Аппақ қар

Аппақ қар басып, ақ мамық көрпе даламды,
Қамтыды екен қалайша бүкіл ғаламды?
Кейбір жерлерге жеткізе алмайтын болған соң,
Жаз болып тұрар, қар баспай жасыл алаңды.

Не деген аппақ, біркелкі, қара дағы жоқ,
Аппақ қар жатыр, даламның байтақ бағы боп.
Төрт мезгілдің бір маусымында ғана қар басар,
Болса ғой, шіркін, өмірдің аппақ жағы көп.

Көтеріп талдар ауырпашылығын міндетті,
Ақ бас шал болып сахнада жүрген шың да епті.
Суық деп, қысты мезі боламыз кей-кейде,
Дегенмен, досым, «ақ» деген ұғым – құрметті.

Ертегідегі кейіпкерді еске түсіріп,
Аяз да бір сәт кәріне мінбей, кішіріп.
Мүлгіді қайың ақ желең жапқан арудай,
Ақ саусақтарымен ақ мамық елге ұсынып.

Біркелкі етіп күзеген шашын қарағай,
Қатарын түзіп өсер жол бойын жағалай.
Ақ қайың, әне, онсыз да сұлу мүсінге,
Ақ көйлек киіп ешкімге тұр ғой қарамай.

Малынып қарға, нәзік бұтақтары иіліп,
Қарайды өткен жолаушыларға қиылып.
Үп еткен желің айналып үлкен боранға,
Кетпесе екен сыпырып бәрін сиырып.

Алтыншаш Жақиянова

ПІКІР ЖАЗУ