Алматының көрікті жерлері

Көктөбе
Көктөбе – Іле Алатауының бөктерінде орналасқан көрікті жерлердің бірі. Теңіз деңгейінен 1100 м жоғары. Көктөбеден қаланың керемет көрінісін тамашалауға болады. Мұнда келген демалушылар үшін арнайы дәмханалар, түрлі ойын кешендері, концерт залы, әткеншек, кішігірім зообақ, т.б бар. Таудың таза ауасы адамға ерекше әсер сыйлайды. Көктөбеде биіктігі 372 м телевизиялық мұнара орналасқан. Қаланың орталығынан Көктөбеге аспалы жол арқылы баруға болады. Аспалы жолдың ұзындығы – 1620 м.

Тұңғыш Президент саябағы
Дендросаябақтың жалпы ауданы – 73 га. Тынығуға арналған бұл саябақта жасыл көшеттер көптеп отырғызылған. Алғашқы ағаштарының бірін Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзі отырғызған. Алматы қаласы бойынша ең ірі субұрқақ (фонтан) 30 метр биіктікке дейін ағады. Гүлзарлар мен демалыс алаңдары орналасқан бұл саябақ әл-Фараби даңғылы мен Новаи көшесінің қиылысында. 2011 жылы 11 қарашада Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «Қазақстан» монументалды-сәулет компазициясының ашылу салтанаты болды. Ескерткіш қола, гранит және мәрмәр тастан бүркіт тәріздес құйылған. Ескерткіш ортасында Бірінші Президент бейнесі кескінделсе, бүркіттің қанатында Алматы және Астана қаласының символы орын алған. Ескерткіште еліміздің тарихи және сәулет өнері бейнеленген.

Медеу
Медеу – жасанды мұз айдыны бар ең ірі спорт кешені. Алматы қаласынан 18 км жерде орналасқан кешен 1972 жылы тұрғызылған болатын. Теңіз деңгейінен 1691,2 м биіктікте. Табиғи мұз айдыны ретінде 1951 жылы пайдалануға берілген. Бұл жер бүгінде демалушылар үшін жылдың төрт мезгілінде де таптырмас ғажайып орын. 10,5 мың км тұратын мұздатылған алаң қала қонақтары мен тұрғындарының сырғанауына арналған. Бір мезетте 2-3 мың адамды қабылдайды. Мұнда коньки, мәнерлеп сырғанау, хоккейден жарыстар өтіп тұрады. Жаз мезгілі қаланың аптап ыстығынан бір сәт тынығу үшін салқын әрі жайлы орын.

Орталық мәдениет және демалыс саябағы
Жаз мезгілі бастала салысымен жан жақтан келген қонақтардың алдымен баратын орны – Орталық саябақ. Аумағы – 42 га құрайды. Мұнда 2000-нан астам жасыл желектер өседі. Қызықты ойын кешендері 16 ірі аттракциондар жұмыс жасайды. Жүзу бассейндері орналасқан аквапарк, ең ірі зоосаябақ та осында. Ірі мәдени іс-шаралар өтетін арнайы орын бар. Аквогрим, автопортрет салдырамын десеңіз де сіздер үшін барлық мүмкіндік бар. Дәл ортада орналасқан субұрқағы бар кіші Алматы өзені демалушылар үшін ең әдемі жер. Мұнда қайықпен, катамаранмен серуендеп, жағалауында тамақтануға болады.

Алматы – әсем қала. Мұнда жоғарыда аталған жерлерден бөлек керемет демалыс орындары өте көп. Біз тек негізгілеріне ғана тоқталып өттік. Отбасылық демалыс саябағы, метрополитен, трамплин, Панфилов паркі, Шымбұлақ, цирк, Республика алаңы, т.б. демалуға арналған орындар жетерлік. Демалысты қызықты әрі естен кетпестей өткізгіңіз келсе Алматыға келіңіз!

ПІКІР ЖАЗУ