Кішкентай ханшайым

Қыстың жылы күні, ауланың жан-жағында аршылған қар үйінділері тұр. Үшінші сыныпта оқитын Динара мен бес жасар сіңлісі Дана далада ойнап жүр. Қар төмпешіктері қыздардың қиялындағы нағыз шаһар болып шықты. Ең биік төмпешік ханзаданың отыратын орны, тіпті оған шығатын баспалдағын да жасап қойыпты. Төмпешік ұзыннан-ұзақ созылып жатыр. Жоқ, бұл жай ғана қардың үйіндісі емес, бұл қыздардың қиялындағы ханзаданың керемет безендірілген дәлізі. Осы дәліз арқылы бау-бақшаға шығуға болады. Ал бау-бақшаның өзі қандай тамаша десеңші…
— Біздің бағымыз Вавилонның аспалы бағы сияқты. Ол туралы естіп пе едің, Дана? –деп сұрады апасы Динара. Ол Вавилонның аспалы бақтары туралы жақында ғана әдебиеттен оқыған болатын.
— Жоқ, естімедім, –деді Дана.


— Ендеше тыңда. Ертеде Навуходоносор атты патша болған екен. Ол құмды жерде орналасқан Вавилон деген қалада өмір сүріпті. Оның Амитис есімді келіншегі болыпты. Таулы және саялы жерде өскен Амитис гүлдің хош иісін, ағаштың сыбдырын аңсайды екен.
Патша Амитисті сүйгені соншалық, оған бірнеше қабаттан тұратын тамаша аспалы бау-бақша салдырған екен. Ал патшайым бақтың ең үстіңгі қабатында судың сылдырына рақаттанып демалып отыратын. Бұл бау-бақша әлемнің жеті кереметінің бірі болып саналады. Оны «Семирамида бағы» деп атайды.
— Керемет! Менің де ханшайым болғым келеді – деп таңдаңды Дана.


Кешкісін Дана анасымен сөйлесіп отырып, өзінің ханшайым болғысы келетінін айтты. Анасы жымиып:
– Сен ханшайымсың, Дана. Тек ханшайым деген қасиетті жоғалтып алмауың керек. Мейірімділігін жоғалтып, қаталдықтың соңында кеткен, адамгершілігін ұмытып, қастаңдыққа жол берген, сыпайылықты ұмытып, ашуға салынған ханшайым болу мүмкін емес. Ханшайым – ол алдымен, жақсы мінез–құлық, қамқорлық, ізеттік, кішіпейілділік, жаным. Егер осы сөздерімді ұмытпасаң сенің нағыз ханшайым екеніңді бәрі түсінеді.
Түнде Дананың түсіне сылдырлап ағып жатқан бұлақ пен түрлі–түсті гүлге толы бау–бақша кіреді. Ішінде айдай сұлу қыз жүр екен. Айналаның барлығын өзінің мейірімімен толтырып тұрғандай. Қасына барсаң бір ерекше тыныштық сезімге бөленесің. «Міне, нағыз ханшайым…», – деп ойлады Дана.

Дариға ҚАРАМАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы.
Суреттерін салған – Арафат СӘЛІМГЕРЕЙ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *