Ғазиза ҚҰДАЙБЕРГЕНҚЫЗЫ, Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасының басшысы міндетін атқарушы: Кітапхананың жаңа бейнеге енуі –жаңғырудың айқын көрінісі

       Жамбыл атындағы жасөспірімдерге арналған кітапхана бүгінде күрделі жөндеуден өтіп, оқырмандарына айқара есігін ашты. Мұнда келген әрбір оқырман өзін жайлылықта сезінері сөзсіз. Ерекше интерьер, сапалы жарық, әдемі орындықтар, тіпті кітаптар қойылған сөрелеріне дейін көз тартады. Өз үйіңдегідей емін-еркін кітап оқимын десең де, емтихан немесе дипломдық жұмыс жасаймын десең де барлық жағдай жасалған. Мұнда топтасып келіп те, жалғыз отырып та дайындалуға болады. Біз де кітапханаға арнайы барып Ғазиза Құдайбергенқызымен кітапхананың бүгінгі келбеті мен кітап оқу төңірегінде әңгімелесіп қайттық.

Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасының 40 жылдан астам тарихы бар. Сол жылдардан бері өз оқырмандарына үздіксіз қызмет етіп келе жатыр. Кітапхананың жаңа бейнеге енуі – Елбасымыз жариялаған Рухани жаңғырудың айқын көрінісі. «Туған жер» бағдарламасы аясында жеке кәсіпкерді тарту арқылы күрделі жөндеуден өтті. Кітапханаларды модернизациядан өткізу, кеңістігін жаңғырту бойынша, Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен біздің кітапхана 2017 жылы жөндеуге жабылып, биыл қайтадан оқырмандарына есігін ашты. Жоба авторы – Камила Лұқпанова.

Кітап қорымыз бұрынғыдан байыды. Кітаптармыздың саны үш жүз мыңнан асады. Оқырманның сұранысын қанағаттандыратындай сан салалы бағыттағы кітаптармен толықтырылды. Оқырмандардың категориясы 15 пен 29 жас аралығы. Осы аумақтағы кітап оқимын деген кез келген тұрғындарға да есігіміз ашық. Кітапхананың іші тыныш аймақ, жеке аймақ, топтық аймақ болып бөлінеді. Ішінде кафетерий бар. Сандық жүйе бойынша оқырмандарға қызмет көрсетеміз. Оқырмандарды электронды түрде тіркеу жүзеге асады. Топтық аймақта әр түрлі курстар, іс-шаралар жүргізіледі, кино көрсетіледі. Жеке аймақта кітап оқып, шығармашылықпен айналысады. Диплом жазып, емтиханға дайындалады. Біз қазір акцентті оқырманға түсіріп отырмыз. Кітаптың жоғалуынан емес, оқырмандардың кітап оқуға деген ықыласының жоғалғанынан қорқамыз. Келген оқырманның барлық сұранысын қанағаттандырып, жайлылық пен сапалы қызмет ұсынып, оқырман екінші рет кітапхананы іздеп келетіндей жағдай жасауға тырысамыз.
Кітапхананың жаңа бейнесі жастарға өте қатты ұнап жатыр. Бұрын 100- 12 -дан аса оқырман қабылдасақ, қазір бір мезетте 300-ге жуық оқырман қабылдай аламыз. Барған жерінің, отырған орныңның таза болғаны жақсы ғой, сондықтан барлық салада қызмет көрсету сапасы жақсы жолға қойылған. Жаңа интерьер, ыңғайлы жиһаз, кедергісіз wi-fi – мұның бәрі оқырмандардың көптеп келуіне септігін тигізіп жатыр. Оқырманымыз бұрын да көп еді, бүгінде жаңа оқырмандарымыз көбейіп жатыр. Қазіргі заманға сай әдебиеттер мен кітаптар қорын толықтыруды жоспарға алып отырмыз.

Кітапхана – оқырман мен автор арасындағы алтын көпір

Кітапхана бұрыннан тек кітап алып беру пункті ғана емес, қосымша түрлі іс шараларды ұйымдастыру орыны болған. Кітап бар жерде қаламгерлер міндетті түрде насихатталуы керек. Өйткені кітапхана – оқырман мен автор арасындағы алтын көпір. Кітапхана бұрын да ақын-жазушылармен кездесу ұйымдастырған. Қазір де солай. Кітапхананың өзінің арнайы республикалық «Атырау — Алтай арасы» атты жобасы бар.3 жылдан бері жұмыс істеп келе жатыр. Оның мақсаты – респубиканың түкпір-түкпіріндегі аузында айтары, қаламында жазары бар жастардың кітаптарының тұсаукесерін өткізіп, оларды халыққа таныту. Өйткені, «ел іші – өнер кеніші». Олардың шығармашылығының өсуіне септігімізді тигізу – біз үшін үлкен қуаныш.

Кітапханадағы әр жоба – білімді толықтыруға зор мүмкіндік

Елбасымыздың Жолдауын қолдау мақсатында мұнда «Жасөркен» білім орталығы ашылды. Оның аясында қазақ тілі, ағылшын тілі, математикадан курстар өтеді. Кітапханада үйірме, клуб жұмыстарының барлығы тегін. Кез келген қатысамын, жазыламын деген оқырманға тегін ұйымдастырамыз. «Мамандық кілті» деген жобамыз кәсіби бағдар беру, балаларға мамандық таңдауға жол сілтеу мақсатында жүзеге асады. Өз мамандығында табысқа жеткен спикерлерді шақырып, тренингтер ұйымдастыру арқылы оқырмандарымыздың көкейлерінде жүрген сұрақтарына жауап тапсақ дейміз. Кітапхананың тағы бір жобасы – логотерапия. Бұл суицидке қарсы арнайы мамандармен бірлесіп жұмыс жүргізу.
«Кітапхана +кино» жобасын іске асырайық деп отырмыз. Деректі фильмдер, т.б фильмдерді көрсетіп қана қоймай мүмкіндігінше соның режиссерларымен, актерларымен кездестіріп, ары қарай пікірталас ұйымдастырмақпыз.
Кітапханашы психолог, ұстаз болуы керек, бәрін білуі қажет. Десек те біз арнайы маман емеспіз. Сондықтан біздің әр жобамызда өз саласының нағыз білгір мамандары шақырылып отырады. Қыркүйек айынан бастап «Білгім келеді», «Мен және ересек әлем» атты жобалармен жастарға психологиялық көмек көрсету мақсатын да қолға алмақпыз. Осы айдан бастап «Кітапхана кештері» деген цикл бастағалы отырмыз. Әр саланың жұлдызы жанған мамандарымен жастарды кездестіріп, интерактивті ойындар ойнатып, көңілді кеш жасаймыз. Жастардың бос уақытын тиімді пайдалану, мектеп пен үйдің арасындағы әр сағатын пайдалы өткізсін деп, бір жағынан ата-анаға көмек ретінде кітапхана осындай курстар, тренингтер, семинарларды ары қарай ұйымдастыра береді.

Қазақ шығармаларын шетел аудиториясына ұсынсақ…

Мураками, Памук секілді жазушылардың шығармалары қалай шығады, бүкіл әлем оқиды. Біздің шығармаларды да дәл солай бүкіл әлем оқып кетуіне не кедергі? Ақындар, жазушылардың шығармалары шетел тіліне аударылып жатады. Неге оқылмайды? Демек біздің ақын-жазушылардың кітаптарына деген оқырманның қызығушылықтарын арттыру үшін насихаттау жетіспейді.
Қазақ шығармаларын шетел аудиториясына ұсына алатындай дәрежеге біздің оқырмандар да жетсе деймін. Кітапты насихаттау жалғыз кітапхананың жұмысы емес. Біздің де Памуктың кітаптары секілді іздеп жүріп оқитын шығармалар шетелге танылып әлемдік бестселлерге айналса керемет емес пе?! Бізде олардан да он есе артық шығармалар бар. Бірақ насихат аз. Тынымбай Нұрмағамбетов, Бексұлтан Нұржекеұлы ағалардың шығармалары неге тұрады? Жастардың арасынан кейінгі толқынның Ерболат Әбікен, Алмас Нүсіп, Ырысбек Дәбей секілді жазушылардың шығармалары өте керемет.
Бүгінде технология дамыды. Кітаптардың сол баяғы бір түсті қатып қалған безендірілуінен арылатын уақыт жеткен секілді. Ерекше, тартымды болса. Неге біз шетелдің кітаптарына көп қызығамыз? Қазіргі жастар жаңа жүниеге, жақсы нәрсеге бірден көздері түседі. Кітаптың безендірілуі, суреті, тіпті жазуларының ерекшелігі, түсі кітаптың мазмұнын ашып тұрса оқығың келіп тұрады. Бірінші адам көз тартарлық дүниені ұстайды. Сосын барып ішіне үңіледі. Ал ішіндегі мазмұны керемет болса, оқырманға екі есе қуаныш сыйлайды.

Балаға кітап оқуға мүмкіндік жасаңыз

Кітап оқу тәрбиесі отбасынан басталады дейміз, дей тұрғанмен ол адамның санасына байланысты. Менің кітап оқуға қызығушылығым қашан басталғаны есімде жоқ. Анам кітап, газет оқы деп мәжбүрлеген жоқ, бірақ маған оқуға мүмкіндік жасады. Газет-журналға жазылу науқанында 10-12 басылымға жазылатын. Алдыңа келген дүниені оқисың, уақыт көп, энергия жетеді. Анам «ана газетте қызықты бір әңгіме шығыпты, көзім жетпей отыр, сен оқып берші» дейтін. Сөйтсем, оның астарында менің кітапқа деген ынтамды арттыру мақсаты жатыр екен. Кітапқа қызығушылық отбасынан, тіпті бесіктен басталу керек. Саналы адам ешкім айтпай-ақ кітап оқып кетеді. Кішкентай күнінен балаға кітап оқуға жағдай жасаса, ол бала түбі кітап оқымай қоймайды. Кітап оқы деп мәжбүрлегеннен гөрі, кітап оқуға мүмкіндік жасау керек. Оқыған дүние санада ақырын қалана береді. Көзге көрінбейді. Бірақ ол міндетті түрде жемісін береді. Сосын тасқа басылған дүниенің бәрі керемет деп айтуға болмайды. Миға артық ақпараттың түк керегі жоқ. Талғаммен оқуға дағдыланған дұрыс.

Оқыған адам айналасын нұрландырып тұрады

Ең бірінші ертегі, аңыз әңгімелерді оқудан бастау керек. Ақырындап жас ерекшелігіне қарай көркем дүниеге өту керек. Оқыған адам сабырлы болады, оқыған адам нұрланып тұрады. Жан-жағына шуақ шашып тұрады. Ортасына сыйлы болады. Оқыған адамнан ақыл-кеңес сұрайды. Кітапты талғаммен оқыған адамның қоғамға да, өзіне де берері көп болады. Күйгелек болмайды. Қоғамда болып жатқан дүниелерге өзінің жеке ой-пікірі қалыптасады. Сосын рухани мықты болады. Сынбайды. Өмірдің, тұрмыстың ұсақ-түйек қиындықтарына аса мән бермейді. Қиындықтан шығудың шешімін өзі табады. Бүгінгі жас – ертеңгі аға буын. Ертең сенен саналы ұрпақтың өмірге келуі – сенің рухани қазынаңа барып тіреледі. Жас оқырмандарға айтарым, кітапты сүйіңіз, кітап оқуға дағдыланыңыз, тұлға танып өсіңіз. Газет-журнал оқыңыз. Сонда өмірдің мәнін оңай табасыз.

Әңгімелескен – Гүлім Еркінбек,
Алматы қаласы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *