Гүл

— Бұл саған!
— Рахмет, анашым!
Айша анасы алып келген шағын ғана қыш құмыраға отырғызылған гүлге қарады. Қалың жасыл жапырақтар арасынан кішкентай ғана бүр көкке көтеріліп тұр. Анасы гүлді мұның кереуетінің бас жағындағы терезе алдына қойды. Басын бұрғанда тура көз алдында тұр.
— Бұл қандай гүл, апа?
— Раушан гүлі. Мына бүрінен қып-қызыл гүл жарады.
Апасы Айшаны еркелетіп қасында біраз отырды, үйден пісіріп әкелген сорпаны ішкізді. Олардың әңгімесін палатаға кірген медбике бұзды.
— Ал, Айша, ертең саған ота. Қане, бүгін әзірлікті бастайық. Апай, сіз ертең келсеңіз болады, — деп анасын асықтырды… .
Кешкісін Айша терезе алдындағы гүлге қарап біраз ояу жатты. Сыныптастары лагерьге кеткен шығар. Бұл биыл жазда ешқайда бара алмас. Күзде 3 сыныпта кездесеміз ғой деп жымиып қойды. Қасындағы кереуетте ауылдан келген бір қыз бар. Өзі көп сөйлемейді, дегенмен сұрағына жауап береді. Қазір ұйықтап қалғанға ұқсайды. Мұрны пысылдап, бір қалыпты демалуда.
Ертеңгілік апасы ерте келіпті. Көзі жасаурап, сөйлей алмай тұр. Сөйткенше болмай медбике де үлгеріп, дөңгелегі бар кереуетке жатқызып, дәліз бойымен зырылдатып ала жөнелді. Айша неге екені белгісіз, терезе алдында қалған гүлді ойлады. «Оған су құю керек еді. Қап, ұмытып кеткенімді қарашы. Апама да, қасымдағы Айжамалға да айтып үлгермедім. Гүлімді қарап қойыңдар деуім керек еді».
Айша өзіне төніп тұрған хирург аға мен екі медбикеге қарады. Аппақ тұмылдырықпен тұмшаланған олардың көздері ғана жылтырайды. Көзілдірік тақса да ағаның көзі сондай мейірімді. Руслан деген оташы аға. Ол менің гүлімді көрген жоқ. Кеше апам келместен бұрын палатада өзін қарап кеткен.
— Аға, менің раушангүлім өсіп тұр.Ол жақында қып-қызыл гүл жарады. Әдемі-ау, сондай әдемі! Кеше апам әкелген. Ауруханадан кетерде сол гүлді сізге сыйлап, қалдырып кетем, аға.
Ол осы сөздерді дауыстап айтқысы келді. Бірақ ұйықтап бара жатқандай тіл қата алмады. Көз алдына қып-қызыл гүл елестеп, тәтті жымиды. Жүрегі қуанышқа толды. Неткен әдемілік!
…Жүрек талмасымен ауыратын 8 жасар Айшаны үш күннен кейін жан сақтау бөлімінен палатасына шығарды. Ота сәтті аяқталды. Ол енді сауығып, қатарластарындай сау-саламат өседі. Қандай үлкен қуаныш!
Палатада көзін ашқанда көргені жанында отырған әкесі, анасы, кішкентай інісі Рахым және терезе алдындағы раушангүлі. Бәріне кезек-кезек қарап, қуанғанынан жылап жіберді.
Раушангүлі көз жауын алатындай қып-қызыл, жұпары аңқыған гүл жарыпты.

Светлана Муньянова,
Атырау облысы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *