Ақ иық Сұңқар

14bet_f12Менің ауылым – Талды деп аталады. Табиғаты сұлу, тарихы бай, шежірелі  өңір. Бұл ауылда талай-талай ірі тұлғалар өмір сүрген. Солардың бірі, менің арғы атам – Сеңкібай би Оразғұлұлы. Ол 1709-1787 жылдары өмір сүрген. Менің атамды әйгілі Абылай хан «Ақ иық Сұңқарым» деп атапты. Оның мәнісі былай екен.
Жорық жылдары болса керек. Түн ортасы ауа Абылай хан қалғып кеткен екен. «Аттан, аттан! Жау келіп қалды!» деген үрейлі үн естіледі. Абылай орнынан ұшып тұрып, есік алдына көлденең тартқан «Жал құйрығына» қарғып мінеді де, «Баян батыр, өз мыңдығымен жауға қарсы аттан! Сеңкібай, сен жасағыңмен орданы қауіпсіз жерге орналастыр! Ордаға ие болу сенің міндетің» деп, атына қамшы басады.
Айсыз қараңғы түн. Нөсерлетіп жауған жауында еш маза болмайды. Тіпті, жау кім, өзіңдікі кім айырып болар емес. Сеңкібай Абылайдың «Орданы өзеннің сол жағына орнықтыр» деген тапсырмасын орындауға күш салады. Бірақ өзеннің ол тұсы ну қамыс, батпақ, сулауыт еді. Орданы орналастыру аса қиынға соғады. Амалы құрыған батыр қолын жайып, тәңірінен жәрдем күтеді.
— Иә, аруақ, Алаш бабам, Қарақат анам жар бола көр! – деп мінажат қылады.
Сол шақта өзеннің сол жақ тұсынан саңқылдаған қыран үні естіледі. Батыр солай қарай жүре береді. Жүрген сайын алды ашылып, тынысы кеңи түседі. Сонымен не керек, Сеңкібай орданы орналастырады да, Абылай мен Баян батырды іздеп шығады.
Ертеңіне Абылай түнгі ұрыстың қорытындысын шығарады. Сеңкібайға ризашылығын білдіреді. «Сен, Сеңкібай, айсыз түнде, нөсерлі жаңбырда қалың қамыс ішінде адаспай жүретін, түнде ұшатын Алтайдың ақ сұңқары болдың. Бұдан былай сені «Ақ иық Сұңқар» атайық  депті. 
Ауылымыз Сеңкібай батырды зор құрмет тұтады. Мазарына барып, зиярат етеді. Мен осындай атаның ұрпағы болғанымды мақтан етемін.
Жанна ИБРАЕВА.
Қарағанды облысы,
Шет ауданы, Талды ауылы.

ПІКІР ЖАЗУ