“Қыздарды сумен қатырдық”

Тәтем құрбыларын күте-күте жалығып, дүкенге кетті. Кетерінде бізге:
— Қыздар келсе, күте тұрсын, тәтем кәзір келеді деп айтыңдар, — дегенді де ескерте кетті.
Мен жолдасым Саят екеуміз теледидар көріп отырғанбыз. Көп кешікпей тәтемнің екі құрбысы Қарлығаш пен Ботакөз де келді. Қонақтарды жылы қарсы алдық. Арада он минут өткенде:
— Шай ішіңдер, — деп қолқа салдық. Қонақтар ішер асқа алғысын айтты. Тәтемнің келуі ұзара түсті. Олар сыртқа шығуға айналды.
— Ең болмаса нан ауыз тиіңіздер, — дедік. Олар әрине, наннан асып кете алмады. Қайтадан аяқ киімдерін шешіп, дастарқан басына отырды. Біз нанды жуандап турап, үстіне қалыңдап май жақтық. Нан алдына келгенде, олар шетін кертіп қана қоя салды. Сонда Саят:
— Жаманнан жарты аяқ ас қалады. Нанды тауысып жеңіздер,- деді. Мен де құптап қойдым. Мұндайды күтпеген олар әрең-әрең дегенде өз ырызғыларын тауысты.
Аздан соң Ботакөз:
— Нанның майы тым қалың екен. Су әкеліп берші,- деді. Мен екеуіне екі кесе су әкеліп бердім. Олар бір-екі ұрттап қоя бергенде, мен:
— Жаманнан жарты аяқ су қалады. Судың да сұрауы бар. Ішіп қойыңдар,- дедім.
— Су тым көп екен. Ішіп тауыса алар емеспіз,- деп олар да бәлсіне қалды.
— Көп деп менсінбеңіз, аз деп азсынбаңыз. Одан да тауыса ішіп қойыңыздар, — деп мен де тақымдап болмаймын. Олар бір-біріне қарап жымың етті. Суды да тауыс-ты. Бір уақытта тәтем келді. Құрбыларын көріп қуанып, шай әзірлеп жатыр. Сонда Қарлығаш:
— Інің өзі бір қонақжай, мырза бала екен. Бізді шылқыта майға тойдырып, сумен қатырды. Енді шай ішетін мұршамыз да жоқ, — деп күлді. Қисынды сөзге біз де қосыла күлдік.
Ерқанат ҚАБДЫРАҚМАН.
Арқалық қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *