КҮШІМ, КҮШІМ, КҮШІГІМ

    Адамға қалай үйренді?

Ерте, ерте ертеде, ешкі жүні бөртеде деген заманнан да бұрынғы бір ықылым заманда, өзіміз күнде көріп, көзіміз үйреніп кеткен кәдімгі ит те адамнан бөлек, жабайы тіршілік еткен. Заманнан заман өткенде ол да қолға үйреніп, адамға серік болыпты. Алайда оның қай кез екенін тап басып ешкім айта алмайды. Тек шамамен болжайды. Сол болжамға ежелгі адам қонысы болған жерлерді қазу кезінде табылған заттарды дәлел етеді. Табылған заттардың ішінде ит қаңқалары да бар екен. Ғалымдар сол қаңқалардың бірін бұдан он мың жыл бұрынғы қолға үйренген ит деп дәлелдеп отыр. Одан әріде тіршілік еткен иттің қаңқасы әзірге табыла қойған жоқ. Итке қатысты басқа да белгілер кездеседі. Мысалы Ирак аумағында жүргізілген архелогиялық қазба кезінде саз балшықтан сомдалған ит мүсіні шыққан. Зерттей келе оның бұдан 8750 жыл бұрын жасалғаны анықталды. Ондай белгілер біздің Қазақия жерінде де бар. Ежелгі ата-бабаларымыз ит сұлбасын жартасқа қашап салыпты. Ғалымдар жартастағы осы сүгіреттің қашалғанына төрт-бес мың жыл болған деп пайымдайды.
Алайда, осыған қарап ит бұдан дәл он мың жыл бұрын адам қолына үйрене бастаған деп кесіп айта алмаймыз. Иттің адамға серік бола бастауы одан да әріде екені анық. Мүмкін он бір мың жыл, әлде одан да бұрынырақта ма екен. Бірақ, қалай болғанда да тегі қасқырдан тараған жабайы ит бұдан он мың жыл бұрын үй итіне толық айналып болған. Бұл біздің заманымыздан бұрынғы сегізінші мыңжылдыққа сәйкес келеді. Осы заманды біз тас дәуірінің екінші кезеңі (мезолит – орта тас ғасыры) деп атаймыз. Ол біздің заманымыздан бұрынғы 12-мыңжылдық пен 5-мыңжылдық аралығын қамтиды.
Міне, осы кезеңде табын-табын боп, топтаса жайылып жүретін ірі жануарлар біртіндеп жойылып кетеді де, адамдар күнкөріс үшін, қашаған аңдарды аулауға мәжбүр болады. Оларды бұрынғыдай найза шаншып, қаумалап қамап ұстау, әрине, мүмкін емес. Осы қиындықтан құтылу үшін адамдар аң аулауға өзімен бірге итті ерте шығатын болған. Садақ пен жебені ойлап тапқан. Қазіргі үй жануарлары ол дәуірде әлі де жабайы қалпында, бет-бетімен өзінше тіршілік еткен сияқты. Адамдар аң аулап жүріп олардың әлжуаз жас төлдерін тірілей қолға түсіріп, қоныстарына алып келуді әдетке айналдырыпты. Адам қолынан қоректенген олар да алысқа ұзап кетпей, қоныс маңында жайылып жүретін болған. Жабайы жан-жануарларды қолда ұстап, асырау деген ой адам баласының санасына осылайша біртіндеп орнығады. Бұл адамның тіршілік жолындағы зор жетістігі.
Осындай қисындарға сүйенсек, жабайы ит өзге үй жануарларынан көп бұрын қолға үйренген боп шығады. Оның себебі неде деп ойлайсыңдар? Әуелгі мақсат итті аңшылыққа пайдалану болса керек. Өйткені иттің сана-сезімі өзге хайуанаттар мен жан-жануарларға қарағанда әлдеқайда озық дамыған. Жаяу адамға жеткізбейтін жабайы аңдардың алдын орап, бұта-бұтаның арасына жасырынып жатып қалған жаралы жануарды ұстауға таптырмас көмекші болған. Осы қызметін ол қазірге дейін мүлтіксіз атқарып келеді. Адам оған сондықтан да айрықша пейіл білдірген.
Кейінірек адам итті мал бағуға машықтандырады. Ит бұл сыннан да сүрінбей өтіп, күндіз өрісте мал жаюға жәрдемдеседі, түнде қойды қасқырдан қориды. Тіпті, иесін күтпеген қауіп-қатерден сақтап қалатын сенімді серік, айнымас дос болады. Жабайы иттің осындай тілалғыш қасиеті қалыптасып болғанша арада мыңдаған жыл өтіп кетеді.

Адал дос

Сендер «Алтын сақа» деген ертегіні білесіңдер ме? Онда жұртта ұмыт қалған алтын сақасына барған баланы ұстап алмақ боп тұра қуған мыстан кемпірді, баланың бес төбеті бұтын бұт, қолын қол етіп, түте-түтесін шығаратын еді ғой. Немесе «Сырттандар» деген ертегіні алайық. Ол ертегіде де баланы жеп қоймақ боп бірнеше күн қыр соңынан қалмаған арлан қасқырдың жолын төбет бөгейді. Әне, көрдің бе, ежелгі ата-бабаларымыз иттің адамға деген адал достығын дәріптеп неше алуан ертегі шығарған. Оны ауызша әңгімелеп ұрпақтан-ұрпаққа мұра етіп жеткізген. Иттің адам тіршілігі үшін қаншалықты маңызы болғанын сол ертегілерден-ақ аңғаруға болады. Шынында да өзінен әлдеқайда үлкен аңға қаймықпай қарсы шабатын ит, өз иесінің бұйрығына сөзсіз бағынып, айтқанын қапысыз орындайды. Адамды қас-қабағынан түсініп тұрады.
Ал, осынау ғажайып хайуанаттың мінез-құлқы мен жаратылысы туралы біз не білеміз?

Тілін неге шығарып жүреді?

Тілін аузынан шығарып, неге үнемі салақтатып жүретінін білесіңдер ме? Ол құйындай ұйтқып қанша жүгірсе де терлей алмайды. Өйткені итте тер бөлгіш без болмайды. Ыстықтай бастаса-ақ денесін салқындату үшін тілін аузынан сала құлаш қып шығарып жібереді. Ал, тілі дене қызуын басатын тамаша салқындатқыш қызметін атқарады.

Саққұлақ десе, саққұлақ

Құлағының жаратылысы да бөлек. Өте сезімтал. Адамға қарағанда оның есту қабілеті ерекше дамыған. Ол естіген дыбыстың қандай дыбыс екенін құлақ қозғалысынан-ақ аңғара беруге болады. Мәселен, қауіп-қатерден хабар беретін дыбысты естіген замат қос құлағын тікірейтіп ала қояды. Ал, құстың құйқылжыта сайрауы сияқты жағымды дыбыстарды шалып қалса, құлағын көлденең ұстап, басын оңға бір, солға бір жантайтып, екі көзінен әлдеқандай таңданыс сезіліп, мойнын ауық-ауық созып қойып тың тыңдай қалады. Күнделікті таныс дыбысты елемегенсіп жүргенмен, оны да назардан сырт қалдырмайды. Сонымен бірге дыбыстың қай жақтан шыққанын, дыбыс шыққан тұс пен өзі тұрған жердің арақашықтығын қапысыз аңғарады.
Сендер дыбыс жиілігі деген ұғымды физика пәнінен жоғары сыныпқа барғанда оқисыңдар. Сонда да айта кетейін, дыбыс жиілігі дегеніміз, дыбыс тудырған ауа толқынының құлаққа келіп жететін жиілігі. Дыбыс жиілігі артқан сайын құлақтың естуі қиындай береді. Біздің құлағымыз 20 кГц жиілікке дейінгі дыбысты қабылдай алады. Ал ит 40 кГц жиіліктегі дыбысты емін-еркін ести береді. Тіпті, 100 кГц жиіліктегі дыбысқа да елеңдей қалатын иттер бар. Олай болса, иттің есту қабілеті адамға қарағанда екі еседен бес есеге дейін күшті дамыған деуге болады. Сол себепті кеміргіштердің адам құлағы сезе қоймайтын, жиілігі аса жоғары дыбыстық белгілерін естуге қабілетті. Кейде тыныштық жайлаған аулада күнге қыздырынып, алаңсыз ұйықтап жатқан иттің кенет селк етіп, шошып оянатынын байқаған боларсыңдар. Бұл оның әлгіндей жоғары жиіліктегі дыбысты сезіп қойғандағысы.
Міне, көрдіңдер ме, осы үш сезім мүшесінің өте күшті дамығаны себепті ит аса сақ, аса қырағы. Шынында да адам сезбес иісті сезіп, адам естімес дыбысты естіп қоятын болса, ит сақ болмағанда кім сақ болмақ? Оны біздің ата-бабаларымыз да жақсы білген, сондықтан итке «Саққұлақ» деп ат қойып, қой қорытқан, аңға алып шыққан.

Нұрлыбек САМАТҰЛЫ, жазушы

ПІКІР ЖАЗУ