АРТЫЛҒАН АҚША

Серік ҮСЕНҰЛЫ

Жас достар! Назарларыңа жазушы, «Балдырған» журналыны бас редакторының орынбасары Серік Үсенұлының балаларға арналған екі әңгімесін беріп отырмыз.

 

АРТЫЛҒАН АҚША

– Жүсіп! – деді асүй жақтан анасы.
Шұғыл бір шаруамен шақырғанын үнінен білген Жүсіп жүгіріп барды.
– Базарға барып кел! – деді анасы қалталарын ақтарып жатып. – Нағашы атаңа барып, құлып алып берсін дейді десең, алып береді. Өзің алып қойып жүрме. Нағашы атаң қандай құлыптың жақсы екенін біледі.
Ішкі қалталарының бірінен шиыршықталған бір уыс ақша алып шығып, Жүсіптің қолына ұстатты.
– Ойнап жүріп алмай, тез қайтып кел. Құлып керек болып жатыр! – деді Жүсіп бұрылып, жүгіре жөнелуге ыңғайлана бергенде.
– Мақұл, – деген Жүсіп аяғы-аяғына тимей базарға қарай ұша жөнелді.
Базарға бар десе, қай бала іркіле алған? Өйткені онда бал татыған балмұздақ бар ғой. Көкейін сол тескен Жүсіп те жолда бір сәт аялдамай, сар желген күйі нағашы атасының дүкеніне жетті. Біраз күн көрмей, сағынып қалған атасы емірене қарсы алып, маңдайынан искеген соң, анасының тапсырмасын айтты Жүсіп. Асықпай тыңдап болған нағашы атасы:
– Жақсы, – деді орнынан көтеріле беріп. – Мен барып алып келейін. Сен осында дүкенге қарай тұр. Біреу сұраса қазір келеді де.
Нағашы атасы кеткен соң орнына жайғасып алып, жан-жағына жағалата көз тастай бастады. Базаршылар енді-енді келіп, керек-жарақтарын іздеп жүрген секілді, жүргіншілер қарасы аз көрінді. Есесіне дүкеншілердің бәрі келіп, есіктерін ашып, заттарын сыртқа шығарып тастапты. Қатар-қатар ілінген киім-кешектен ішкі жақ көрінбейді. Үнемі келіп тұратын болғандықтан, танитындар алыстан бас изеп амандасқан болды.
Нағашы атасы көп айланған жоқ. Маңайды бір шолып шыққанша-ақ келіп қойды.
– Міне, – деді қолындағы құлыпты қорабымен Жүсіптің алақанына салып жатып. – Құдай сәтін салғанда, құлып сататын Батырбай орнында екен, шаруа тез бітті.
Артынан қалтасынан артылған ақшаны алып шығып, жиенінің қалтасына салып берді. Осы сәтті күтіп тұрған Жүсіп орындықтан түсіп, кетуге ыңғайлана беріп еді:
– Тоқта. Балмұздақ жейтін ақшаң бар ма? – деді нағашы атасы бөгеп.
– Бар, – деді Жүсіп.
– Қайда?
– Мына… артылған ақша бар ғой, соған алып жей салмайым ба, – деді тықыршып тұрған Жүсіп алақанымен жанқалтасын сыртынан басып.
– Жоқ! Болмайды! – деді осы кезде үні тосын қатайған нағашы атасы жұлып алғандай. – Болмайды. Қайтқан ақшаға тиісуші болма!.. Мә, мен берейін, соған алып же! Артылған ақшаны анаңа толық апаратын бол! Оны рұқсатсыз жұмсауға болмайды! – деді соңынан тағы бір рет қайталап.
Жүсіп үндеген жоқ. Не дерін білмеді. Тек қалтасындағы ақшаға тиісуге болмайтынын ғана шамалады.
Нағашы атасының беретін ақшасы алақанына түсе сала, ол жедел қоштасып, жолына түсті.
Келген соң болған жайды анасына айтып беріп еді, ол жымия басын шайқап, «Әй, асыл әкем! Дүниеде сізден өткен адал адам болмас!» деді күбір етіп. Сосын Жүсіпке бұрылып:
– Сен де нағашы атаң секілді адал адам бол! Үлкендер рұқсат етпеген нәрсеге ешқашан тиіспе! – деді басынан сипап.
Жүсіп сонда барып іс мәнісін терең түсінгендей болды.

ҚҰБЫР

Күз күндерінің бірі. Аспан бұлтты. Анда-санда себезгіліп алып басылады. Әзірге айығатын түрі жоқ.
Еділ мен Еміл үйде. Демалыс болғанымен сыртқа шығуға тиым салынған. Себебі – жаңбыр. Жер лайсаң, ойнайтын орын жоқ. Мұндайда басқа балалар да сыртқа шықпайды. Қамалып үйде отырады.
Екеуі күндегісіндей ерте оянған. Қазір екінші қабаттағы ортақ бөлмелерінде өздеріне тиесілі жұмыспен айналысуда. Бір-екі сағат ғаламтор ойындарын ойнап еді, одан енді жалыға бастады. Тіпті, кішкене Еміл орнынан бағана-ақ тұрып кетіпті.
– Аға, ананы қара… – деді бір кезде терезе жақтан айғайлап.
– Ол не? – деп жалт бұрылды Еділ елең етіп. Емілдің үні назар аудармасына қоймастай еді.
– Әне, қарашы анаған… алма – деді аулаға қараған артқы терезеге тақау тұрған Еміл одан сайын жақындап.
Орнынан жай тұрып келіп:
– Қане… – деп немқұрайлы қараған Еділ қол созым жерде тұрған қып-қызыл қос алманы көргенде көзі жанып кетті.
– Қандай әдемі, ә? – деді қызығып. – Өздері тіпті үлкен екен.
– Иә. Екеу, – деді Еміл тағатсыздана тамсанып.
– Қалай алдық оны енді?
– Рас, ә… қалай аламыз?
Қос алма күтпеген олжа еді. Күздік жиын-терім аяқталғалы біраз күн болған. Жапырақтардың арасына жасырынып мына екеуі қалып қойыпты. Ойламаған жерден көзге түсіп, онсыз да зерігіп отырған балаларға жақсы ермек табылды.
– Қалай алдық? – деді Еділ қатты ойланып.
Іске шынымен-ақ кіріскені анық байқалды. Ағасының бір амал табатынынан үміттенген Еміл де оның соңынан қалмай айналсоқтап жүр.
– Қалай аламыз, аға, а… қалай аламыз? – деп қояды анда-санда.
– Соны өзім де білмей тұрмын! – деді Еділ желкесін қасып. – Таптым! – деді ол ізінше орнынан секіріп кетіп. – Таптым…
– Не істейміз, аға? – деді Еміл түкке түсінбесе де ағасының бетіне күлімдей қарап.
– Былай істейміз, – деді ағасы іле оған бұрылып. – Жүр! – деді артынша бұйрық беріп. – Менің артымнан ер!
Екеуі жүгіріп астыңғы қабатқа түсті. Құдай оңдағанда ешкім жоқ екен. Тіке барып асүйге кірді. Онда да адам көрінбеді. Мұздатқыштың артында, бұрышта тұрған кернейдей ұзын ақ құбырды алып шықты. Оны асүйдің бітеле беретін су құбырын ауыстыруға кеше әкеп қойған болатын. Әлі орнында екен. Екеуі екі басынан көтеріп, үстіге алып шықты. Терезені ашып, құбырды сыртқа шығарып көріп еді, керек жерге жетердей ұзын екен. Біреуі ортан белінен, екіншісі келесі басынан ұстап, алмаға қарай жақындатты. Артынан аузын жеміске кигізіп алып, жоғары-төмен қозғап қалып еді, сол сәт сабағынан үзілген алмалар, құбыр ішімен бері қарай сырғи жөнелді. Сол күйі ағып келіп, аяқтарының астына топ ете қалды.
Қуанып кеткен Еміл тұра жүгірмек болып ыңғайланып еді:
– Тоқта! – деді Еділ оны бөгеп. – Асықпа. Алдымен мынаны апарып орнына қоймаймыз ба? Әкем көрсе ұрсады ғой.
– Рас, ә, – деді Еміл өзінің шамалы асығып кеткенін сонда барып аңдап, ыңғайсызданып. – Кеттік, – деді сосын құшағындағы құбырды қайта көтеріп.

ПІКІР ЖАЗУ