Ұстаздық, шәкірттік ғұмырдың арасы

13bet_f2Адамдар бір-бірімен бас қосып, шүйіркелесе қалса, дереу балалық шақтың балдәуреніне «қойып» кетеді. Небір әдемі әсерлерді айта келе, қызығынан шыға алмай қаламыз. Қалай айтсақ та, осындай әсерлі сәттер айналып келгенде, үлкен өмір белестерімен жалғасып жатады. Мұндай арманшыл бала қиял, жастық шақтың әсерін бала тәрбиесімен айналысып келе жатқан ұстаздар қауымы айтып тауыса алмайтыны анық. Біздің бұл пікірімізді Ұлтай Амангелдіқызы да нақтылай түскендей. Ауданда өткен салиқалы жиыннан соң, сахнаға шығып, жұлдыздай жарқырап өнер көрсеткен өрендерге сүйсіне қарап, әрқайсысына «Ботақандар сол! Жанымдар-ау!» деп таңданумен болды.
— Ұлтай Амангелдіқызы, балғын балалықтың әсерлі ізі Сіздің бойыңыздан да кете қоймағандай ғой, — дедік әзілдей.
— Жасөспірімдерді көргенде, өзімнің де мектептегі кездерім көз алдымнан тізбектеле өтеді, — дейді жастық шағын есіне алып.
13bet_f11Ұлтай Амангелдіқызы Алматыдағы № 5 орта мектепті бітірген. Мұнда теміржолшылардың балалары білім алатын. Сол кездегі мектеп
өмірінің тайқазанын өзіндей белсенді шәкірт-термен бірге қайнатқан Ұлекең, мектептегі көптеген үйірмелерге үзбей қатысқан. Солардың ішінде композитор Ибрагим Нүсіпбаев басқаратын көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып, өнер көрсетті. Спорттық жарыстарда да алдына жан
салмаған шәкірттің бірі болды. Теледидардан
көрсетілетін балаларға арналған хабарларға да жиі түсетін. Әйтсе де жүрегінде сақталып қалған мектепке деген ыстық ықыласы балғын-дардың күміс күлкісінің ортасына алып келді.
— Армандаған  мамандығыңыздың   шебері  бола  алдым деп  ойлайсыз  ба? — дедік сөз арасында.
— Бастауыш сыныпта оқып жүргенде дәрігер боламын дейтінмін. Кейіннен бала оқытуға бел байладым. Өйткені, бізге сабақ берген ұстаздардың өнегесі маған қатты әсер қалдырған еді, — дейді ұстаз болу бір бақыт екеніне тамсана.
Өз ортасында кішіпейіл, ұйымшыл, көпшіл және Ана тілін құрметтеп өскен Ұлтай Бархинова бүгінде Қарасай аудандық білім бөлімін басқарып келеді. Қасиетті мекеннің тұрғындары қазан айында  ауданның 80 жылдық мерейлі тойын атап өтті. Торқалы тойды барша жұртпен қатар аудан мектептерінің ұстаздары мен оқушылары да білім мен тәрбиедегі өзіндік жетістіктерімен қарсы алды.
— Елбасы әр сөзінде жас ұрпаққа қанат бітіретіндей ұлағатты сөздер арнайды. Сондықтан, ауданда өтетін әр мерекенің жас ұрпақтың жүрегінде сақталып қалардай өзіндік орны бар, — деп Ұ.Бархинова білім мекемелерінің ерекшеліктеріне тоқталды.
Мектеп түлектерінің қалаған мамандығына байланысты жоғары және арнайы оқу орнын бітіріп, Елбасы атап айтқандай «Дипломмен — ауылға» келіп, халыққа қызмет етуі – ұстаз еңбегінің өтелгені деп білеміз. Бұл тұрғыдан алғанда, М.Оразбаева, Н.Киселев, Д.Елемесова, Г.Раева сынды еңбегі жемісті ұстаздар тізімін  жалғастыра беруге болады. Әр ұстаз өз ісінің үздігі, бала жанының бағбаны.
— Мектептерде өткізіліп жатқан шаралар ұшан-теңіз. Әр шараның астарында отансүйгіштік қасиет жатыр, — дейді Ұлтай Амангелдіқызы сөз арасында. — Аудан педагогтары өз шәкірттерін тәрбиенің сан қайнарынан сусындатып тәуелсіз елдің өжет, қайратты, білімді, тәрбиелі азаматын қалыптастыруға жаңа бағытта оқытып, тәлім беруге ұмтылуда. Ә.Тотыбаева, М.Жаукербаева, Д.Рахимова, С.Оразовтай шәкірттердің есімдері Лондон, Грекия тәрізді бірқатар шетелде өткен ғылыми конференция, пән олимпиадасы мен фестивальде аталып өтілді. Бұл — аудан үшін мақтаныш.
— Ұлтай Амангелдіқызы, айналып келіп, әңгіме арқауы қоғамдық жұмыстарға ойыса береді. Сабақтан тыс уақыттағы осындай  шаралар  балаларды еңбекке баулиды. Шынықтырады. Бүгінгі шәкірттердің қоғамдық жұмыстарға араласу белсенділігі қандай?
— Қоғамдық жұмыстардың балалар мен жасөспірімдер өмірінде алатын орны айрықша. Кезінде өзіміз осы бір қайнаған ортада көптеген достар тапқанбыз. Бүгінгі оқушының да баяғы оқушылардан айырмасы жоқ. Кез келген қоғамдық жұмысқа құлшына араласады. Олардың заманауи жаңалықтар мен жаңа жетістіктерге ұмтылуы да заңдылық. Біздің кезімізден бүгінгі ұл-қыздардың балалығы әлдеқайда қызық. Білімге деген ынтасы, ойлау қабілеті, ақыл-парасаты ерекше. Мұны оқушылар білім, спорт пен өнер додаларында дәлелдеп келеді. Яғни, аудандық жарыстардан алау алған спорт шеберлері, облыстық, республикалық және халықаралық жарыстарда жеңіс тұғырына көтерілуде. Айталық, А.Инкарбеков, А.Черников, Е.Мұнаровтай  ұландардың жұлдызы жарқырай түссін демекпін.
— Қарасайлық ұстаздар мен шәкірттердің жақсы істеріне куә болып, қуанып отырмыз. Ылайым солай болғай. Туған өлкенің тарихи тұлғаларының есімі ұрпағы есінде екені тырнақалды шығармаларын оқығаннан-ақ менмұндалайды.
— Кішкентай балғындардың шығармашылығы өз
алдына бір әдеби айдын. Бірнеше ұлт пен ұлыс-тың ортақ мекеніне айналған өлкеміздің 80 жыл-
дық тойы қарсаңында, ақын Н.Әлімқұловтың 80 жылдық, қоғам қайраткерлері О.Жандосовтың – 100, Ә.Байсалбаев пен Ж.Бәрібаевтың 110 жылдық мерейтойларына арналған тағылымды, мәні зор шаралар білім ұяларында республика көлемінде аталып өтті.
— Аудан ұстаздарынан тәлім алған шәкірттердің қашанда биіктен көріне беруіне тілектеспіз.  
Ж. ТҰРЖАНОВА.

ПІКІР ЖАЗУ