Башқұрттар

Түркі тілдес халықтардың бірі — башқұрттар. «Башқұрт» сөзі түрікше «бас бөрі» дегенді білдіреді. Башқұртстан бүгінде Ресей Федерациясының құрамында. Астанасы — Уфа қаласы. Қазақстан Республикасының солтүстік-батыс тарапында орналасқан. Башқұртстанда 1 млн. аса башқұрт тұрады. Сонымен қатар Ресейдің Челябі, Қорған, Орынбор, Саратов, Пермь, Свердлов облыстарында, Қазақстан мен Орта Азияда 1млн. 500 мың башқұрт өмір сүруде. Бұл халық түркі тілінің қыпшақ бұтағына жататын башқұрт тілінде сөйлейді. Қазақтармен өте жақын, туыс халық. Башқұртстанда басқа халықтардан орыс, татар, чуваш, мари, мордва, удмурттар тұрады.
Жерінің басым бөлігі қара топырақты. 35 пайызы орман, қалған бөлігі орманды дала. Башқұртстанның өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы жан-жақты дамыған. Өнеркәсібіндегі басты сала — мұнай өндіру мен өңдеу. Мұнай кәсіпорындары негізінен Уфа, Ишимбай, Салауат қалаларында орналасқан.
Егіншілік пен мал шаруашылығы жақсы дамыған өлке. Негізгі сала — егіншілік. Башқұртстан — бал өнімдерімен атағы шыққан ел. Мал шаруашылығында сиыр мен қой өсіру жақсы жолға қойылған. Қымыз бен ет бағытында жылқы өсіреді.
Башқұртстан мәдениеті дәстүрлі мәдениет арнасында қалыптасқан. Ежелден іргесі ажырамаған тұрмысында, тілінде, салт-санасында ұқсастықтар көп қазақ пен башқұрт туысқан халықтар болғандықтан, Алтын Орда, Ноғай ордасы кезеңдерінен қалған батырлар мен билер туралы көптеген жыр-дастандар екі халыққа ортақ.
Қобайыр деген қазақтың толғауына жақын жанр ауыз әдебиетінде жақсы дамыған. Терме жанры да жақсы жетілген. «Салауат», «Орал» сияқты тарихи жырлары ауызша айтылып, кітап болып жарық көруде.
Уфадағы әйгілі Ғалия медресесінің салынуына қалталы қазақ байларының да көмегі тигені белгілі. Бұл медреседе Мағжан Жұмабаев пен Бейімбет Майлиндей қазақ зиялылары білім алған, оқыған. Олар башқұрт ақыны Сейфи Құдаш пен татар жазушысы Ғалымжан Ибрагимовпен шығармашылық, достық байланыста болған.
Ұлттық тағамдары да қазақ халқының ұлттық тағамдарына ұқсайды. Айран, құрт, ірімшік, қаймақ, қымыз. Бишбармақ, салма, құлдама, үлеш, чурпаря деген тағам түрлері бар.
Кең тараған музыкалық аспаптарына қазақтың сыбызғысына ұқсас қурай, шаңқобызына ұқсас қобыз, варган, домра жатады.
Тілі мен мәдениеті, қоршаған ортасы татарларға жақын болғанымен, ұлттық тұрмыс-тіршілігі, бет-бейнесі, салт-дәстүрінде қазақ халқына ұқсастық басым.

Саят Қамшыгер

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *