Жақсыларға жақсылар үйір болады

«Master film» киностудиясы түсірген «21-ғасырдағы Шыңғысханның қызы» атты фильмнің басты кейіпкері Орынтай Ақниет Мейіржанқызын танымайтын жан жоқ шығар. Ақылды, алғыр, жігерлі, беделді, тапқыр қыздың рөлін сомдау оңайға түспегені белгілі. Фильмде басты рөлді сомдаған Орынтай Ақниет Мейіржанқызымен жүздесіп, қызықты әңгімелер айттық. Ақниет өте сабырлы, қажырлы, табанды, сүйкімді, ақкөңіл жан екен.

-Ақниет, алдымен өзіңізді таныстырып өтсеңіз?
— Қапшағай қаласының тумасымын. 1-сыныптан кейін отбасыммен бірге Алматы қаласына көшіп келдік. Алматы қаласына келген соң 5 мектеп, 6 сынып ауыстырдым. Өйткені біз жиі қоныс аударатын едік. Маған жаңа мектеп, сынып ауыстыру қиын болған жоқ, керісінше қызық болды. Содан кейін Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына оқуға түстім. Оның өзі бір қызыққа толы оқиға болды. Менің негізгі мақсатым екі шет тілдерін оқу болатын. Бірақ өмір ағысы өнерге алып келді. Өзімнің ең жақын құрбым болатын. Екеуміз ылғи да бірге актерлік шеберлікке, әнге, домбыраға, биге баратынбыз. Құрбым екеуміз үнемі сахнада жүретінбіз. Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына түсу құрбым үшін үлкен арман болды. Дәл сол кезде Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына түсуге емтихан жүріп жатты. Сосын құрбым академияға мені ертіп барды. Емтихан тапсырдым. Оны отбасыма айтпадым. Осылай Алла қолдап грант иегері болдым. Содан соң отбасыма айтып едім, бірден «жоқ»-деп қарсы пікір білдірді. Қазақи тәрбиеленген соң олар түсінбеді, актерлік қыз балаға дұрыс мамандық емес деп айтты. Сен өзің жұмсақ қызсың, сені бәрі таптап тастайды деген әңгімелерді айтты. Бұл менің бағым шығар, ақ баталарыңызды беріңіздер дедім. Әрең дегенде мен анамды көндірдім, анам әкемді көндірді. Сөйтіп ағам да көнді. Барлығы ақ баталарын берді. Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын оқып шықтым. Аллаға шүкір, қызыл дипломға бітірдім. Екінші курстан бастап театрға жұмысқа тұрдым.


-Қандай жетістіктеріңіз бар?
-Көбінесе менің жетістіктерім мектеп кезіндегі байқауларда болған. Ылғи бас жүлде алатынмын. «Қазақ аруы», «Алтын күз», түрлі демалыс лагерлерінде де «Қазақстан аруы» жүлделерін алған болатынмын. Содан кейінгі театр бойынша өзіміздің ұжыммен мемлекеттік деңгейде фестивальдарда орын алғанбыз. Біздің өзіміздің ұжымымыздың қорында бас жүлденің саны басымырақ.
-Бос уақытыңызда немен айналысасыз?
-Үйде болғанымда уақыт табыла қалса тамақ пісіремін, дәмді тоқаштар, бәліштер пісіремін. Сосын екі кішкентай жиенім бар, соларға көңіл бөліп, мультфильм көреміз. Маған мультфильмдер көрген қатты ұнайды. Мультфильм көру арқылы әлемге кішкентай баланың ойымен, көзімен қарайсың. Сосын табиғат аясында серуендегенді жақсы көремін. Әсіресе тауды қатты ұнатамын. Қыста шаңғы тебемін. Сноубордты тебуді осы жылы жаңадан үйрендім. Қыста «Медеу» мұзайдынына барып, коньки тебемін. Ал жаз мезгілінде әртүрлі шыңдарға шығам. Кітап оқығанды жақсы көремін. Қызықты фильмдерді көргенді ұнатамын. Достарым өте көп және де солармен ақпарат алмасуды жақсы көремін.
-Өмірдегі ең басты мақсатыңыз?
-Ана болу, жақсы әйел болу, көп-көп бала туу. Әрине, өзімнен кейін тарихта із қалдырғым келеді.
-Бала кезіңізде кім болуды армандадыңыз?
-Бала кезімнен әртіс болуды армандадым. Ән айтсам, би билесем деуші едім. Бірақ актриса болам деп ойламаған болатынмын.
-Кино әлеміне қалай келдіңіз?
-Кино әлеміне алғаш 2-курста аяқ бастым. Режиссер Асқар Ұзабаевтың «АйТи-молодец» атты сериалына кастинг жүріп жатты, сол кезде режиссер Асқар Ұзабаевтың көңілінен шығып, алғаш рет сериалға түстім.
-Қандай кинода немесе фильмде рөл ойнадыңыз?
-Маған ең қатты ұнаған жоба – «Тарас повернення» атты көркем фильм. Бұл фильмді Украина мен Қазақстан бірге түсірді. Сол фильм арқылы мен әлемді көріп қалдым. Украинада фильм түсіру деңгейі өте жоғары. Кәсіби жақтан көп нәрсеге көзім жетті. Фильмде барлығы жоғары деңгейде болды. Тарас Шевченконың жақсы көретін қызының рөлін сомдадым. Бұл менің алғаш түскен фильмім болатын. Сосын бұл фильмге кастинг бүкіл Қазақстан бойынша болды, көптеген қыздар бағын сынады. Дәл сол кастингтен мен өттім. Менің кастингтен өткенімнің өзіндік себебі бар. Мысалы, мен атқа да міне алатынмын, садақ ата алатынмын, ештеңеден қорықпайтынмын, қолыма бүркіт қондыра алатынмын. Бұл фильмде мен түр-келбеті келіскен қазақтың «Адай» батыр қызының рөлін ойнадым.
Ал екіншісі «21-ғасырдағы Шыңғыс ханның қызы» атты фильм. Ол фильмнің кастингіне өте көп қыздар қатысты. Кастинг бойынша 500-ден аса қыз осы рөлді сомдауға қызыққан. Мені соңында тапты. Маған бұл фильм ұнады. Бірақ актер деген ешқашан өз-өзіне риза болмауы керек, жұмыс істеп, алға ұмытылып, өзінің қателіктерін көре алып, сонымен жұмыс істеуі керек.
-Алға қойған қандай жоспарларыңыз бар?
-Шығармашылық тұрғыда менің ең бірінші жоспарым – актерлік шеберліктен мектеп ашу. Мен кішігірім актерлік шеберлік курсын аштым. Бірақ үлкен мектеп ашқым келеді, ішінде 100-ден аса бала болатындай, кейін солармен спектакль ұйымдастырып, үлкендер де келетіндей. Ары қарай Лос-Анджелесте тұрып, шетелдік фильмдерге түскім келеді. Алға қойған мақсаттарым да, жоспарларым да көп. Сол мақсат, жоспарларым орындалу үшін талмай еңбек етемін.
-Кинода рөл ойнағанда қандай қиындықтар болады?
-Әр киноға түсудің өзіндік қиындықтары болып тұрады. Ең қиын сәт «21-ғасырдағы Шыңғыс ханның қызы» және «Отыңды өшірме» атты екі фильмде болды. Себебі екі фильмде де басты рөлде ойнадым, екі түсірілім бір уақыт аралығында болды, оған қоса ораза ұстап жүрдім. Тіпті ұйықтамай жұмыс істеп жүрген күндер болды. Дәл сол түсірілім уақытында ауырып қалдым. Оған себеп болған «21-ғасырдағы Шыңғысханның қызы» фильмінің түсірілімінде далада бассейнге түсірді, дала суық болды. Мен ораза ұстап жүріп түсірілімде жүрген кезде өте әлсіз болдым, көзім қызарып, тамағым ауырды. Өз-өзімді қинап, күніне кем дегенде 2-3 сағат қана ұйықтап жүрдім. Түсірілім кезінде қатты шаршағандықтан өзімнің рөлімдегі сөздерімді ұмытып қалатынмын. Бірақ ұмытқан мәтінді тез-тез еске түсіріп, орныма қайта келе қалатынмын. Түсірілім жүріп жатқан уақытта «өзіме көп алып қойдым ба» деп ойлаған сәттер де болды. Осылай жүріп барлық түсірілім аяқталды. Содан кейін мен өзіме «жарайсың»дедім. Негізі ештеңеден қорықпау керек. Керісінше, өміріңді қиындату керек. Егерде маған бәрі оңай, үйреншікті әрі жеңіл болса, маған өмір түк қызықсыз болып кетер еді. Барлық затты қиындатқанды жаным сүйеді. Мысалы: мен ыдысты оң қолыммен жуып жатқанда, неге мен сол қолыммен жумаймын, оң қолыммен тісімді жуғанда , неге мен сол қолыммен жумаймын дегендей барлық затты қиындатып, алма-кезек жұмыс жасағым келеді.
-Балалық шағыңызда болған ең қызықты оқиғаны айтып бере аласыз ба?
-Менің балалық шағым Қапшағайда өтті. Ол жақ өте таза, құмды жер болатын. Бәріміз жалаң аяқ, жалаң бас жүретінбіз. Мен ойынды өте қатты жақсы көретінмін. Және де аулада ең кішкентай қыз мен болатынмын. Сондағы есімде терезені ашып, шығып алып, концерт жүргізетінмін. Барлығы менің концертімді көруге келетін. Әр кезде түрлі ойындар ойлап табатынбыз , ойынға керек заттарды бәріміз бірге бөліп алатынбыз, мен үнемі картоп пен көрпеше апаратынмын. Жаңағы көрпешені көтере алмай сүйреп әрең жеткізетінмін. Сондай қызықтар болатын. Көршілеріміз көбіне орыстар, немістер болды. Олар өте керемет адамдар. Мен кішкентай болғасын орысшам түсініксіз болса да ұялмай сөйлейтінмін. Орысша білмейтінім – мен қарапайым қазақ жанұясында өстім, тек қазақша сөйлейтінбіз .Көршілеріміздің үйіне қонаққа барғанда үнемі бір үйге ойыншығымды ұмытып кететінмін. Сосын ойыншығымды алу үшін орыс тәтелерге барып «кто мою игрушку берила ?» — деп білмесем де ұялмай сұрап, сөйлейтінмін.


-Егерде актриса болмағанда қандай маман иесі болар едіңіз?
-Маған жұлдыздар әлемі ұнайды. Түсірілімнің көбі Алматының шет жағында болады, ол жақта жұлдыздар анық көрінеді. Одан бөлек мен қазір көптеген дін туралы бейнежазбалар қараймын. Мен мүмкін аспан әлемін зерттеуші ғалым немесе дінтанушы ғалым болар едім.
-Мектеп кезінде оқу үлгеріміңіз қандай болды?
-Менің оқу үлгерімім жақсы болды. Барлық сабағым 5 болатын, тек қана математика 4 болатын. Мен сабаққа көп қатыспайтынмын. Көбінесе мерекелік шараларға дайындықтарда жүретінмін. Апайлармен жақсы қарым-қатынаста болған соң , жақсы сөйлесіп, баға жағын реттеп алатынмын. Бірақ бәрібір математика 4-болып шығып қалатын.
-Жеке фильм түсіру ойыңызда бар ма?


-Бұрын-соңды Қазақстанда түсірілмеген фильмді түсірсем деп құдайдан тілеймін.
-Қандай рөл сомдағанды ұнатасыз?
-Барлық рөлдер ұнайды. Әртүрлі мінезі бар, мықты, іштей жігерлі қыздардың рөлі ұнайды. Бірақ актерге қандай рөл берсе де сомдап шығарады.
-Журналдың оқырмандарына айтар сөзіңіз қандай?
— Ең бастысы – жақсы ойлаңдар, ешқашан жаман ойламаңдар. Жақсы ойдан жақсы әрекет туады, жақсы істер пайда болады, саған жақсы адамдар үйір болады. Әрқашан ізденісте болыңдар. Ешқашан шектеу қоймаңдар! Тек алға қарай ұмтылыңдар! Болашақта мықты азамат ,азаматша болуларыңа тілектеспін!
-Сұхбаттасқаныңызға көп рахмет! Ақниет, сізге зор шығармашылық табыс тілеймін! Еңбегіңіз жана берсін. Сізге сәттілік серік болсын!

Сұхбаттасқан – Ләззат МӘУІТ,
жас тілші, Алматы қаласы, №156 мектептің оқушысы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *