Америка балаларының мектептегі бір күні қалай өтеді?

          Әлемнің әр түкпіріндегі мектеп табалдырығын аттаған шәкіртке қойылатын ортақ талап – білім алу. Өздеріңдей әр елдің балалары мектептегі бір күнін қалай өткізетіні сендерге де қызық шығар? Олар күніне неше кітап оқиды? Қандай сабақтарға көп көңіл бөледі? Біздің мектептерден айырмашылығы қандай? Бұл сұраққа сендерге АҚШ-та тұрып жатқан Назым ҚАНҚОЖА апайларың жауап береді.

Назым Қанқожа – Шымкент қаласының тумасы. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінің, Технологиялық институтының түлегі. Жолдасы екеуі «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алу мақсатымен Америкаға қоныс аударған қарапайым қазақ қызы бүгінде үш баланы тәрбиелеп отырған аяулы ана. Екі ұлы мектепте оқиды. Америкаға алғаш келгенде Назымды алып әуежайдағы үздіксіз ағылып жатқан ұшақтар мен жүздеген ұлттардың бір-бірімен қатарласа өмір сүріп жатқан тынымсыз тірлігі таңғалдырыпты. Ал бүгінде өзі де, балалары да өзге елдің өміріне тез бейімделіп кеткен. Ұлдары үш айдың ішінде тілді меңгеріп, алты айдан соң ағылшынша еркін сөйлей алған. «Жалпы балалар кез келген ортаға тез бейімделіп кетеді ғой. Сондықтан тіл жағынан еш қиналған жоқпыз. Балаларға қарағанда тілді меңгеруім жәй болды. Ал қазір елдің менталитетіне, жеріне, өмір сүру салтына үйретіп кеттік», -дейді Назым.

– Назым, Американың білім беру жүйесі қандай екен? Біздің елдің білім жүйесінен қандай айырмашылығы бар?
– Бір қызығы Америкада білім және Ғылым министрлігі деген мемлекеттік деңгейдегі басқаратын ұйым жоқ. Әр штаттың, тіпті әр қаланың өзінің жеке білім департаменті бар. Сондықтан бір мемлекет ішінде әр штатта, әр қалада, тіпті әр ауданның білім жүйесі мен мектеп ұстанымдары әртүрлі. АҚШ – иммигранттар елі болған соң, ең бастысы барлық балаға қолжетімді білім береді. Ал білімнің сапасы – тұрған ауданыңыздағы мектепке байланысты. Олай дегенім, егер де сіз тұрған аудан бай тұрғындары бар және орта табысы жоғары адамдар болса, демек сол жерде орналасқан мектептің базасы жақсы болады. Себебі мектептің қаржыландыруы сол ауданның тұрғындарының төлеген салығына байланысты болады. Салық көп төленуі – мектептерде жақсы мұғалім тартуға, заманауи техникалармен қамтамасыз етуге көп септігін тигізеді.


– Америка мектептері жайлы айтып беріңізші. Балаға оқу бағдарламаларын игеру оңай ма?
– Мұнда мектеп құрылымы бойынша үшке бөлінеді. Біріншісі – бастауыш мектеп (elementary school) – мұнда мектепке даярлықтан бастап 5 сыныпқа дейін бөлек оқытады. Әр ауданда әдетте 2-3 бастауыш мектебі болады. Екіншісі – орта мектеп (middle school) – 6 сынып пен 9 сыныпқа дейін, одан соң жоғары сынып (high school) – 9-12 сынып арасында оқиды. Бастауыш, орта, жоғары сынып бір мектепте оқымайды. Бөлек оқытылады. Бастауыш және орта мектеп кезіндегі оқу бағдарламалары балаларға жеңіл келеді. Бастауышта үй тапсырмасын жасау уақыты 15 минуттан аспайды. Жоғары сыныпта оқу бағдарламасы бірден қиындайды. Жоғары сыныпқа көшкенде оқушылар өздерінің таңдаған бағытына, мамандануына қарай немесе өзінің қабілетіне қарай, гуманитарлық, техникалық т.б тереңдетіп білім алады. Пәндерді өздері таңдап, оқу бағдарламасын өздері жасақтайды. Мектептердің 1-10 балға дейінгі шкала бойынша рейтинг бар. Орташа 8 балдан асқан мектептер жақсы болып есептеледі. Көп ата-ана балаларын жақсы жоғары оқу орнына түсіру үшін орта және жоғары сынып кезіндегі мектептерді мұқият таңдайды.


– Мектептеріндегі сіз байқаған ерекшелік?
– Америкада қай мектептің болса да іші құдды бір шығармашылық орта секілді. Кіре берістен төрге дейін балалардың жазған шығармалары, қолдан жасаған дүниелері мен жобалары, салған суреттері ілініп тұрады. Сыныптың ішінде де міндетті түрде балалардың жеке суреттері, жобалары, тіпті сол жылға қойылған мақсаттары жазылып тұрады. Ақ қабырға, қара тақта, бәленшенің айтқан сөзі, саясаты деген жасандылық жоқ. Мектеп қызылды-жасылды қанық түстермен әрленген, кіргеннен балалар ордасы екені сезіліп тұрады. Түрлі-түсті қораптардың ішінде ойыншықтар, кітаптар, қалам-қарындаштар, қағаздар секілді оқуға керек заттар тұрады. Балалар сабағына үйден ешнәрсе тасымайды.

Мұнда біздегідей: «Апай, дәптерім үйде қалды, қаламсапты ұмыттым» дегенді білмейді. Оқу жылының басында ата-аналарға баласының оқуға қажетті құралдарының тізімі беріледі, оны тапсырған соң жыл бойы сізді мазаламайды. Тізімде бір қорап қалам, үш түрлі қорап түрлі-түсті қалам, фломастер, А4 қағаз, 7-8 қалың дәптер, файл секілді стандартты 10-15 зат болады. Немесе жыл соңында сайттан тапсырыс берсеңіз, бүкіл қажетті заттарды (сөмкесіне дейін) үйіңізге жеткізіп береді. Бұл көпбалалы жанұялар үшін таптырмас мүмкіндік деп ойлаймын. Тағы бір байқағаным, мектепке баратын уақыт жақындағанда оқуға керек заттар бағасы себепсіз өзгермейді. Керісінше, жеңілдіктер науқаны басталып, ата-аналардың жүгін жеңілдетуге көмектеседі.
– Сабақ уақыты мен оқитын пәндері жайлы айтып берсеңіз.


– Мектептің ішкі жүйесін айтар болсақ, оқу кестесі сабақ таңғы 7.50-ден түскі 2.20-ге дейін болады. Егер оқушының ата-анасының әлеуметтік жағдайы төмен болса, балаға таңғы және түскі асы тегін беріледі. Сағат 10.30-да жеңіл ас болады. Мектепке арнайы сөмкеге жеңіл печенье, йогурт, жеміс, т.б салып апарады. Сағат 12.00-13.00 аралығында әр сынып түскі асын ішеді. Түскі аста бес күнге бес түрлі меню болады. Ал өтілетін пәндерге келетін болсақ, мәселен екінші сыныпта күніне үш сабақ болады. Ол – жазу, математика, оқу, әлеуметтік ғылымдар, дүниетану, өнер, ғылым, дене шынықтыру секілді пәндер. Өнер сабағында сурет салып, ән-би, театр өнерін арнайы мұғалімдер үйретеді. Ғылым сабағында ғылыми жобалар жасайды. Зерттеулері сыныбына қарай күрделене береді. Балалар берілген әр тапсырманы жеке жоба ретінде зерттеп шығады. Маған ұнағаны – жазу пәні бойынша 1 сыныпта кітап жазды. Сонда барлық балаға бір персонаж берілген. Әр қайсысы өз қиялымен оқиғаны өрбітіп, суретін салып, жазып, кітап қылып құрастырып шығарады. Әлеуметтік ғылымдар сабағында география мен тарих сабағы бірігіп өтіледі. Осы пәннің практикалық бөлімінде әр түрлі ұлттардың тыныс-тіршілігін, ұлттық тағамдары мен дәстүр, ерекшеліктерін зерттеу үшін Нью-Йорктағы сол ұлттар өмір сүріп жатқан аудандарға саяхат жасайды. Америкада оқу жүйесіндегі тағы бір ерекшелік ол балалардың кітап оқуына мұқият көңіл бөлінеді. Бала үйде күнделікті 20 минут оқу керек деген ескерту әр сыныпта ілініп тұрады. Ата-аналар жиналысында еске салып отырады. Күн сайын мектептен 3-4 кітап әкеліп оқиды.
– Америкада ұстаздар мен оқушылардың қарым-қатынасы қандай?
– Америкадағы мектептің біздің елдегі мектептен ерекшелігі – еркіндігі. Ой-пікір еркіндігі, киім, таңдау, талғам еркіндігі, т.б. Кейбір діни және жеке меншік мектептер болмаса арнайы бекітілген формалар жоқ. Бала өзін қай киімде ыңғайлы сезінсе, сол киімде келеді. Ұлдарымыздың мектеп директоры үнемі таңертең балаларды жеке күтіп алады және оқудан соң шығарып салады. Әр оқушының атын біледі, қал-жағдайларын сұрайды. Мектептен қайтқанда бүгінгі күнді қалай өткізгенін сұрайды. Балаға тұлға ретінде қарауы мектеп директорларының өзінен басталады. Ал мұғалімдері баланың төбесінен төніп сөйлемейді, иіліп балаға қарай ыңғайланады және кез келген сұрағын жауапсыз қалдырмайды. Тағы артықшылық ретінде, бала мектептен шаршап қайтпайтынын айтуға болады. Мектептен шыққанда көздері жайнап, ойнауға, одан әрі қосымша курстарына, кітапханаға баруға талаптанып тұрады. Біздегідей әр пәннен ауыр-ауыр кітаптар арқалау жоқ. Күнделікті өтетін бағдарламаны қағазбен таратып, біткен соң арнайы журналға жинайды. Жыл аяғында сол журналдарды балаға қайтарады. Бағдарлама жүктемесі балаларға қиын болмағандықтан, мектеп бір көңіл көтеріп, ойнап, жаңа нәрсе біліп қайтатын жер ретінде қарайды. Мұнда баланың себепсіз сабақтан қалуына болмайды. Егер баланың сабаққа қатысуы нашар болса, тіпті көп кешігетін болса, ата-ананы жауапкершілікке тартады.


– Колледж не ЖОО-ға түсу үшін біздегідей ҰБТ тапсыра ма? Біздегідей диплом алып алып жұмыс таппай жүретін бітірушілер бола ма?
– Жоғары оқу орнына түсер кезде біздің ҰБТ секілді SАT деген тест болады. Соны тапсырады. Сынақтар өте әділ өтеді. Өте жоғары деңгейде тапсырған балалар жақсы оқуға түсуге мүмкіндік алады. Біздегідей дипломмен жұмыс таппай жүретіндер аз деп ойлаймын. Себебі мұнда әр университетке оқуға түсетін кезде олар түлектерінің қанша пайызға жұмысқа тұратынын, осы оқуды бітіргенде айлығыңыз қаншадан басталатын туралы алдын ала ақпарат беріледі.


– Шынын айтқанда қазір біздің балалардың мектепте білімге құштарлығынан гөрі смартфонға деген тәуелділігі басым. Бұл жағынан Америка балалары смартфонға қаншалықты тәуелді?
– Америка балаларының смартфонға тәуелділігі жоқ деп айта алмаймын. Бірақ мұнда белгілі бір шектеулер бар. Мәселен, бастауыш мектепте бесінші сыныпқа дейін мектепте ұялы телефон ұстауға тыйым салынады. Орта және жоғары сыныпта сыныптың ішінде телефон қолдануға шектеу қойылған. Әр жиналыста ата-аналарға гаджеттердің балаларға әсері туралы психологиялық ақпараттар беріп отырады. Сондай-ақ ата-ананың электронды почтасына ескерту хаттар жіберіп отырады. Бала күніне кем дегенде 20-30 минут кітап оқуы керек. Әсіресе ұйықтар алдында. Ұйықтар алдында және таңертең ояна сала телефонды ұстатпауға, оқуға, білім алуға құштарлығына әсер ететіні туралы ақпараттар беріп отырады.
– АҚШ-тағы бала тәрбиесі жайлы білгіміз келеді.


– Мұнда балаларын тәрбиелемейді, олармен санасады. Бала емес, тұлға ретінде қарайды. Оның ойы мен ісін сыйлайды. Кез келген тақырыпта ашық сөйлеседі. Еркін ойлауға, өз ойын айтуға мүмкіндік береді. Ата -ана өз көзқарасын, ұстанымын тықпаламайды. Таңдауды бала өзі жасайды, ал ата-ана таңдауын құрметтейді. Заңға бағынуды және өз құқығын білуді талап етеді. Қателік жасау дүниенің соңы емес екенін, одан шығудың жолы барын көрсетеді. Кез келген адамды сыйлауды (бомж, кедей, мүгедек ешқайсысын бөліп жармауға) дініне, ұлтына, нәсіліне, жынысына қарамай құрметтеуді үйретеді. Балаларын басқа біреудің баласымен салыстырмайды. Біреуге күлмеуді, мазақ етпеуді жастайынан құлағына сіңіреді. Балалар бір-бірінің киіміне, тіл білмегені үшін мазақтамайды. Көмектесуге, қоғамдық істерге араласуға дайын тұрады. Қайырымдылық жасау мектептен басталады. Кітаппен дос болуына, кітап оқуына қатты көңіл бөледі. Әкесі мен қызы, анасы мен баласы, отбасы боп кітапханада күнделікті жүру, ұйықтар алдында кітап оқу қалыпты жағдай.
– Балаларға арналған Америка басылымдары туралы не айтасыз? Газет-журнал оқитын балалар саны көп пе?


– АҚШ- та балалар әдебиеті өте қатты дамыған. Балаларға оқуға барлық жағдай жасалған. Сондықтан әр баланың жасына, сыныбына сәйкес, оқу деңгейіне, қабылдауына, оқу жылдамдығына байланысты әдебиеттер де, газет-журналдар өте көп. Кітапханалар жүйесінде балалар әдебиетінің өте бай болуы мені қатты таңғалдырды. Америкада балалар кітапты өте көп оқиды. Олар әріп тани бастағаннан соған бейімделген. Күніне бір кітап оқиды. Жаз айында бір айда 100-500 кітап оқыған балалардың тізімі кітапханаларға арнайы тақтада ілініп тұрады. Әрі ондай балалар өте көп. Мұнда кітап оқу мәдениеті мықты қалыптасқан. Мектепте, қоғамдық кітапханалар жүйесі де баланы кітап оқуға ынталандырады. Сондықтан балалар басылымдарының жұмысы жанданып жатады. Көп кітап оқитын балаларға арнайы сыйлықтар жасап, шабыттандырып отырады. Оларды ғылыми мұражайларға, түрлі аттракциондарға тегін жолдама беріп отырады. Кітаптар балалардың жасына сәйкес шағын, суретті, жазуы аз етіп жасалған. Сыныбы жоғарылаған сайын кітаптың беті де қалыңдай береді. Балам бірінші сыныпты бітірген кезде 250 кітап оқыды. Екінші сыныпқа көшкенге дейін демалыста 100 кітап оқыды. Қазір кітап оқуға деңгейі артты. Енді қалың кітаптар оқиды. Оның ішіне журналдар да кіреді. Балаларға әр күн сайын бір кітап оқу – мектептің де, ата-ананың да басты талабы. Сондықтан да Қазақстанның Америкадан қандай үлгі алсақ болады деген сұрағына – кітап оқу деп жауап берер ем. Балаларға біз де кітап оқу мәдениетін үйретсек деймін.


– Болашақта алпауыт елге білім алуға не жұмыс жасауға барғысы келетін қазақ жастарына қандай кеңес бересіз?
– Ең бірінші тілді жетік меңгеріп келуге кеңес беремін. Қандай да бір мақсат қойсаңыз, сол мақсатыңызға жету үшін, аянбай еңбек етіп, талпыну керек. Мұнда келген соң көбісі қиындыққа шыдамай сынып кетеді. Егер мақсат айқын болса, кез келген жерде жеңіске жетуге болады. Шетелге келер алдында сол ел туралы өте көп ақпарат жинаңыз. Неғұрлым ақпаратты көбірек білсең, сол елдің өмір салтына тез бейімделіп кетесің. Қай жерде жүрсең де, өз өміріңе жауапкершілік алмай, еш жерде жақсы өмір сүрмейсің. Мұнда жалқаулыққа жол жоқ. Кез келген әдемі өмірдің артында тынымсыз еңбек пен темірдей тәртіп, қайсар мінез тұратынын есте ұстаған жөн.
– Әңгімеңізге көп рахмет!

Сұхбаттасқан Гүлім ЕРКІНБЕК

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *