Әзірбайжандар

Әзірбайжандар – түркі тектес, түбі бір, туысқан халық болып есептеледі. Әзірбайжандар Әлем бойынша 40 млн. шамасында. Тек қана Иранда 30 млн. тарта әзірбайжан тұрады. Олардың біразы Тәбриз қаласының маңына топтасқан.
Әзірбайжан Республикасы – Азия мен Еуропаның аралығында Шығыс Кавказда орналасққан мемлекет. Солтүстікте Дағыстан арқылы Ресеймен, оңтүстікте Иранмен, батыста Армениямен, Түркиямен, солтүстік-батыста Грузиямен шекаралас. Астанасы – Баку қаласы.
Халқы 10 млн. шамасында. Халқының 83 пайызы әзірбайжандар. Мемлекеттік тілі – әзірбайжан тілі. Халқы негізінен ислам дінін ұстанады. Елде орыс, Кавказ халықтарынан лезгин, талыш, грузин, аварлар тұрады. Түрік, күрд, татар, украин сияты ұлттардың өкілдері де бар.
Әзірбайжандар да қазақ халқы сияқты Наурыз мейрамын, рамазан және құрбан айт мейрамдарын тойлайды. Ерлердің киімі көптеген кавказдық халықтардың киіміне жақын. Қолөнерлік матадан кең пішілген шалбар мен бөзден тігілген жейде, «архалук» дейтін көкірекше киеді. Әйелдердің киімінде ашық бояулар басым болады.
Әзірбайжандардың ұлттық дастарханы сан түрлі. Тандырда пісірілген бидай ұнына жасалған нанды ұнатады, көп уақыта дейін сақталатын жұқа нан – лаваш пісіреді. Дәстүрлі мерекелік тағамдарының бірі – палау. Палаудың жүздеген түрлері бар. Палауға еттен, құстан, балықтан қосып, жеміс-жидектер мен көкөністерден әртүрлі дәмдеуіштер салады. Еттен жасалған тағамдарға өрік, мейіз, түрлі шөптер қосады. Тауықтың ішіне жаңғақтың езбесін салып, істікте қуырады. Балықтың ішіне фарш салып, тандырда пісіреді. Сұйық тағамдардан пити, кюфта-бозбаш, хамраши, көк шөп қосылған сүттен жасалған довга-суп кеңінен танымал. Тартылған қой етіне күріш пен түрлі дәмдеуіштер қосып, оны жүзім жапырақтарына орап пісіретін долма да ұлттық тағамына жатады. Баклажан, қызанақ, болгар бұрышын, пиязды тамақтарға қосанды ұнатады. Кәуаптың түр-түрін де әзірбайжандар өте дәмді әзірлейді. Тәттілерден шекер бура, пахлава пісіреді, жүзім мен тұттан тосап қайнатады. Бұл елде фэйхоа атты жеміс мол өседі. Бұл жемістен істеген компот пен анар шырынын әзірбайжандар бүгінде көп елдерге экспорттауда. Үйлену тойларында, салтанатты жиындарда тағамдарды ерлер әзірлейді, қонақтарға қызмет көрсету, тағамдар ұсыну жас жігіттердің міндеті болып табылады.
Қазақ пен әзірбайжан халықтарына ортақ ұқсастықтар көп. «Алпамыс», «Көрұғлы», «Едіге» сияқты жырлардың қазақта да, әзірбайжанда да бар екені белгілі. «Кәмила мен Димна», «Тахир мен Зухра», «Мың бір түн» сияқты шығыстың дастарының бірнеше халықта болуы мұрамыздың орта екенін білдіреді. Низами Гәнжәуи, Мұхаммед Физули, Мырза Фатали Ахундов, Видади, Вагиф сынды әзірбайжан әдебиетінің өкілдері күллі Әлемге таныс. Олардың шығармашылықтары қазақ тіліне аударылған. Биылғы жылы қазіргі қазақ ақындарының жырлары әзірбайжан тіліне аударылып, антология болып Бакуден жарық көрді. Сонымен қатар әзірбайжан ақындары қазақ тіліне аударылып, жинақ болып шыққаны екі халықты жақындата түсті.

Нұрила Жайырова

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *