БАЛАЛЫҚ ШАҚ

Балалық шағы –
Патшаның тағы –
Тіл жетпес оны бағалап.
Көп өтпей жыл,
Тек жүрмей, біл
Ілгері күнді сағалап.
Үйрен білім жастықта,
Білмей өс жанға қастық та!

Білімге көңіл
Жоқ үйден түңіл –
Ерікке қоймай ентелеп:
Қайтпас уақыт,
Қал дәмін татып,
Босқа өткізбе, еркелеп!
Жастық деген – бағасыз,
Қадірін білмес санасыз.

Жастық – алтын,
Құрып қал салтын,
Салты оның – үйрену!
Өнер қуып,
Бел бекем буып,
Надандықтан жирену.
Тұрма, қарғам, ұмтыл!
Аты өшкірден құтыл!

«Білімсіз – есек,
Опасыз» десек,
Сөйлеп, күліп жүрсе де:
Өлікпен тең,
Ит-құсқа жем,
Тірі боп ғұмыр сүрсе де!
Сондай болма, қарағым,
Даяр болсын жарағың!

Білген жан – көсем!
Сөйлесе – шешен.
Жұртты аузына қаратар!
Істегені – өрнек,
Қор қылмас ермек,
Нәрсені іске жаратар.
Білімдінің сөзі – ем,
Мейірімі көп, өзі – кең!

Жұртына ол мақтаулы,
Сыбаға үлкен сақтаулы,
«Пәле!» деп қарсы алар;
Іс қылар тежеп,
Жас жүрек өжет
Бет келгенді арс алар.
Қайда барса сыйымды,
Білімі мол – бұйымды!

Мағжан Жұмабаев

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *