Ең керемет демалыс – ауылда

Қаланың қым-қуыт тіршілігінен бір сәт қашықтап, аз уақытқа болса да таза ауа мен керемет табиғаттың құшағына еніп кеткің-ақ келіп тұрады. Асыр салып туған жердің топырағына аунағанға не жетсін! Жаз шыға салысымен ауылға асығатындардың басым бөлігі – балалар. Біз бүгін оқуларын аяқтап, ата-әжелерінің жанына асығатын кішкентай достарымызды әңгімеге тартып, демалысты не себепті ауылда өткізгілері келетінін сұрадық.

Ақнұр ЕЛНАЗАРҚЫЗЫ: Мен Талғар қаласындағы №7 лицейде оқимын. Туған жерім – Сарыбастау ауылы. Ата-анам ауылда тұрады. Іні-сіңілілерімнен жырақта жүрген соң сағынамын. Сабағым біте салысымен ауылға жолға жиналамын. Біздің ауылдың табиғатын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Әсіресе жайлаудағы күндер қатты ұнайды. Қазақтың нағыз ұлттық тағамдарының бәрі ауылда. Құрт, қымыз, айран, сүт секілді өнімдердің пайдасының қандай екенін мен айтпасам да жақсы білесіздер. «Туған жердің түтіні де ыстық» деген мақал тегін айтылмаса керек. Ең керемет демалыс – ауылда.

Дамир ЖОЛДЫБАЙ: Менің ауылым – Текес ауылы. Мұнда атам мен апам тұрады. Біз ауылға жыл сайын келіп тұрамыз. Өзіме өте қатты ұнайды. Ауылдағы балалармен асық ойнаймын. Жылқы – менің сүйікті жануарым. Атқа мінгенді жақсы көремін. Біздің ауыл таулы аймаққа жатады. Тянь-Шанның ең биік шыңы Хантәңірінің көрінісі тіптен керемет! Қаладағыдай аптап ыстық жоқ. Қоңыр салқын ауа. Таңның атысы мен күннің батысы, нөсерлі жаңбырдан кейінгі кемпірқосақты көрудің әсері керемет. Қалада түрлі ойын-сауық орталықтары, саябақтар, т.б өте көп. Бірақ бәрібір үш ай демалысты ауылда өткізгенге жетпейді!

Ақерке САМАТҚЫЗЫ: Мен биылғы жазғы демалысымды ауылда өткізіп жатырмын. Күнде атам мен әжеме, жеңгеме қолғабыс етемін. Анам мен әкемді сағынғанда қалаға арасында барып келеміз. Кейде олар өздері келеді. Отбасымызбен табиғат аясына демалып келдік. Сондай күшті! Мен атқа мінуге қорқамын. Бірақ әкем мені мінгізіп, өзі бірге ертіп жүрді. Ағамның ұл-қыздарымен ойнаймыз. Жаңа туған қозы-лақтарды жақсы көремін. Оқу жылы басталғанда ауылдан қайтқымыз келмей қалады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *