«Елім-ай»

Бүгін Ілияс күні бойы ән сабағынан үйренген әнін ыңылдап айтып жүрді. Әуені мұңлы, құлаққа жағымды екен:
Қаратаудың басынан көш келеді-ай,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді-ай.
Елім-ааай, елім-ааай.
Мұны естіген атасы:
— Балам-ау, жақсы ән айтып жүр екенсің, ал әннің шығу тарихын білемісің?
— Жоқ, ата.
— Ендеше сөредегі әлгі қалың кітабымды әкеле ғой.
Атасының осы кітапты оқып отыратынын Ілияс жиі көретін. Сонда атасынан сұрағаны бар:
— Ата, әлі оқып болмадың ба?
— Жоқ, балам. Бұл кітапты оқып бітіру мүмкін емес. Менің қайта-қайта қызықтап оқитын кітабым. Бұл – еліміздің тарихы. Кез-келген тарихи деректерді осыдан тауып аламын, -деген еді.
Енді міне, бұл кітаптың пайдасы Ілиясқа да тиді. Ән сабағынан үйренген әні туралы да жазылыпты. Ол атасының әңгімесін тағатсыздана күтті.
Атасы кітапты қолына алып:
«Елім-ай» әні — жоңғар шапқыншылығының ауыр кезеңіндегі…, — деп бастап кетті. Бірақ Ілиясқа көптеген сөздер бейтаныс болғандықтан, мәтінді бірден түсіну қиынға соқты. Бұны байқаған атасы:
— Балам, мен саған өз сөзіммен айтып берейін. Сен есіңе сақта. Ертең ән сабағында тарихын айтып бер. Кім айтты десе, «атам» де.
— Жақсы, ата.
— Ал, балам, 1723 жылдар делік. Ауыл-ауыл болып тігілген киіз үйлерде тұрып жатырмыз. Өзің елестетіп көр. Бар байлығымыз – дархан даламыз. Тыныш қана өмір сүрер едік, әттең, жоңғарлар маза бермеді. Дүркін-дүркін шабуыл жасап, елімізді талан-таражға салып, бізді әбден шаршатты. Енді міне, қиын қыстан әрең шығып, есімізді жия алмай отырғанымызда, жеті түмен жоңғарлар басып кірді.Сол соғыстан қаншама адамымыз қаза болды. Бірақ ең ауыры өз жерімізден кетуге мәжбүр болдық. Әттеген-ай! Туып-өскен жерімізден кетіп бара жатырмыз. Еңіреп тұрып ән шығардық. Бұл «Елім-ай» әні еді.
Ел-жұртынан айырылған жаман екен-ай,
Екі көзден мөлтілдеп жас келеді-ай.
Елім-ааай, елім-ааай.
Тарихта бұл оқиға «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген атауға ие болды.
— Ата, туған жерімізден кеткен болсақ, сосын қайтіп келдік?
— Балам, бұл басқа әңгіме. Құдайға шүкір, аттары аңызға айналған күшті батырларымыз тойтарыс бере білді. Осындай қиын кезеңде жоңғарларға қарсы тұру үшін Абылай хан барлық қазақтарды біріктірді, Әбілқайыр хан дұрыс шешім қабылдай білді, Төле, Қазыбек, Әйтеке билер халыққа қолдау көрсетті, Бөгенбай, Қабанбай, Райымбек, Наурызбай, Малайсары, Жәнібек батырлар нағыз ерлік көрсете білді. Осылай барлығы бірігіп, жауды жеңді. Олар туралы әлі де айта жатармын.
— Ата, қазіргі заманымыз жақсы екен ғой. Ешкім шабуыл жасамайды, елімізден қумайды.
— Әрине, балам, әрине, бейбіт өмірге ештеңе жетпес. Бірақ әрбір уақыттың жақсысы мен жаманы, өз ерекшелігі бар. Бұл біздің тарихымыз, балам.

Дариға ҚАРАМАНҚЫЗЫ.

Суретті салған – Арафат СӘЛІМГЕРЕЙ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *