Менің жолымды табуға тек жол ғана көмектесті

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – Мағжан Сағымбаев 380 күнде әлемді велосипедпен аралаған қазақстандық саяхатшы. Бір емес бірнеше мықты мамандықтың иесі болса да, оның ойы үнемі саяхатқа ауып тұратын. «Менің жолымды тек жол табуға көмектеседі екен. Жол мені сенуге, шынайы күлуге, адамдардың қайғысы мен қуанышын бөлісуге, сүю үшін қорқудың қажет еместігін, адал болуға және әрқашан жүрегіңнің шақырған дауысымен жүруге үйретті» дейді Мағжан. Ұшақпен не арнайы көлікпен саяхаттауды бәріміз армандаймыз. Ал сіз жаяу не велосипедпен саяхаттауға тәуекел ете алар ма едіңіз? Мағжан мырзамен болған әңгімемізді назарларыңызға ұсынамыз.

– Мағжан аға, саяхатқа шығу туралы шешімді қалай қабылдадыңыз? Одан бұрын немен айналыстыңыз?
– Одан бұрын мен туризм саласында жұмыс істедім. Арнайы жобалармен айналыстым. Қазақстанның барлық жерін аралап шықтым. 14 облыста болдым. Ағаммен бірге Ұлттық парктерді арнайы экспедициямен араладым. Ағаммен бірге тауларға шығып, табиғаттың тамаша жерлерінің бәрін көрдім. Аңшылықпен айналыстық. Ата-анам кішкентай кезімнен мені өздерімен жиі саяхаттауға алып шығатын.

Олардың Ыстықкөлге бірнеше рет апарғаны әлі есімде. Кішкентай кезімнен өзге елдерге де саяхат жасауды армандайтынмын. Мені өзге мемлекеттегі адамдар қалай өмір сүріп жатыр, қандай салт-дәстүрді ұстанады, сүйікті тағамдары қандай деген сұрақтар жиі қызықтырды. Әкем тарих пәнінің мұғалімі. Ол кісінің суреттеуі мен үшін өте маңызды еді. Саяхаттар туралы кітаптарды оқыдым. Өмірді шынайы тануға ұмтылған адамдармен танысу үшін тауларға шыға бастадым. Мұның барлығы менің ішкі әлемімді өзгертті. Әлемнің түкпір-түкпірінде тұратын халықтардың тілі, салты, мәдениетін танығым келгендіктен, есейгенде саяхаттаймын деп шешім қабылдаған едім.

– Саяхатқа неге басқа көлік емес велосипедті таңдадыңыз?
– 2014 жылы менің үйімде Каролина атты француз әйел қонақ болды. 30 жасар Каролина сонау Франциядан Алматыға жаяу келіпті. Оған екі жыл уақыт кеткен. Оның ұшақ немесе автобус, тіпті көлікке отырмай жаяу келгені шынында да мені таңғалдырды. Оның айтқан қызықты әңгімелері мен естелік фотосуреттері менің саяхаттауға деген ынтамды оятты. Ол жолда 25-30 шақырымдай жаяу жүріп, демалып отырған. Өзім 2013 жылы автостокпен саяхаттадым. Россия, Грузия, Арменияға бардым. Бірақ өте тез уақытта өте шықты. Бұл маған ұнаған жоқ. Саяхатқа сол себепті велосипедті таңдадым. Себебі жаяу жүру өте ұзақ уақытты алса, көлікпен жүру жылдам болады. Ал велосипед екеуінің ортасында.
– Алғашқы сапарыңыз туралы айтып берсеңіз.


– Велосипедпен Қазақстанның оңтүстігін бетке алып, Өзбекстанға дейін келдім. Бастапқыда жүру оңай болса, кейіннен велосипед өзінің мінезін көрсете бастады. Тежеуіші сықырлап барады. Әупірімдеп жүріп, Ташкентке дейін жеттім. Сол жерде велосипедімді жасап алдым. Одан кейін Түркіменстанға, Иранға жол тарттым.Мен бұрын да саяхаттағанымды айттым ғой. Бұл кезде мен ағылшын тілінде еркін сөйлей алатын шамада болдым. Түрлі ұлт өкілдерімен әңгімелестім. Мұның бәрі менің осы саяхатымда көп көмегін тигізді.
– Қандай қиындықтар мен қызықтар болды?


– Жол қиындығы бар, қонатын жер табу, шатырыңды ыңғайлы жерге тігу, ас-ауқатың таусылып қалады. Қалада адамдар көп жүреді. Сол себепті қалалар арасындағы жерлерде орналасуға тырыстым. Тамақты әзірлеу де қиындық тудырады. Велосипедпен қиындықтар өте көп болды. Жаңбыр, қар, ыстық күн секілді ауа райының қолайсыздығы болып тұрады. Құмды өлкеде суың таусылып қалатын, велосипедтен құлап қалған да кездер болды. Бұл қиындықтардың бәрі мені еш жасыта алған жоқ, керісінше шыңдай түсті.
– Өзіңіз секілді саяхатшыларды кездестіргенде қандай ойларымен бөлісті?


– Жолда кездескен саяхатшыларды көргенде қызығып, қайда барасың деп сұрап жатамыз. Кейбір саяхатшылармен біраз жерге дейін жолымыз бір болғанда бірге жүрдім. Жалғыз жүрсең, қиындықтар болады. Ал екі адам болса, неғұрлым қауіпсіз және қызықтырақ.


– Қанша мемлекетте болдыңыз?
– Шамамен 40 шақты мемлекетті араладым.
– Қандай мемлекет сізге қатты ұнады? Несімен?


– Маған барған әр ел өзінің ерекшелігімен есімде қалды. Иран өзінің қонақжайлылығымен ұнады. Қай жерлерге барсаң да, Азия елдері, әсіресе түркі халықтары өзінің қонақжайлылығымен көзге түседі. Өзбекстан, Түркіменстанда, Әзірбайжанда, Грузия секілді мемлекеттің адамдары сондай жаны жайсаң болады. Түркияда тамақтары өте қатты ұнады. Австралия мемлекеті өте бай, бәрі қолжетімді, ауа райы керемет, білімділігі өте қатты ұнады.


– Біздің елдің туризмі қандай деңгейде?
– Қазіргі кезде туризм саласы ақырындап дамып келеді. Елімізде туризм саласы Австралия, Нидерланды, Франция секілді елдердегідей дамып кетпесе де, жайлап көтеріліп жатыр. Қазақстанның медициналық туризм мен аңшылық туризмді дамытуына өте үлкен мүмкіндігі бар. Себебі, бізде түрлі дертке ем болатын жер асты сулары, балшығы болсын, емдік шөптері бар. Елімізде экотуризм, мәдениет туризмін дамыту керек. Жолды, логистика саласын дамытса, мемлекет жай ғана туризммен-ақ өз халқын асырай алатын еді.
Шетелдіктер Үлкен Алматы көліне, Шарын каньонына, Алтын Емел ұлттық саябағына, Таңбалы тас, Көлсай көлдеріне көп келеді. Жай ғана Алматының өзі керемет қала. Орталығы гүлденген. Бір ғана Алматы емес, Маңғыстау, Түркістан, Ақмола, Батыс және Шығыс Қазақстанда қаншама керемет жерлер бар. Алакөл мен Балқаш аймағының өзі туризмге сұранып тұр.
– Болашақта тағы саяхатқа шығасыз ба?


Иә, әрине. Болашақта саяхатқа шығу арманым. Эверест шыңын бағындырғым келеді. Әлемнің өзім көрмеген жерлерінің барлығын көргім келеді.
– Саяхаттан қандай ой түйдіңіз?
– Мен өте көп сабақ алдым. Оқушыларға айтарым, мектеп бітірген соң, міндетті түрде саяхатқа шығыңыздар. Біріншіден тіл үйренесіз, өзге елдің мәдениетін танисыз, адамдармен араласып, бойыңызға жақсы дүниелерді сіңіресіз. Көзқарасыңыз, пікіріңіз жақсы жаққа өзгереді. Түкке тұрғысыз көреалмаушылық, біреудің дүниесін қызғану секілді жаман әдеттерден аулақ боласыз. Үлкен әрі ұзақ жол мына әлем тек жақсы адамдардан ғана тұрмайтынын, өзіңе ғана сену керегін, мейірімді жандардың да жолыңда кездесетінін, көмек қолын созуға немесе алдап кетуге дайын тұратын адамдардың да барын көрсетеді. Саяхат сіздің танымыңызды арттырады. Жаңа идеяларға жол ашады.
– Болашақтағы арманыңыз?
– Қазақстанның туризм секторын жаңартып, туристік фирма ашқым келеді. Туристерге біздің салт-дәстүрімізді,ұлттық киімдерімізді, сұлу табиғатымызды, еліміздің қонақжайлылығын, адамдармен тез тіл табысып кететін ақкөңіл мінезін, мол дастарқанын, ұлттық құндылықтарын танытқым келеді.
Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Гүлім ЕРКІНБЕК

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *