатты сезініп жасаған этюдтерің кейін шеберханада туатын керемет жұмыстардың бастауы болуы мүмкін.


— Шабытсыз сурет салу мүмкін бе? Суретшілерде шабыт қандай болады?
— Кейде бір суретті бір ай бойы жазып бітіре алмайсың. Кей сәттер болады, бір жұмысты бір-ақ күнде бітіресің. Сол шығар, мүмкін, шабыт деген. Көрмелерден, суретшілердің шеберханаларынан келгенде шабыттанып, желпініп келетін кездер болады. сол кезде жұмыс істесең, әдемі түстер шығып, қолың жүріп, жақсы көңіл-күйде еңбек етесің.
— Бір уақытта бірнеше жұмыстар жазуға болады ма? Әлде бір жұмысты бітірген соң екіншісін бастайсың ба?
— Мен бір жұмысты бастап қойып, ортасына келгенде тағы бір жұмыстарды бастап кететіндердің қатарындамын. Бір күн мына жұмысты жасасам, ертеңінде демалу үшін екінші жұмысты жалғастырамын. Үйімде осындай әлі бітпеген он бестей жұмыс тұр. Қойып қоямын, қайсысын жалғастырғым келеді, қайсысына көңілім соғады, соны алып, ары қарай аяқтап шығамын. Өзіме осы уақытқа дейін 3-4-ақ жұмысым ұнады.

Сұхбаттасқан – Саят ҚАМШЫГЕР

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *