Жаңашылдыққа ұмтылған талант иесі

      Әлиев Мақсат Тұрсынұлы 1978 жылы 25 қарашада Алматы облысы, Шонжы ауылында дүниеге келген. 1999 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің «сәндік кескіндеме» мамандығын бітірген. 2015 жылдан ҚР Жас суретшілер одағының мүшесі. Тарих жаңғырығы», «Елбасы жолы», «Алматы – менің махаббатым, «Гүлдене бер, Қазақстан!» атты көрмелер ұйымдастырып, туындыларын ел назарына ұсынған. Биыл суретшінің кезекті «Табиғаттан бір тамшы» атты көрмесі өтті. Көрмеге 2015-2018 жылдар аралығында жазылған сексенге жуық Астана, Алматы, Ақтау, Қапшағай, Мәскеу қалалары өңірлерінің тамаша табиғатын бейнелеген этюдтік жұмыстары қойылды. Алдына қойған мақсаты – Қазақстанның әсем келбетін кенеп бетіне түсіре отырып, туған өлкемізді дәріптеу, әрі кескіндеме өнерінде өзіндік ізін қалдыру.
Төменде суретшімен құрған сұқбатымызды беріп отырмыз.

Табиғаттың әр мезеті бір-біріне ұқсамайды

Суретші, ақын не жазушы болсын шабытты табиғаттан алады. Алла тағаланың әсем ғып жаратқан нәрселерін біз жай ғана қайталаушымыз. Маңыздысы қайталауда емес, маңыздысы соны көре білуде. Жаратылыстың кереметін көріп, түсіне білген адам басқаларға көрсеткісі келеді. Ақын желдің соққанын, күннің батқанын әдемі сөздермен ұйқасын келтіріп жыр жазатын болса, суретші соны көрсетуге тырысады. Таңның атқаны мен күннің батқаны күнделікті құбылыс қана секілді, негізінде әрбір мезет бір-біріне ұқсамайды. 18 мың ғаламның біз бір бұрышында өмір сүріп жатсақ, сол бұрышында өзіміздің көре алған әдемі дүниелерді, табиғат құбылыстарын өзіміздің дарынымызбен көрсетіп, ұғындыру – біздің басты мақсатымыз. Әдемілікті көре білу, көретін жерін іздеу керек. Саябақтағы су бұрқақты қарасаңыз, ол әр 20 минут сайын өзгереді. Демек 48 рет құбылады. Бір жерді 24 сағат бақылайтын болсаңыз әр уақытта әр түрлі әдемілікті көрген болар едіңіз. Менің салған суреттерім бір адамға болсын ой салса, менің осында қаншама жылдар бойы сурет салуға кеткен еңбегім ақталды деген сөз.

Қазақ суретшілерінің туындылары ешбір елден кем емес

Қазақ кескіндемесінің тарихы 100 жылды ғана қамтиды. Ал басқа мемлекеттермен салыстырсақ біз уақыт жағынан әлдеқайда кейін қалғанбыз. Десек те біздің ата-бабаларымыз көшпелі салтты ұстана жүріп, өзінің салт-дәстүрінде, киім-кешегінде, құрал-жабдықтарында мәдениеттің озық үлгісін көрсете білді. Қазақ кескіндеме өнерінде 60-жылдардағы орта буын суретшілерінің туындыларына бізден әлдеқайда дамып кеткен Еуропа халқы әлі күнге таңғалады. Біздің болмысымыз, алғырлығымыз олардан ерекшеленіп тұрады. Біз қай салада болсын өзге елдерден алдамыз. Дүние жүзілік аренада спорт, өнер болсын біз биіктіктерді бағындыра алдық. Қастеев атамыздан бастап, Досбол Қасым, Талғат Тілеужан, Бекжан Нұрғожин, Телібаев Нұрлан секілді мықты суретшілерді мақтанышпен айтуымызға болады. Олардың Қазақстанда ғана емес, дүние жүзіндегі беделі жоғары.

Сурет салу адамды тынықтырады

Қарапайым ғана таудың реңін сіз басқаша, мен басқаша, жанымыздағы адамдар басқаша көреді. Бірақ бәріміздің көру қабілетіміз бір. Адамның көзінің энергиясы ғаламат! Бір ғалым айтқан екен «ең болмағанда көзіміздің энергиясын дұрыс пайдаланған болсақ мына жерде тұрған затты көзімізбен көтеріп, келесі жаққа қоя алған болар едік» деп. Ал біз кейде айналамыздағы кереметтерді байқай бермейміз. Сурет салу арқылы адам көзін тынықтырады әрі шынықтырады. Кезінде біздің ата-бабаларымыз отар-отар қойды демде санай алатын болған. Ол мықты математик болғаннан емес, көзінің көру қабілетін дұрыс пайдаланғандықтан. Оның бәрін адам оқу, іздену, күнделікті қолдану арқылы түсінеді.

 

Табиғат аясында салынған сурет әсерлі шығады

Егер спортшы төрт жылда бір рет болатын олимпиадаға дайындалмай, әлі уақыт бар ғой деп жүре беретін болса, оның алтын алатынына сену қиын. Сол сияқты суретші ғана емес, басқа саланың мамандары да күнделікті жаттығып отырмаса, белгілі бір нәтижеге жетуі мүмкін емес. Табиғаттың өзінде тұрып сурет салу, шеберханада отырып салғаннан бөлек. Ол жердегі ойың да, ізденіс те басқаша болады. Табиғат аясында салған сурет әрқашан да бөлек әрі әсерлі шығады. Адам алдымен көзбен көрген нәрсесін дұрыс бейнелей алу керек. Көзбе-көз, табиғат аясында тұрып жұмыс жазуды ұнатамын. Салып тұрған суретіңнің, сол жердегі самал желі сол жердегі ауаның иісі, соның барлығын сезіп тұрып салу – суретші үшін ең үлкен бақыт.

Өздерің ұнататын іспен ғана айналысыңдар

Кез келген мамандықтың иесі болам деген адамға, сол мамандықты игеру барысында ізденуден, еңбектенуден жалықпаңдар деймін. Өздерің ұнатқан дүниемен ғана айналысыңыздар. Бір күнің бір күніңнен жақсы болсын. Жапонияда балалар мектеп бітіргенде 3 миллионға жуық реңді қабылдауға қабілетті болып шығады екен. Бұл дегеніңіз, біздің еліміздегі мықты суретшілердің дәрежесімен пара-пар. Неге тек қана бейнелеу өнерінен ғана осыншама терең білім берді? Ал олардың жаратылыстану саласындағы жетістіктерінің өзі неге тұрады. Бұл дегеніңіз – баланың ойлау қабілетін арттыра отырып, идеяларды іске асыруға мүмкіндік бере білді. Қазір еңкейген қарттан еңбектеген балаға дейін ұялы телефонға үңілетін заманда отырмыз. Өзге елдердің өміріне үңілсең, ұялы телефоны бар, бірақ қолынан кітап түспейді. Өз елімізді дамытамыз десек барынша білімді болуға тырысауымыз керек.

Әңгімелескен –
Гүлім ЕРКІНБЕК

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *