Стюардесса болғым келеді

Стюард немесе стюардесса кімнің болғысы келмейді дейсің. Мыңның бірі болып аспанда қалықтап жүргенге не жетсін. Әртүрлі елдерге саяхат жасап, суретке түсіп, инстаграмда танымал болуға да болады. Оның үстіне, ішкі рейстерге 90%-ға дейінгі жеңілдік алып, тегін жүргендей ары-бері ұшып жүресің. Оған қоса, олардың айлығы да жақсы жоғары төленеді.

Стюардессаларға қойылатын талаптар

Қысқаша айтқанда, 19-30 жас аралығындағы, бойы 160-тан 180 см-ге дейінгі қыздар. Ажары келісті болса, онда мүмкіндігі тіпті артады және сөйлеу мәнерінде мін болмауы тиіс. Білімі ортадан төмен емес, ал мамандық мәселе емес. Есесіне қазақ, орыс және ағылышын тілдерін жетік меңгерсең керемет. Оған қоса неміс, француз, испан және т.б. тілдерді білу қосымша бонус.
Жолсеріктің денсаулығы мықты болу керектігі айтпаса да түсінікті. Сонымен қатар, жүзе білуі керек. Сондықтан әрдайым спортпен шұғылданып тұрғаны абзал.
Бортқа созылмалы аурулары бар нәзік жандыларды және көз көру көрсеткіші -2,5-тен төмен болса қабылдамайды.

Стюардесса болу үшін не істеу керек?

Компанияның сайтындағы анкетаны толтыру керек. Бірінші кездесуде жалпы таныстық болады. Сонымен қатар бұл кезеңде, біліміңіз, білетін шет тілдеріңіз және ұшу кезінде қиын жағдайлардан шығу амалдары сияқты қитұрқы сұрақтар да сұрауы мүмкін.
Кездесуге стильді киініп бару керек: шашты буып, іскерлік костюм мен белдемше киіңіз.
Бұдан кейін шет тілінде эссе жазылады. Мұнда сіз болашақ мамандығыңызды қаншалықты білетіндігіңізді жазасыз. Барлығынан сүрінбей өтсеңіз, сізді медициналық комиссиядан өтуге және психологтың сынағынан өтуге жібереді.
Ары қарай практикалық және теориялық жаттығулардан тұратын оқуға жіберіліп, 3-6 ай оқиды. Оқу біткен соң қыздар емтихан тапсырып, сәтті өткендер 30 сағат ұшу емтиханын тапсырады. Бәрі біткен соң үшінші дәрежелі жолсерік деген куәлік табысталады.

Дайындаған: Мирас Кесебаев

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *