Ордабасы

Ордабасы – Түркістан облысы, Ордабасы ауданында орналасқан таулы көркем аймақ.
Көпке мәлім Ордабасы – қазақты қан қақсатқан «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан» кейін, халқымыз бойын тіктеп, күш жинап жауға қарсы аттанған жер. Ордабасы тауында 1726 жылы Орда тігіліп, халықтың үш жүзінің игі жақсылары бас қосып, жоңғар басқыншылығына қарсы күреске халықты жұмылдыру жайы талқыланған болатын. Бұл жиын – қазақтың тарихында аса ауыр, сынаққа толы кезеңде қазақтың рухын көтеріп, ұлттың намыстың отын жаққан, жүрекке жігер, бойға қуат беріп, алдағы ұлы шайқастарға біртұтас ел болып аттанудың тағдырын шешкен аса маңызды оқиға болып саналады. Осы кезден бастап-ақ ол киелі, әулиелі жер саналып келеді. Осы тауда Төле, Әйтеке және Қазыбек билердің басы қосылып, елдің ертеңі үшін бірлікке бастап, шешім жасаған.
Ордабасы шағын тау болғанымен мұнда 20 шақты бұлақ бар. Көшпелі өмір сүрген бабаларымыз Ордабасын жаз жайлау етіп, бұлақтарының басына он-он бес үйден күзге дейін отыратын көрінеді. Бүгінде сол бұлақтардың біразы тартылып қалған. Оған басты себептің бірі – таудың тастарын қиыршықтайтын зауыттың жасаған жарылыстары. Қолдан жасалған күнделікті жарылыстар әсерінен бұлақтың көздері бекітілген. “Басбұлақ” — Ордабасы тауының оңтүстік-шығыс жағында бірінші болып ағып жатыр. Ең шеттен қарағанда алғашқы кездескендіктен Басбұлақ аталып кеткен. “Қамыстыбұлақ” ну қамыстың арасынан шығып жатыр. Реті бойынша Басбұлақтан кейін екінші кездеседі.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы 26-28 мамырда Ордабасының ұшар биігіндегі Бірліктөбеде Үш биді еске алуға арналған салтанатты жиын өтіп, жиынға 150 мыңнан астам халық және үш елдің президенттері (Елбасымыз Н.Наазарбаев, Өзбекстанның бұрынғы президенті И.Каримов, Қырғызстанның экс-президенті А.Ақаев) қатысқан болатын.
Ал 1994 жылдың 1-қаңтарында аймақтағы тарихи, мәдени және археологиялық ескеркіштерді сақтау мақсатында Ордабасы ауданы, Бадам стансасында «Ордабасы» ұлттық-мәдени қорығы ашылды.
Нұрсұлтан Әбішұлы халқымыздың басын біріктірген киелі тауда үш бидің рухын мәңгі құрметтеу үшін монумент орнату жөніндегі қойылған белгітасты ашып берген еді. 1997 жылы көктемнің алғашқы айында «Бірлік» монументінің құрылысы басталып, сол жылдың 19 қыркүйегінде ескерткіштің ашылу салтанаты болып, оған Елбасымыздың өзі қатысты. Монументтің жобасын жасаған сәулетші Ғ.Садырбаев еді. Бұл батырлық жылдар және бірлік, ынтымақ жайында еске түсіретін ерекше ескерткіш үш бидің нысанында жасалған үш мұнарадан тұрады.
«Бірлік» монументінің биіктігі 28 метрді құраса, төменгі шеңбер диаметрі сегіз метрге жетеді. Ескерткіштің үш бұрышындағы стелалар ақ мәрмәрдан жасалған, олар үш бидің тұлғасын білдіреді. Ескерткіштің әр бетінде Төле, Қазыбек, Әйтеке айтып кеткен ұлағатты сөздер тасқа қашалып, жазылған. Монументтің ортасына бекітілген шаңырақ, бұл 130-дан аса ұлт өкілдері мекен етіп жатқан еліміздің бір шаңырақта тату-тәтті өмір сүріп жатқанының белгісіндей. Сол шаңыраққа «ынтымағымызға көз тимесін» деген ырыммен тұмар ілінген. Ал төменірек тұрған шашбау-сылдырауық болса, «ел мен жерімізді қорғаңдар, құлақтарың әрдайым түрік жүрсін» деген ұлы билердің ескертпесі секілді.«Жүзге бөлінбей, тұтас мемлекет болсақ» деген мағынада монументтің төбесінде хан қалпағының бейнесі бар. Монумент алдындағы алаңда Елбасының «Ордабасы – ел жүрегі, жер кіндігі» деген сөзі жазылған тұғыртас бар. Ордабасы тауында жүргізілген соңғы археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде тау айналасынан екі жарым мың жыл бұрын жерленген сақ тайпаларының ұлы көсемдерінің бейіттері табылған. Киелі тау бұл күндері ғана емес сонау сақ дәуірінде де ерекше маңызға ие болса керек

Феруза ТАҢСЫҚБАЕВА,
жас тілші, Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Бадам станциясы, А.Шерімқұлов атындағы мектептің 10-сынып оқушысы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *