Ағамызға, қонаққа…

SONY DSC

Татарстстанда 1931 жылы туған татардың балалар жазушысы Радик Фаизовтың әңгімесін сендерге ұсынып отырмыз. Татар тілінен қазақ тіліне аударған — жазушы Гүлзат Шойбекова.

Бүгін таңертеңнен күн керемет! Заңғар көк жүзінде анда-санда ғана күн нұрына рахаттана қалқыған ақ бұлттар шоғыры көрінеді. Ғажап тыныштық. Айналмалы соқпақ жолдың шетіндегі сап-сары бидайықтардың бастары да қозғалмайды, сусылдамайды. Бозторғайлар да ертеңгі әндерін шырқап болып тыныштала қалғандай. Тыңдасаң да, тыңдамасаң да құлақ құрышын қандырар шегірткелер шырылы да естілмейді.
Осы бір рахат тыныштықта ұйқысырап жатқан соқпақ жолды оятып екі үлкен кісі келеді. Үлкен кісілеріміз — ағалы-қарындасты Фарит пен Фарида. Ағасы енді ғана жетіге толды, ал қарындасы бестен асқан. Аяқ киімдерін қолдарына ұстап, жылы топырақты қыдықтары келгенше рахаттана жалп-жалп еткізе еркін адымдап келеді. Ірі сепкілдер түскен ақшыл сары беттеріне, ақ көйлектеріне сұрғылт тозаң қонуда. Қонғысы келген екен, қонсын, енді. Әрдайым: «шаңды баспа, көйлегіңді кірлетпе!» — деп күніге мың мәрте ескертетін шешелері жоқ бұл жерде. Әрдайым мұрынын көтере түшкіріп, үнсіз ғана көздерін алайта қарайтын әкелері де жоқ. Оларды анда-санда аздап ұмытып тұрса да болады. Мұнда бір сөз айтпаса да жымия қарап тұрған күн, ақ бұлттар, алға шақырған жол, сырлы ағаштар бар. Мұнда үйдегіден әлдеқайда көңілді. Шын айтамын! Сенбесеңіз, Фариттердің үйінде тұрып, сонан соң олар сияқты еркіндікке шығып қараңыз.
Фарит бүгін анасы мен әкесін қызық жағдайға қалдырды. Таңғы шәйларын ішті де ешкімнен рұқсат сұрамастан, ешкімге ескертпестен үйден шығып кетті. Әрине, әдемі қарындасын да қалдырмады. Олар қақпаны сықырлатпастан абайлап қана ашып шықты. Міне, қазір өз ауылдарынан екі шақырымдай жердегі Дуслар ауылына бармақшы. Маһира ағасына, қонаққа. Білесіз бе, олардың ағасы жақсы адам және өзі өте әдемі. Алайда, ол бар кезде де шаң-топырақты рахаттанып жалаң аяқ баса алмайсың. Міне қызық, ағалары әкесі мен шешелерінен де қатал! Тек ол ашуланса да ашуын сыртқа шығармай, үнсіз ғана ашуланады. Дауыс шығарып ұрыспайды. Сондықтан ол жақсы аға болып қала береді. Оның аспан түстес көгілдір көздері де, бетіндегі тарам-тарам әжімдері де өзіне жарасады. Сол сүйкімділігі үшін де оны ренжіткісі келмейді… ол жақсы ағалары бұларды әлі бір ай қонақ етер. Мүмкін өскенше де сонда тұрса қайтеді екен. Ағасы қартайып кетсе қарындасы Фариданы өзі де баға алады. Анасы мен әкесі өздері ғана отыра берсін. Оларға солай өмір сүрген көңілді болар…
Фарит қарындасына сездірмес үшін ілгерірек шықты да өкпелеген жүзімен мұрынын тартып қойды. Ол бәрін де түсінеді. Анасы күнұзаққа әкесіне ұрсады. «Әне, көрші Ризван ағайлар қалай тұрады. Үйлері жап-жаңа, алты бөлмелі, мотоциклдары да бар. Әне, Хатип ағаларды қара, сен! Былтыр ғана керемет «Жигули» машинасын сатып алды. Қазір Хатип ағайдың Гүлгәне әйелі желігіп, машинадан кеудесін керіп түседі, керіліп жүреді. Біздің үйіміз де ескі, сенің велосипедің де қирап біткен».
Болса қайтейін. Әкелері кінәлі ме екен оған? Аналары әрдайым: «Бәріне де сен кінәлісің, сен надансың, сен берекесізсің!» деп айғайлайды. Кейде тіпті керемет бір асыл затын жоғалтқандай жылап та алады. Ал Фарит бәрін басқаша түсінеді. Соны түсінбеген анасына: Ризван ағай шофер болуға, ал Хатип ағай тракторшы болуға жаралған. Ал біздің әкеміз клуб басшысы. Ол жігіттер мен қыздарды жинап театрда ойын қояды, қызыл маталарға үлкен-үлкен ақ әріптер жазып, төбелерге шығып ілуге, кісілірге газет оқып беруге жаралған. Клуб басшысы болғандықтан, газеттер ғана оқып жүргендіктен оның ақшасы Ризван ағайлардікіндей көп емес. Бұл үшін әкесі қалайша айыпты болмақ. Клуб үшін жаратылған соң не істесін енді? Өзің қаламаған дәмсіз тары ботқасын ашықсаң да жемейсің ғой.
Соқпақ жолмен орманға жеткенде біздің екі үлкен кісілер біраз тынығып алмақшы болды. Үлкен емен түбіндегі көлеңкеде аз ғана самал жел соқты. Ұзын, сирек өскен өлең шөптер мұнда келіңдер дегендей бір шайқалып қойды. Фарит көкмайса шөпке отырғаны сол еді Фарида оның жанына сүйкене жақындап, басын ағасының алдына қойып жата кетті. Көк жүзіне қарап көзін сығырайта уқалаған ол сұрақ беруге кірісті:
— Аға, дейім, аға, әкелердің екі аты бола ма не?
— Неге олай дейсің, қарындасым?
— Неліктен біздің анамыз әкемізге Дауыт деп қана айтпай, кейде «Хорасан»* дейді?
Біраз шамаласа да «хорасанның» не екенін Фариттің өзі де анық білмейтін еді. Алайда қарындасының алдында дәрежесін түсіргісі келмейді. Ол қарындасын бәрін де өзім білемін, жолды өзім табамын деп қызықтыра саяхатқа алып шықты емес пе? Міне, баланың ұшқыр ақылы да жауапты тез тапты.
— Әкеміздің жігіт шағында Хорасан деген есімі болған. Үйленген соң кісіге жаңадан ат беріледі… енді сен ұйықтап ал, қарындасым, өзім оятамын.
— Қазір ұйықтаймын. Олай болса Ризван ағайдың бұрынғы аты кім болған?
— Ризван ағай ма… Ол… ол Риза болған.
— Һә, қызық, жеңілтек ат екен, жел сияқты ма сонда?
— Бұл оңай ат, қарындасым! Жел қуар. Жел сияқты, желді де қуып жете алады деген мағына ғой. Маған кім ол желқуар!
— Ал анамыз бен әкеміз бізді таппаса қайтер едік… Біз не істер едік, аға? Қайда болар едік біз?
— Олар таппаса басқалар табар еді. Бізді таппай қалмас еді. Басқаша қалай болсын?
— Олай болса мен ұйықтаймын.
— Ұйықтай ғой, менің әдемі қарындасым.
Не деген ғажап кісілер. Ұйықтаймын деді де пысылдап ұйықтап кетті. Фарит қарындасының ақшыл сары, жұмсақ шаштарын сипап қойды. Кенет тамағы жыбырлап, көздерін ашыта жанарына жас келді. Бізді таппаса дейді… Фарит кеше кешке әкесі мен анасының ұрысқанда, анасының айтқан сөздерін есіне түсірді.
— Бекер екен, қателікпен шыққан екенмін саған! — деді анасы аяқ астынан тыныш қана тамағын ішіп отырған әкесіне. Әкесі мұндай жағдайларға көптен еті үйренген. Қасығын да шетке қоймастан ілтипатсыз ғана жауап қайтарды:
— Асықпасаң, шығарсың тағы…
— Сен, сен!… Артымнан қалмай жалынып жүрдің! Тура сағыз болдың жабысқан!
— Олай өкінеді екенсің, әлі де кеш емес. Төрт жағың құбыла…
— И, бұлар болмағанда ғой, болмағанда ғой! — деп жарылардай ашуланған анасы үстел жанында отырған Фарит пен Фаридаға қарап қойды. Олай қарамаса да Фарит бәрін түсініп тұрған еді. Көйлек жағасына жаңбыр тамшысы тамғандай сорғалаған көз жасына ерік беріп, арқасы мұздап сала берді….
Анасының алайған, қорқынышты болып ашылған көздерінен жас жылтырады. Ол орнынан секіріп тұрды да дірілдеп-қалтырай Фарит пен Фариданы көкірегіне қысып, шаштарынан сүюге кірісті. Бірақ оның сап-салқын жабысқақ еріндері, басына тамған жасы Фаритке біртүрлі жиіркенішті сезілді. Жаңа ғана не деп еді өзі, енді қазір не істеп тұр. Ал Фарида анасының бұл қылығынан қорқып жылап жіберді. Ботқасын да жеп бітірместен үстел басынан тұрып кетті.
Міне, әрдайым да осылай. Фарит пен Фаридаға кектенгендей дастархан басына келіп, ботқаның енді ғана дәмін ала бергенде екеуі ілініседі де қалады. Сосын тамақ жеп көр. Жүрегің зуылдап отырып қалай ас ішесің. Өзін қойшы, оның көркем қарындасын да жабықтырып бітіретін болды олар.
Қарындасы оянып көздерін ашты. Қайда екенін есіне түсіре алмай, үнсіз көкке қарап жатты. Олар түрегеліп отырды да аздап бастарын қасып қойды.
— Менің үйге қайтқым келеді, — деді кенет қарындасы қарлыққан дауыспен.
Ағасы бұл сөзге ашулана кетті.
— Сен не? Сен неге сөзіңде тұрмайсың?!
— Үйге қайтам! — деп қайталады қарындасы. — Менің қарным ашты. Мені іздеп жатқан шығар.
— Іздемейді! — деп ашумен айтса да Фарит өзі де бұл сөзге күмәндана қалды.
Тоқтай тұр, олар үйлерінен шығып кеткендеріне көп болды. Әне, күн де батуға қайтып барады. Ал әкесі мен шешесі оларды сағына бастаған шығар. Олар әбден іздеп, таба алмай, жоғалды деп жылап қайғырса ше? Аналары «асыл дәндерім» қайда менің деп жылап жатса ше? Енді үйде барлығы біздің көңіліміздегідей өзгерген болар деп ойлады Фарит. Ал анасы мен әкесі бұлардың есімдерін атап айғайлап, жер-көктен шарқ ұрып іздеп жүргендей. Әкесі мен анасын өзі де сағына бастағандай. Тек ол ойын қарындасына сездірткісі келмей:
— Сен жылама. Үйге қайтамыз, — деді оған.

Татар жазушысы —
Радик Фаизов.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *