Жасымда ғылым бар деп ескермедім

Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұра тексермедім.
Ержеткен соң түспеді уысыма,
Қолымды мезгілінен кеш сермедім.
Бұл махрұм қалмағыма кім жазалы,
Қолымды дөп сермесем, өстер ме едім?
Адамның бір қызығы — бала деген,
Баланы оқытуды жек көрмедім.
Баламды медресеге біл деп бердім,
Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім.
Өзім де басқа шауып, төске өрледім,
Қазақта қара сөзге дес бермедім.
Еңбегіңді білерлік еш адам жоқ,
Түбінде тыныш жүргенді теріс көрмедім.

Жасымда ғылым бар деп ескермедім — Абайдың 1885 жылы жазған өлеңі. Өлеңнің басты идеясы — жастарды білім, ғылымға үндеу. Ақын ел ағасы ретінде жастарға оқып, білім алыңдар деген құрғақ үгіт айтпайды. Жасында ғылым қажет екенін ескермей, ер жеткен соң қолын кеш сермеп, одан махрұм қалғанын өз басының айықпас қасіреті ретінде өкінішті сыр етіп шертеді. Бірақ бұл жерде Абайдың өзегін өртеп отырған әйтеуір қатардан қалмай, сауат ашу емес. Өз замандастарынан оқуының да көбірек, білімінің де жоғарырақ екенін ақын жақсы біледі. Бұл білімге оның көңілі толмайды. Оның аңсайтыны — нағыз зерделі де терең ғылым жолы, өзі мейірі қанып сусындай алмаған шығыс ғұламаларының еңбектері, кештеу болса да дәмін татып қалған орыс, батыс классиктерінің шығармалары, қазақ елінен гөрі дамудың неғұрлым жоғары сатысында тұрған елдердің ғылымы. «Мен оған қол жеткізуден кеттім, ендігі кезек сендердікі» -дейді жас ұрпаққа. Осы тұста ақын нағыз кемеңгерлік танытып, өмір кілті саналатын сол білім, ғылымның бағдарламалық бағытын, оқитын жастың алдындағы мақсат-міндетін анықтап береді. Аз оқумен-ақ: «Өзім де басқа шауып, төске өрледім, Қазақта қара сөзге дес бермедім…, ендеше балаларымды үлкен қалаларда оқытқандағы ойым не?» — деген сұраққа айтар жауабы айқын. Ақын: «Баламды медресеге біл деп бердім, Шен алсын, шекпен алсын деп бермедім…» — деген жолдар арқылы білімді адамның борышы шен — шекпен емес, туған халқына қызмет ету деген үлкен ордалы ой тастайды. Сөйтіп өз басының кемшілігін, орны толмас өкінішін әлеуметтік деңгейге көтеріп, саналы ұрпаққа сара жол сілтейді. Өлең алғаш рет 1909 ж. Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұлының өлеңі» деген жинақта жарияланған. Қарақалпақ, орыс, ұйғыр т.б. тілдеріне аударылған. Ақынның бұл өлеңіне композитор Н.Тілендиев романс жазған.
Қазақ энциклопедиясы

ПІКІР ЖАЗУ