Башқұрт жазушысы Айгиз Баймұхаметов: Анамның дауысы

Құрметті оқырмандар! Өздеріңе «Тастамашы, ана!» кітабымен таныс башқұрт жазушысы Айгиз Баймұхаметовтің «Ертегісіз өткен балалық шақ» атты кітабынан үзінді ұсынып отырмыз. Бұл кітап бірінші кітаптың жалғасы болып есептеледі. Кітаптың бірнеше айдан соң жарық көретінін өздеріңе қуана хабарлаймыз.

Біздің балалар үйіне тап болғанымызға бір аптаға жуық уақыт өтті. Жаңа өмірге үйрену қиындау екен. Өте көңілсіз, ештеңе істегің келмейді. Бүкіл ойымыз туған ауылымыз, қара шаңырағымыз. Ех, өмір-ай… Қалай ғана бұлай болды? Әке-шешеміз қалайша бізді ерте тастап кетті? Оларсыз жер бетінде өте қиын… Жақын жандарыңды еске алу көзіңе жас келтіреді. Бірақ бұл жерде жылауға болмайды, соны аңдып жүрген балалар мазақтап, ұятқа қалдырады. Сондықтан өзіме балалар үйінің артындағы ақ қайыңдар алаңқайынан бір жер тауып алдым. Сол жерге жүгіріп барамын да, ешкім көрмей тұрғанда көз жасыма ерік беремін.
Соңғы кездерде қызық түстер кіріп жүр, анам тірі сияқты, жұмыстармен шығып кетіп, міне-міне оралатындай болып тұрады. Әпкелеріммен, қарындасыммен оны тағатсыздана күтіп, үйдің ішінде тазалық пен тәртіп орнаттық. Білемін, анамыз ешқашан құр қол келмейді, міндетті түрде бізге тәтті-дәмділер әкеледі. Міне, міне, ол есікті ашып, үйге енеді. Міне, қазір… Дәл сол сәтте оянып кетемін. Бұл түсім екенін сезгеннен соң жаным ауырғаннан тістерімді шықырлатамын. Анам ешқашан қайтып келмейді…
Бір күні бөлмеме әпкем Әлия жүгіріп келді:
— Ілияс, қарашы, мен не тауып алдым?! – ол менің алдымда аудиокассетаны ұстап тұрды. Бақытты сәттен жүзі бал-бұл жанып тұр. Таң қалғаннан орнында тұрып секіріп-секіріп қояды.
— Бұл не?
— Есіңде ме, мен анамыздың ән айтқанын жазып алып едім ғой, — деді Әлия. – Жаңа үйден жіберген заттарымды реттестіріп жатып мына кассетаны тауып алдым. Сенемісің?
Біз қуанғаннан құшақтасып кеттік. Қандай бақыт десеңші! Анамыздың дауысы сақталыпты, қазір оны тыңдаймыз…
Алаңдағаннан үнім шықпай қалды, қолдарым дірілдеп кетті, ал жан дүнием рахат сезімінде…
— Әзілдеп тұрған жоқсың ба? – деп тағы да сұрадым. Әпкем менімен ойнап тұрған жоқ па деп қорқып кеттім.
Қарсы алдымыздан анам пайда бола кететіндей. Ол бізге сөйлейді, біз болсақ оны мұқият тыңдайтын боламыз.
— Мұндай нәрселермен әзілдесуші ме еді! – деп Әлия ренжіген кейіп танытты.
Біз тәрбиешіге жүгіріп барып одан магнитофон сұрадық. Біздің топта ол жалғыз ғана, тек мерекелерде ғана беріледі. Бізге магнитофонды қолдануымызға бір сағат берілді.
Әпкемнің бөлмесінде ешкім жоқ. Магнитофонды қостық та, кассетаны қойып, үнсіз тыңдауға көштік.
Басында анамның әні емес, басқадай түрлі дыбыстар естілді. Жүрегіміз атқақтап тұр! Кеудемізден секіріп шығуға даяр. Бұл біз үшін нағыз кездесу болайын деп тұр! Көзімізді жұмып, қайта ашсақ болды, анамыз тап алдымызға келетіндей!
Әлия қандай ақылды десеңші! Бұрын ол түрлі қызықты нәрселерді жақсы көретін. Бізге ән салдырып, тақпақтар айтқызып, соның бәрін магнитофонға жазып алушы еді. Анамның дауысын жазып алу да ойына қалай келді десеңші.
О-о-о… Міне, сол дауыс…
« — Анашым, өтінемін, өзің жақсы көретін бір әніңді орындап берші.
— Балапандарым, қазір әкелерің келеді. Үйде жұмыс көп, қазір ән шырқайтын кез емес
— Ана, айтыңызшы…
— Біздің Абзелилово жайлы ма?
— Иә…
— Жарайды, балапаным, алдымен бұл әннің тарихы жайлы айтып алайын. Бұл ән біздің деревнядан шыққан. Шұғайып деген авторы оны халымыздың сүйікті әншісі Роза Ақкүшіковаға арнаған. Бүгінде бұл әнді радиодан жиі беріп жүр…»
Осы жерден біз аудиокассетаны тоқтата тұрдық. Демала тұрсақ қой… тамағыма тас тұрып қалғандай. Бізге жақын дауыстан денемізде діріл пайда болған… Қатты жылағым келіп тұр, бірақ болмайды, әлсіздік таныту ұят… Сондықтан бір-біріміздің көздерімізге де қарамаймыз. Бұл біздің анамыз ғой! Тірі! Ол бізбен сөйлесіп тұр. Оның дауысы сондай жұмсақ. Әр сөзі жанымызды ерітіп барады. Оның «балапаным» деген бір ауыз сөзі үшін мен бүкіл жер бетін жаяу аралап шығуға дайынмын. Ана…
Әпкем мұрнын бір тартып қойып ақырын ғана магнитофонды қосты. Бүкіл әлемді анамның әні әлдилеп кетті:
«Жан жадыратар бұлбұл құсты жырлатып,
Бұлбұл үнін тыңдау маған бір бақыт.

Бұлбұл әні – көңілімнің жалауы,
Бұлбұл әні – жүрегімнің алауы.

Шырқаса ол ойға келер бәрісі,
Оның әні –Отанымның дауысы.

Ел сенімі – халымыздың өскіні,
Байлық, бақыт – халықтардың достығы».
Ән жанымды нұр мен жылуға толтырды, өзімді жеп-жеңіл сезіндім. Ерекше бақытты сезіндім өзімді. Қайғы мен мұңды, күнделікті қиындықтар, күйбең тірлікті ұмыттым. Ананың сиқырлы дауысы жан дүниенің ең терең жараларын да емдей алады екен. Армандар мені туған жеріме, ең қымбат, ең жақын жандарыма алып кетті. Сол сәтте мен жетімдер үйінде емес, өзімнің үйімде жүргендей болдым, хош иісті шай ішіп отырғандаймын… Ал анам сөзін ары қарай жалғастырды: «Жандарым менің! Ар-ұятты бірінші орынға қойыңдар, таза, адал өмір сүріңдер. Сонда сендер бұл әлемде нағыз адам боласыңдар…» Дауыс кенет үзіліп кетті.
Қап, Әлия неге ғана көбірек жазып қалмады екен?! Анамның соңғы сөздерінен кейін мен өзімді біртүрлі сезініп кеттім, ерінім дірілдеп кетті. Бұл сөздерде бізге тілек те, мұң да, өкініш те, бізбен қоштасу да бар еді…
Біз ұзақ уақыт үндемей қалдық… Жан азабы, сағыныш, анамызды жоғалтқан өкініш ерекше бақыт сезімімен араласып кетті! Ананың дауысы не деген қымбат, жақын дауыс десеңші! Оның сөздері біздің жан дүниеміздің қақпасын ашты, бұл әлемде біз енді жалғыз-жарым емеспіз. Өмірдегі аяулы анамыз тірі! Жүректерімізде ән ұзақ уақыт күмбірлеп тұрды. Жоқ, біз бәрібір бақыттымыз… анамыздың дауысымен бірге бақыттымыз!

Орыс тілінен аударған — Саят Қамшыгер
Суреттерді түсірген — Мирас Кесебаев

ПІКІР ЖАЗУ